Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бүгінде Шымкентте жалпы аумағы 1 276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Ол жерде 670,1 млрд теңге сомасында 427 жоба іске асырылып жатыр. Осы күнге дейін 323,9 млрд теңгені құрайтын 304 жоба аяқталып, 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды.
«Оңтүстік» индустриялық аймағында құны 130 млрд теңге болатын 96 кәсіпорын орналасқан. 3 064 адамға жұмыс орны көзделген. Қазір 83 кәсіпорын іске қосылған, онда 2 785 адам еңбек етеді. Осы жобаларды іске асыруға 120 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. 2024 жылы 847 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба қолға алынып, 68 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұлар – полиэтилен өнімдерін өндіретін «Easy Pack» зауыты, ПКС маркілі картон шығаратын «Бумпром» кәсіпорны және өнеркәсіптік электр жабдықтары мен аккумулятор жасайтын «Береке инвест-5».
«Тассай» индустриялық аймағында жалпы құны 95,3 млрд теңгеге 42 жоба тіркелген. 33 кәсіпорын ашылып, 2 мыңнан астам адамға жұмыс табылды. 95,3 млрд теңгеге 3 030 жаңа жұмыс орнымен 42 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы құны 44,5 млрд теңгеге 33 жоба іске қосылып, онда 2 195 жұмыс орны ашылды. Былтыр «Shymkent-Reklama» ЖШС-ның жарнамалық құрылымдар өндіретін және қызмет көрсететін кәсіпорны іске қосылды. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Жобаға инвестор 100 млн теңге инвестиция құйған.
САУДА-ЛОГИСТИКАЛЫҚ орталығында 9 жобаны атап өту керек. Оларға 70,5 млрд теңге инвестиция жұмсалған. 810 жұмыс орны құрылады деп көрсетілген. Дәл қазір онда 9 жобаның төртеуі іске асырылып, 345 адам еңбекпен қамтылды. Жұмсалған инвестиция 24 млрд теңгеден асады.
«ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағында 67,9 млрд теңгеге 41 кәсіпорын салынды. Мыңнан аса адам жұмыс істейді. Былтыр кәсіпкерлер 7,8 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны бастап, 350-дей адамды жұмыспен қамтыды. Төрт жоба деп отырғанымыз – «Balabi textile» ЖШС-ның шұлық бұйымдары өндірісі, «Cleans Fabric» ЖШС-ның ылғалды майлықтар шығаратын кәсіпорны, аяқкиім тігетін «Nappa.kz» ЖШС фабрикасы және ылғалды майлықтар өндіретін «Hayat cosmetics» ЖШС зауыты. Аталған 4 өндіріс ошағын іске қосуға миллиардтаған теңге инвестиция салынып, нәтижесінде жүздеген адам қазір сонда еңбек етіп жатыр.
«ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы 90%-ға аяқталды. Оған мемлекет қазынасынан 13,7 млрд теңге қаражат жұмсалды. Мұнда келешекте 59 зауыт салынады. Төрт мыңнан аса адам еңбек етеді. Осы мақсатты орындауға инвесторлар 179 млрд теңге қаржы жаратуға дайын.
Ал биыл 7 кәсіпорын өнім шығаруды бастады. Ол үшін 39 млрд теңге жұмсалды. Қазір кәсіпорындарда 951 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл 7 жоба – «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-ның керамикалық тақталары, «First Concrete Company» ЖШС-ның темір-бетон бұйымдары, «Alem Stone» ЖШС-ның асфальт өндірісі, «ДСК 17» ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты, «Оңтүстік Ғимарат» ЖШС-ның асфальтбетон шығару жобасы, «Евро Знак» серіктестігінің көпір және жол конструкцияларына арналған темір-бетон мен «Юг Oil Pro» фирмасының битум қабылдау, сақтау және асфальт өндірістері.
«БОЗАРЫҚ» агро-индустриялық аймағының жалпы аумағы 132 гектарды құрайды. Аймақта жалпы құны 49,6 млрд теңгенің 25 жобасын іске асыру көзделіп отыр. Бүгінде аталған аймақтың инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстары 95%-ға тәмамдалды. Инженерлік-инфрақұрылым желілерін тартуға 12,6 млрд теңге жұмсалмақ. Кәсіпкерлік басқармасының берген мәліметіне сәйкес, құрылыс жұмыстары биыл төртінші тоқсанда аяқталуға тиіс. Индустриялық аймақты сумен жабдықтауға және кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 4,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Одан бөлек, Сауда-логистикалық орталығын 136 гектарға кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір инженерлік-инфрақұрылымдық желілерді тартуға техникалық экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы, инженерлік инфрақұрылымға 8,9 млрд теңге қажет. Оған логистикалық орталықты газ, су, кәріз, электр жүйесімен, автомобиль, теміржолмен қамтамасыз ету жоспары кіреді. Құрылыс жұмыстары биыл біте қоймайды.
«ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға және «ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағын 155 гектарға кеңейту үшін мемлекет мұқтаждығына 330 гектар жерді қайтарудың жұмыстары басталды дейді кәсіпкерлік басқармасының мамандары. Қазір 288 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтіп, қалғаны бойынша бағалау әлі біткен жоқ және сотта қаралып жатыр. Жер учаскелері толығымен қайтарылғаннан кейін қажетті инженерлік инфрақұрылым жобасы әзірленбек. Сонымен қатар Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан қуаттылығы 100 МВт құрайтын «Жұлдыз» қосалқы стансасының жобасы әзірлену үстінде. Жоба құны шамамен 15-18 млрд теңгені құрайды. Қосалқы станса 2026-2027 жылдары іске қосылады. Соның нәтижесінде стансаға жақын маңдағы индустриялық аймақтар толығымен электр қуатымен жабдықталады.
Cондай-ақ жергілікті атқарушы билік металлургия саласындағы жобаларды іске асыруға аумағы 1 076 гектар болатын қаланың оңтүстік-батыс бағытында жаңа индустриялық аймағын құруға кірісті. Қазір индустриялық аймақ тұжырымдамасы әзірленіп, қала әкімдігінің қаулысы қабылданды. Ендігі кезекте энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына аталған аумақта кәсіпорындарға керекті инженерлік-инфрақұрылымға қосылу нүктелерін анықтап, жобалау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына қайтару ісі де басталу керек.