• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Азық-түлікке қанша жұмсайсыз?

10 рет
көрсетілді

Неміс әлеуметтанушысы әрі статист-ғалым Эрнст Энгель бір отбасы жеке табысының 30-35 пайызын азық-түлікке жұмсаса – ол қалыпты отбасы, 50 пайыз шамасында болса – жағдайы төмен, 55 пайыздан жоғары болса – кедейлік деңгейінде өмір сүріп жатыр деп пайымдаған. Ал біздің ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, ел азаматтары азық-түлікке табысының жартысынан көбін жұмсайтын болып шықты.

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, бұл тұста азаматтардың өздерін ғана кінәлауға болмайды. Мысалы, Түркістанда, Шымкентте орташа жалақы 130-140 мың теңге болса, орталық өңірлерде немесе Астанада азаматтар шамамен 300-400 мың теңгеге өмір сүріп жатыр. Бірақ еліміз бойынша азық-түлік пен коммуналдық шығындардың орташа мөлшері шамамен бірдей.

«Кейде адам өз мүмкіндігінен тыс нәрсеге ұмтылады: біреуден қалмау үшін, біреуге еліктеу үшін артық шығынға барады. Соның ішінде той шығындары, сән-салтанат, әлдеңелер бойынша бәсекелесу – осылардың барлығы қосылып, негізгі табыстың 50%-ы білінбей 60-70%-ға дейін кетіп қалады», дейді экономист Б.Ысқақ.

Көп адамдар шығындарын тиімді басқара алмай отыр, бұл – жоспарлау жетіспейтіндігін көрсетеді. Мәселен, ең үнемшіл халық саналатын жапондарда керісінше – нақты жоспар, нақты менеджмент бар. Олар қаражатты қайда жұмсайтынын нақты тізіп қояды: балаларына кететін шығын, тұрақты және тұрақсыз төлемдер – бәрін нақты жоспармен реттеп отырады.

Жалпы, азық-түлікке жұмсалатын шығынның артуының бір себебі – жергілікті азық-түлік өнімінің жетіспеушілігі, яғни импортқа тәуелділік. Тағы бір себебі – азық-түлік дүкендерге жеткенше, оның құны бірнеше делдал арқылы өтіп барып көтерілетіні, соның бәрі азық-түлік бағасының шарықтауына, салдарынан халықтың табысының басым бөлігінің соған жұмсалуына әкеліп отыр.

Ысырапшылдыққа әкелетін тағы бір мәселе – той. Той шығыны туралы Мәжіліс депутаты Болат Керімбек те сөз алып жүр.

«Қазақ тойшыл халық, «Той – ырыс, той – қазына» дейміз. Бірақ тойдың өзіндік мәдениетін қалыптастырсақ, ысырапшылдықты бір жөнге келтіруге болады. Оның бір айқын айғағы – ас шараларында «жеті тағамды» ұстанып өткізеді. Ереже бекітілген, оны имамдар мешіт арқылы жиі насихаттайды. Келесі кезеңде біз үлкен тойларды бір реттеуіміз керек», дейді депутат.

Оның айтуынша, қазір тойдың саны күрт өсіп кетті.

«Мысалы, түркі халықтары «негізгі той – үйлену тойы» дейді де, сол үйлену тойға бар шығынын шығарып өткізеді. Ал бізде бала туғанда, баланың тұсауы кесілгенде, тілі шыққанда, мектепке барғанда, құда келгенде, құда шығарып салғанда да жасай береді. Тойлардың көптігі қазақ қоғамында ысырапшылдыққа әкелді. Жалпы, той дегеніміз – бас қосу, бір-біріне тілек білдіретін шара ғой. Сол себепті дастарханды фуршет түрінде жасап, аздап тамақтанып, ары қарай тілек айту форматына біртіндеп көшкен жөн сияқты. Үнемшілдік мәдениетін қалыптастырып, тамақ дайындау бойынша заңды негіздегі талаптар енгізу қажет», дейді депутат.

Жалпы зерттеулерге сүйенсек, қандай той болмасын көп тағам желінбей қалады екен. Мысалы, бір столда 8 түрлі салат болып, әрқайсысы 300 грамнан есептегенде – 2,5-3 кг салат жиналады және торт, кәмпит, өрік, мейіз, фисташка, т.б – бұл тағы 5-6 кг. Жеміс-жидек бөлек. Сонымен қатар, екі ыстық тағам беріледі. Барлығын есептесек, бір столға 30-35 килограмм тамақ қойылады. Отыратын адам саны – 12.

Ал әлеуметтанушы, сарапшы Ақнұр Иманқұлдың айтуынша, халық табысы артқан сайын, азық-түлікке жұмсалатын үлес азаяды. Мысалы, АҚШ-та XX ғасырдың басында халық табысының 50 пайызы азық-түлікке жұмсалған. Бүгінде бұл көрсеткіш 10-15 пайыз аралығында ғана.

«Олар бізден азырақ тамақтана ма? Жоқ. Айырмашылық – табыс деңгейінде. Оларда табыс жоғары, бізде табыс төмен. Сондықтан азық-түлікке кеткен шығын – біздің табысымыздың жартысынан асып кетеді. Зерттеу жүргіздік, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» жүргізген сауалнамаға 3000 адам қатысты. Біз халықтың экономикалық жағдайын 5 категория бойынша сұрадық. Мысалы: 1) Ақша бәріне жетеді. 2) Ақша ірі тұрмыстық техника (тоңазытқыш, шаңсорғыш) алуға да жетеді. 3) Ақша тек азық-түлікке жетеді. Осы соңғы жауапты «ақша тек азық-түлікке жетеді», деп бергендер саны дәл 50% болды. Бұл – ресми статистикамен сәйкес келіп тұр», дейді әлеуметтанушы.

Жалпы айтқанда, Италияда немесе басқа дамыған елдерде егер тамақ бұзылмай, артылып қалса, қоқысқа тастағаны үшін айыппұл салынады екен. Ал егер оны балалар үйі, мұқтаждарға берсе – салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Яғни, олар ысырапты – экономикалық механизмдермен шектейді. Ал, той мәселесіне келетін болсақ, мәселен, той туралы заңды Өзбекстан 2019 жылы қабылдады. Онда адам саны бойынша стандарттар бекітілген. Мұндай ұсыныстар Парламентте бірнеше рет көтерілгені мәлім. Бірақ біздің қоғам әлі Өзбекстан, Тәжікстан секілді заңмен қатаң реттеуге дайын еместігі байқалады.