Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Алатау қаласында байланыс сапасын жақсарту және интернет қолжетімділігін арттыру мақсатында жұмыс сапарын өткізді. Сапар барысында 5G желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылып, өңірдің телекоммуникациялық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жол картасына қол қойылды, деп жазады Egemen.kz.
Комитет өкілдері Алатау қаласы әкімдігі және байланыс операторларымен бірлесіп «Заречный» және «Жетіген» шағын аудандарында, сондай-ақ «Алматы–Қонаев» автожолында болды. Негізгі назар тұрақты сигналды қамтамасыз ету мен қала маңы және шалғай аймақтардағы байланыс сапасын арттыруға бағытталды.
Сапар аясында «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының бесінші буын (5G) желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылды. Бұл инфрақұрылым желінің өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, тұрғындарға жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша Алатау қаласы әкімдігінде телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған кеңес өтті. Кездесуде 5G желілерін кеңейту, мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үй массивтерін жоғары сапалы байланыспен қамтамасыз ету және өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру жоспарлары қаралды.
Білім беру саласына ерекше назар аударылды — жыл соңына дейін Алатау қаласындағы барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетке қосылмақ.
Жиын қорытындысында 2025–2027 жылдарға арналған Алатау қаласын сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына қол қойылды. Құжат аясында байланыс желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, жаңа инфрақұрылым салу және әлеуметтік нысандарды интернетке қосу жұмыстары көзделген.