Бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев тау-кен кешенін цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, есепті жылы азаматтар мен ұйымдар үшін тау-кен саласында 15 мемлекеттік қызмет қолжетімді болған, олардың 14-і онлайн форматта көрсетілген. Жалпы бір жыл ішінде 979 мың қызмет көрсетілсе, оның 919 мыңы электронды түрде жүзеге асқан. Бұл көрсеткіш барлық қызметтердің 87,6%-ын құрайды.
Сұранысқа ие мемлекеттік қызмет түрлері келесідей:
Тау-кен және химиялық өндірістерді пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беру — 462 қызмет; Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе одан тыс жерлерде тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат беру — 437 қызмет; Геологиялық және (немесе) тау-кен бөлімдерін беру және қайта ресімдеу — 55 қызмет.Сонымен қатар Жаслан Мәдиев тау-кен саласындағы бизнес-үдерістерді реинжинирингтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл шаралар мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау аясында жүзеге асырылып жатыр.
Министр реинжиниринг мысалы ретінде геологиялық және тау-кен бөлімдерін беру және қайта ресімдеу үдерісін келтірді. Бұрын бұл рәсімдер қағаз түріндегі өтініштер, электрондық пошта немесе e-Otinish жүйесі арқылы жүргізіліп, деректер қолмен тексерілетін. Бұл қарау мерзімін ұзартып, қателіктер қаупін арттыратын.
Айта кетейік, қазір бұл үдеріс толығымен автоматтандырылған. Өтініштер жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай онлайн платформасы — minerals.e-qazyna.kz арқылы қабылданады. Платформада шектеулерді автоматты түрде тексеретін жүйе мен жер қойнауын пайдаланудың интерактивті картасы іске қосылған.
«Бұл кезеңдердің санын 45%-ға қысқартты және бизнес рөлдерінің санын 35%-ға азайту арқылы әкімшілік жүктемені төмендетті. Үдерістің тиімділігі, ашықтығы мен ыңғайлылығы артты, адами фактордың әсері азайды. Сонымен қатар, ыңғайлы онлайн үдерістің арқасында пайдаланушылар тарапынан сенім нығайды», деді министр Жаслан Мәдиев.