• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 12:50

Алматыдағы Есентай өзенінің бойына жаңа саябақтар салынады

20 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімдігі еліміздегі жетекші құрылыс компанияларының бірі – BI Group компаниясымен бірлесіп, Есентай өзенінің бойын абаттандыру бойынша ауқымды жобаны қолға алды. Бұл бастама бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асады. Келісімге сәйкес, BI Group компаниясы өз қаржысы есебінен 11 миллиард теңгеден астам инвестиция салып, әл-Фараби даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейінгі 7,2 шақырымдық аумақты толықтай жаңғыртады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, жобаның негізгі мақсаты – Алматының жоғарғы және төменгі бөліктерін байланыстыратын, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы әрі тартымды заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру.

«Құрылыс және абаттандыру жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Алғашқы кезеңде әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі учаске қамтылып, абаттандыру жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған», делінген хабарламада.

Сонымен қатар Есентай өзенінің жағалауы бойында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, жаңа саябақтар, демалыс орындары, жасыл аймақтар, көгалдандыру элементтері, орындықтар, жарықтандыру, қалалық инфрақұрылым және жастар мен студенттерге арналған арнайы аймақтар салынады. Сондай-ақ тыныштықты қалайтын тұрғындарға арналған релаксация кеңістіктері, мәдени және белсенді демалыс аймақтары да ескеріледі.

Қала кеңістігін дамыту саласындағы мамандардың пікірінше, Есентай өзені бойындағы аймақтың әлеуеті зор. Бұл арна жасыл белдеулерді, тұрғын үй кешендерін, студенттік кампустарды кесіп өтеді және мәдени-спорттық нысандарға жақын орналасқан. Бос жатқан аумақтар жаңа скверлер, экопарктер және туристік аймақтар құруға мүмкіндік береді.