«Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар» деп Ахмет Байтұрсынұлының бұдан ғасыр бұрын айтқан сөзі бар.
Абайдың кей өлеңдерін жатқа білмейтін қазақ кездескенімен, «Көзімнің қарасы» деген әнін білмейтіні жоқ. Ел жатқа білетін осынау әуенді өлеңнің бірінші жолынан ауызға түсер сөзді қалай түсіндік? «Көзімнің қарасы» деген сөздің сол өлеңдегі, сол шумақтағы мағынасын өлең мәдениетіндегі орнын дұрыс ұғына алдық па?
Бір әңгіме кезегінде Тұрсын Жұртбайдан осы өлеңнің орыс тіліне қалай аударылғанын сұрағаным бар.
Мария Петровых:
«Ты – зрячок глаз моих,
Пламень душ золотых», – деп аударған екен. Яғни «Сен менің көзімнің қарашығысың» деген балама. Осы ағаттық Абай өлеңін қытай тіліне аударғанда да қайталанды:
Бұл «Көзімнің қарашығы – көңілімнің шамшырағы» деген мағына береді.
(Абай Құнанбаев. Таңдамалы шығармалары. 1-басылым (Қабай аудармасы). Бейжің: Ұлттар баспасы, 1992. – 149-б.). Дұрыс сияқты ма? Жоқ, дұрыс емес. Аудармамен қазақ ақындары таныс екені анық.
Абай бұл жерде «Көзімнің қарасы» деп көздің – қарашығын айтқан жоқ еді. Көз жанарынан құштарлық нұрын төгілте түскенін, ғашығын көз шуағына шомылта қарағанын айтып еді.
Біртуар ақын «Көзімнің қарасы» деп, көздің қарақаттай мөлдір қаралығын жазғаны жоқ еді. Сұлулыққа құмар, махаббатқа құлар жігіттің жан-тәніндегі ыстық жалынды жанарына жинап, жүрек талпынысын сездіре қарағанын жазып еді.
Абай «Көзімнің қарасы» деп, жарық әлемді өзіне сыйдырар тарыдай ғана көз қарашығын айтпады. Жігіттің жан дертін жанарынан шығара, ғашығына ұмсынған аяулы көзқарасын (қарауын) айтып еді.
Ақын «Көзімнің қарасында» лирикалық «меннің» қызға бір қарай қалғандағы сыртқы бейнесі – тыныш қалыпта көз суарған іңкәр суретті бейнемен салды. Мұнда ақын «менінің» ғашығына қараған көзінің көңіл санасымен тұтасып жатқан құбылысын өзгеше шебер суреттеді. Осы жырды тұтас оқығанда біздің суретші санамызда ғашықтықтан жаралы болған жүректің, ынтызарлыққа күпті көңілдің, сағынған сананың сипатын жинап ғашығына қарай қалған «меннің» жанары сипаттала түседі.
«Көзімнің қарасы» – көздің қарашығы емес. Ондағы айтылғаны зат емес, қимыл. «Айжанның ән шырқасы бөлекше шабытта», «Қаратөбелдің аяқ тастасы арынды» деген сөйлемдердегі «шырқасы», «тастасыға» ұқсас «қарасы» да қимылдан туындаған сөз.
Біріншіден, қазақта «көзімнің қарашығы», «көзімнің қарашығындай» деген сөздер бар. Ол теңеулер мағынасында аяулылықты, қамқорлықты, аса мұқияттықты меңзейді. Біз ақынды көздің қарасын көздің қарашығы мағынасымен алып, «көңілінің санасын» көздің қарашығындай аяулы сезінді дейік. Онда, осы шумақтың кейінгі екі жолын қай сөзімен қиыстырамыз, қисын қайда? «Көңілінің санасын» (бұл жерде «сана» іңкәр сағыныш деген мағынада болар) «Көзімнің қарашығындай аяулы еді», деп бір кетіп, оның үстіне «бітпейтін жара еді» деп тағы киліктіре ме? Немесе, Абай «қарашығы» десе өлеңдік буыннан асып кетіп, ырғаққа түспейтін болған соң, екінші жағынан «санасы» мен «жарасына» ұйқастыру үшін «қарашығы» дегенді «қарасы» деп ала салды демексің бе?
Жоқ, мүлде олай емес. Бұл өлең жазылған тұста (1891) ақындық шеберлігі кемеліне келіп, тіл өнерінің өлең сөз болмысының көңіл мен қимыл келісімінің табиғатын теориялық жағынан да әбден меңгерген Абай ауылдың өлеңшілеріндей ұйқас қумаса керек.
Екіншіден, осы өлеңнің «көзімнің қарасы, көңілімнің санасы» деп басталуы тегін емес. Ол тұтас өлеңдегі іңкәрлікті ішке тартып, ондағы әрбір сөз бен қимылды ұяңдыққа, әдепке, көзбен ғана оқитын биязы лепке мөлдіретіп, дірілдетіп, ұйытып тұрады.
Егер «көңіліңізде алаң басылған» (Абай) шабытты бір сәттеріңізге осы өлеңді ішкі жұмсақ, жылы лебіне кенеле оқысаңыз, не мамырлатып әнге салсаңыз өлеңдегі үнсіз қарайлаған қос жанар – ынтызарлыққа толы жігіт «көзінің қарасы» шығарманың өн бойынан көз тартады.
Мысалы:
«Көзімнің қарасы
Көңілімнің санасы» (1-шумақта);
«Тереңдеп қарайсың,
Телміріп тұрмайсың» (5-шумақта);
«Қарасаң жан тоймас» (10-шумақта);
«Қалқамның нұсқасын
Көр, көзім, бір кенел» (12-шумақта);
«Боламын көрсем мәз» (13-шумақта);
«Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған» (15-шумақта);
«Өртенген жүрекке
Бір көрген болар сеп» (18-шумақта).
«Байқап қарасаң» өлеңнің тұтас желісін «меннің» қызға қараумен септеп келе жатқанын сезесің. «Іштегі ғашықтық жарасы бітпей», «көңіл санасы» ғашығына қарата береді. «Көрген сайын бойы еріп», «сүйегі балқып», «жанары тоймай» қарайды. Ғашықтық мастығымен арпалысқан сабырлы жігіт. «Өртенген жүрегіне бір көргені де сеп болып» «көңілі кенеліп» сабырын ұстанады.
Енді осы өлеңді зердеге салып, суретке бөліп, таратып оқысаңыз қызды «меннің» әр «қарауы» мен «көруінің» арасы қыз бейнесін сүйіне нұсқалаумен, қыз мінезін табына сипаттаумен толады. Сырттай зер салудан, үнсіз көңіл құлатудан туған тұңғиық өлең жігіт жүрегіндегі ғашықтық арпалысын іштей тындыра келе ең соңғы жолдарында да:
«Құдай-ау, бұл көңілім
Күн бар ма бір тынар?», деп өз-өзін тыныштыққа, сабырға шақырып, үнсіз қалдырады. Сіз осы сәтте Абайдың «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, іштен біл», деп басталатын тағы бір өлеңін еске алыңыз. Онда да үнсіздік, тілсіз сезім, көзбен қарауы мен көруінен ғана бейнеленетін ішкі ғажайып құбылыс меңзеледі.
Үшінші, «көзімнің қарасы» деген тіркестің біз айтып отырған мағынасын айқындауға осы бейнеден туған «көзқарас» деген көмескі пәлсапалық ұғымды да дәйекке тартуға жарайды. «Ол қандай көзқараста?», «өзіндік көзқарасың болсын!» деген сөйлемдегі «көзқарас» пен Абайдың «Көзімнің қарасын» ептеп жанастыруға болады. М.Әуезов «Көзімнің қарасын» Абайдың шын мәніндегі Еуропалық лирикалық деңгейдегі мәдениеті биік шығармаларынан тыс қалдырып, бұл өлеңді ақынның «шығыстық» үлгідегі шығармаларының қатарына жатқызған еді. М.Мырзахметұлы М.Әуезовтің осы пікіріне сөз жалғап: «Көзімнің қарасы» өлеңінде ғашықтық сезімді «Алланың рахметі» деп тануы немесе қыз бойындағы көз тұндырар сұлулықты «көрік – тәңірі дәулеті» деп ұғынудың арғы төркіні шығыс классиктері жырлаған ғазелдерден ауысқан белгі ретінде елес береді», дейді («Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары», 181-бет).
«Көзімнің қарасында» өлеңнің тұтас тұлғасы «меннің» ішкі сезіміне құрылатынын бағана «қарауына» байлай баяндап едік. Өлеңде біз ешкімнің де айқайлаған дауысын естігеніміз жоқ. Бәрі де «меннің» көкейінде арпаласып жатқан арман, лапылдаған ынтызарлық. Соның бәрі де сыртқа шықпаған бойда тынып қалып отырады.
Француз Анри Бергсонның сөзімен айтқанда, «Сана шығармаларындағы бізді қызықтырып, өзіне тартатыны – сыртқы дүниеден қолға түспейтін қандай бір түрлі терең тынысты көңіл күй немесе ішкі жан дүниенің тартысы болмақ» (Бергсон 1857–1941 жылдары жасаған. 1928 жылы Нобель сыйлығын алған, әдебиеттегі модерн ағымының көшбасшыларының бірі).
«Көзімнің қарасы» деген өлеңнің бірінші жолын жаңсақ ұғынуға не себеп болды дегенге жауап іздейік. Өлеңнің бірінші жолы ол – талайдан сөзге айналмай, көкейде шайқалған сұрапыл шабыттың бастау сөзі. Ол белгісіздіктегі сезімдердің жырға құйылар сәттегі алғашқы тамшысы – серке сөзі. Көңіл тоқтатпай жеңіл аттап өтетін табалдырық емес.
Абай шығармалары ойға жеңіл болған емес. Абай «жеңілдік» туралы айтты, онда тек тілге жеңіл болуын ғана дәріптеді. Абай шығармаларының оңай жатталып қалатыны сол «тілге жеңіл» келгенінен; Көрер көзге оңай жазылғандай өз-өзінен қиысып, ұйқасып тұрғандай болғанынан. Негізі ол – ақындық шеберліктің шыңы. Көп адамның Абайды жаттап алып, шығарманың шын мәніндегі қасиетіне жетпей жүретіні, түсінбей жүргенін өздері де байқамайтыны абай өлеңдеріндегі тілге жеңілдіктің қасиеті.
Біз сөз етіп отырған «Көзімнің қарасы» өлеңінің бірінші шумағындағы тыныс белгі Абай шығармалары қаншама қайта басылғанда да дұрыстап қойылмаған. Бұл да Абай шығармаларын зерттеушілердің осы сөздің мәнін дәп баспағанынан немесе Абай шығармаларына ден қоюымыздың жеткіліксіздігінен.
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді іштегі
Ғашықтық жарасы. Алдыңғы екі жолдың соңына қойылған үтірлер екі жолды бір-біріне қиыстырмай, жарыстырып, қатар жіберген. Содан да бір шумақтағы төрт жол қисын таппай, дәл мағынасынан шеттеп тұр. Өлеңнің дәл мағынасын түсінуге ол да кесірін тигізген.
Заты, осы шумақтың соңғы үш тармағы да алдыңғы жолдың (бейнесін) мәнін аша, айқындай түсудің қамында. Ендеше, біз тыныс белгіні былайша қояр едік:
«Көзімнің қарасы –
көңілімнің санасы:
бітпейді іштегі
ғашықтық жарасы».
Әрине, Абай өлеңдері – әр оқушының, не зертеушінің «Мен білеміне» келе бермейтін, талдауға таусылмас қазына.
* * *
1990 жылы Мексика ақыны Октавио Пас Нобель сыйлығын алған Швециядағы салтанатта мына бір өлеңін оқыды:
Мен көру мен тіл қатудың,
Тіл қату мен үнсіздіктің,
Үнсіздік пен қиялымның
Қиялым мен ұмытудың арасында... (қытайшасынан сөзбе-сөз аударылды).
Өлеңнің монологі сияқтанған осынау бір шумақты бүгінгі дүние әдебиетінің тынысы дегенге дау болмас. Абайдың «Көзімнің қарасының» тұтас қасиеті Пастың осы өлеңіндегі ойларға арғы ғасырдан келіп тұтасып, жарыса кеткендей.
Сіз ерінбей Пастың осы бір шумағы мен «Көзімнің қарасының» бірінші шумағын қатар қойып көріңізші. Екеуі екі ғасырда, екі заманда жазылғанына қарамастан, бір кісінің шығармасындай, бір деңгейлі сезімнің тізгінін ұстап қатар көсілген шумақтар. Пастың шумағында өлең өзін «көрудің, тіл қатудың, үнсіздіктің, қиялдың, ұмытудың арасындамын», деп ишарат етеді. Ал «Көзімнің қарасында» өлең қараудың, көрудің, қиялдың тіл қатуға жетпеген тұсынан ойға ұсталады.
Өлеңдегі сыртқы пішінді болмаса, ой мен сезімді «батысша» мен «шығысшаға» бөлу бірер мақаланың қарымы көтерер жүк емес. Бұл жерде көңілге қиғаш келгені «шығысшаны» «батысшадан» төмен деңгейде қалдырып, «Көзімнің қарасын» шығысшаға қосқан жай.
«Абай жырды құрметтеп,
ырза етейін дегенде,
Жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.
Фрак жапты жырға асыл,
жырласа сол жырласын.
Өзі киген күпіні кигізген жоқ өлеңге…»
Жұмекен ғой. «Күллі әлемдік деңгейде» дей ме? Дәл солай!
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,
ақын, қоғам қайраткері