Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қоныс той иелерін арнайы құттықтай барған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, жаңа пәтер иелеріні ізгі тілегін білдіріп, кілт табыстау іс-шарасына қатысты.
Ресми дерекке жүгінсек, жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмысы өткен жылы басталған. Бас мердігер «Бином» ЖШС қолға алған жұмыс осы жылы аяқталып, 5 қабатты тұрғын үй иелерін тапты.
«Біз пәтер кезегінде тұрған азаматтар санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтып жатырмыз. Аудан тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында аудан басшысына нақты міндеттер жүктелген. Жаңа пәтердің босағасын аттаған әрбір отбасын шын жүректен құттықтаймын», деді облыс басшысы іс-шарада сөйлеген сөзінде.
Жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасы аз емес. Солардың бірі Роза Керімбаева бүгін баспанаға ие болып, қуанышымен бөлісті.
«Ұзақ жыл күткен арманымыз орындалды. Сол үшін де билік басындағы азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Әрбір отбасында осындай қуаныш болсын. Жаңа пәтер алуымызға мұрындық болған азаматтардың бәріне алғысым шексіз», дейді ол.