Тарихы 2002 жылдан басталатын «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) туралы сөз болғанда, көп жағдайда тауар айналымы ғана сөз болады. Ал оның отандық өндіріс пен қызметті дамытуға қажетті сыртқы инвестицияны тартудағы әлеуетін кім қалай пайдаланып жатқаны назардын тыс қалып жатады, деп жазады Egemen.kz.
Өкінішке қарай әлі күнге дейін «Қорғас» ХШЫО» АЭА жеңілдігін пайдаланып, жаңа өндіріс орнын ашқан немесе Қытай нарығына экспортталатын өнім түрлері мен олардың көлемін айтарлықтай ұлғайта алған кәсіпорындар туралы мәлімет өте аз.
Орталықтың Қазақстан жағында әзірге жеке көрме орталығы жоқ. Сол себепті Қытай жағындағы Қытай-қазақ халықаралық көрме орталығында жыл сайын бір емес, бірнеше көрме ұйымдастырылып келе жатқанымен оның нәтижесі қазақстандық бұқаралық ақпарт құралдарында тұрақты түрде жазылып, айтылып, көрсетіліп жатқан жоқ. Сол себепті кәсіпкерлер арасында да бұл шараға қызығушылық танытып жүргендер аса көп емес. Есесіне қарапайым халық арасында «Қорғас» ХШЫО туралы жеке тұтыну үшін Қытай жағынан 25 келіге дейін тауарды тегін алып өтуге болатыны ғана насихаталуда. Сондықтан Қытайдың Еуразия бойынша Синьцзян халықаралық көрмелер компаниясы мен ҚР Туризм индустриясының ұлттық қауымдастығының ұйымдастыруымен шілде айының 4-6 күндері «Орталық Азия тартымдылығы: Қорғас – бизнес үшін платформа» деген ұранмен «ЭКСПО: Орталық Азия тауарлары және сауда» деген көрме өткенін көп адам білген жоқ.
Қазақстанда жарнамасы аз болғанымен бұл көрмеге Қытай үкіметі ерекше мән беріп отыр. Оны «Синьцзян өнімдері – оңтүстікке, Гуандун өнімдері – солтүстікке» деген сияқты тақырыптық көрме аймақтарынан да ғана емес олардың аясында өткен ақпараттық жиындардан да аңғаруға болады. Өйткені жер көлемі жағынан әлемде алғашқы ондықта тұрған қос мемлекетте де аймақтардың бір-бірімен өзара сауда-саттығы толық реттелмеген. Қайда, қандай өнімдер өндіріліп жатыр, өндіріс орындарының әлеуеті қандай деген сауалға қатысты статистикалық, ақпараттық, талдамалық және танымдық материалдар жеткілікті деңгейде бір жүйеге жинақталмаған. Сол себепті Аньхой, Ганьсу, Гуандун, Гуйчжоу, Шаньдун, Шаньси, Шэньси, Хэбэй, Хэнань, Хубэй, Чжэцзян, Сычуань, Тяньцзинь, Цзянси, Цзянсу, Юньнань, Фуцзянь провинциялары мен ішкі Моңғолиядан және Синьцзян, Тяньцзинь өлкесі мен Шанхай, Гонконг қалаларынан келген 500 компанияның көпшілігі өз өнімін саудалайтын жаңа нарықтарға көбірек көңіл аударды. Тоқыма өнеркәсібі, ауылшаруашылық өнімдері, азық-түлік өнімдері, күнделікті тұтынатын тауарлар, машиналар мен электромеханикалық бұйымдар, көліктер мен олардың қосалқы бөлшектері, болат конструкциялар, логистика және туризм сияқты сан алуан саладағы өндіріс орындары оны Орталық Азияда кеңейтуге емес, іскерлік байланысты қалыптастыруға тырысты.
«Бұл көрмеде Орталық Азия елдерінің ішінен тек Қазақстан ғана жеке павильонмен қатысты. Соның нәтижесінде иіссу, бие мен түйе сүтінен жасалған құрғақ саумал, балмұздақ, сыр сияқты өнімдер жасайтын отандық 4 ірі компания бір емес бірнеше инвестор мен серіктестер тауып, алдағы уақытта арнайы келісімшарт жасауға уағдаласып қайтты. Орталық Азия елдерімен арадағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырушылар енді бұл шараны дәстүрге айналдырып, алдағы күзде қайта жалғастырғалы отыр», – дейді ҚР Туризм индустриясы ұлттық қауымдастығының президенті Раушан Шәмілқызы.
Оның айтуынша, бұл көрмеге Орталық Азия елдерінен бөлек, Азиядағы Ауғанстан, Иран, Египет сияқты тағы басқа да елдер зор қызығушылық танытуда. Олардың кейбірі бұл шараға ұйымдастыру шараларының қысқа мерзімде жүргізгеніне қарамастан өз уәкілдерін жіберген. Сол себепті алдағы күзде өтетін көрме бұдан да ауқымды және қатысушылары әралуан болады деп жоспарлануда. Мәселен, бұл шараға Шэньси провинциясындағы Сиан халықаралық портты ауданы ешкі сүті, құрғақ ешкі сүті мен ешкі сүтінен жасалған таблеткаларды; Гуйчжоу провинциясы картоп сүтін, картоп сусынын; Чжэцзян провинциясы тұрмыстық және өндірістік су тазартқыштар сияқты бірегей өнімдерін ұсынды.
Енді біреулері элетр қуаттағыштарды, роботтарды, түрлі саладағы көліктерді, әрқилы өнімдер дайындайтын заманауи құрал-жабдықтарды таныстырды.