2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы Қазақстанның мәдениет саласы үшін жемісті болды. Атап айтсақ, музей саласының дамуымен, халықаралық көрмелер және мәдениет әлеміндегі маңызды оқиға – Бейжің қаласындағы Қазақстанның Мәдениет орталығының ашылуымен есте қалды, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінде Қазақстанда 270-тен астам музей жұмыс істейді. Олар еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтап, жұртшылыққа таныстыратын маңызды орталық саналады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында музейлер 817 іс-шара өткізді. Оның ішінде:
- 28 халықаралық жоба,- 154 республикалық деңгейдегі іс-шара,- 45 білім беру семинары.
Музейлер түрлі дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік сабақтары мен дәрістер өткізетін алаңға айналып, кәсіби біліктілікті арттыру мен жаңа аудиторияны тартуға бағытталады.
Осы саладағы басты оқиғалардың бірі – екі жетекші мекемеге «Ұлттық музей» мәртебесі берілді. Бұл атаққа ҚР Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен ҚР Орталық мемлекеттік музейі ие болды.
Сонымен қатар, Астанада өткен Қазақстан музейлерінің ІІІ Конгресі мәдени мұраны сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру мәселелерін талқылайтын маңызды пікірталас алаңына айналды.
Қазақстандық музейлер ірі мәдени бастамаларды ұйымдастырушы әрі қатысушы ретінде белсенді жұмыс жүргізуде. Атап айтсақ, Ә.Қастеев музейінде «Тұран таулары» атты халықаралық көрме-симпозиум өтті. ҚР Ұлттық музейі «Ұлттық құндылықтар: салттың сырлы бейнесі» атты республикалық байқау ұйымдастырды. «Мәдени диалог: Қазақстан – Ресей» атты халықаралық дөңгелек үстел гуманитарлық байланысты нығайту алаңына айналды. ТҮРКСОЙ ұйымымен ынтымақтастық аясында Алматыда «Ұлы Даланың ұлттық дәстүрлері» атты ІІІ Халықаралық ғылыми форум өтті.
2025 жылы Қытай өнеріне ерекше назар аударылды. ҚР Ұлттық музейінде «Қытай өнерінің ой-мақсаттары» атты Қытай ұлттық өнер музейінің жауһарлары қойылған көрме ұйымдастырылып, «Жібек және Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға» атты Қытай туризм жылы аясындағы жоба өтті.
Мәдениет саласындағы тағы бір жетістік – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында жүзеге асқан Бейжіңдегі Қазақстанның Мәдениет орталығының ресми ашылуы. Орталық 2025 жылғы маусымда тіркеліп, Қазақстанның шетелдегі алғашқы мәдени өкілдігіне айналды.
Орталықта кітапхана, көрме және конференц-залдар, шығармашылық, қолөнер және қазақ тілін үйренуге арналған үйірмелер бар. Орталық Қытай аудиториясына арналған көрмелер, концерттер, фильм көрсетілімдері, фестивальдер мен дәрістер өтетін мәдени диалог алаңына айналмақ.
Министрлік Астанада Қытайдың Мәдениет орталығын ашу мәселесін де қарастырып жатыр. Бұл өзара мәдени алмасудың және стратегиялық серіктестікті нығайтуға сеп болары анық.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы Қазақстан мәдениетінің ел ішінде де, халықаралық деңгейде де қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Халықаралық әріптестік кеңейіп, музей тәжірибелері жаңарып, мәдени дипломатия сыртқы саясаттың маңызды құралына айналып жатыр.