Ел дамуының басты қозғаушы күші – әділ әрі сапалы мемлекеттік басқару секторы. Ал осы жүйенің негізі – өз ісіне адал, білікті мемлекеттік қызметшілер. Жауапкершілік жүгін арқалаған бұл мамандардың құқығы қалай қорғалады?
Бүгінде мемлекеттік қызметте 84 мыңнан аса отандасымыз жұмыс істейді. Олардың орташа жасы 40-та және еңбек өтілі 12 жылға жуықтайды. Салада әйел қауымының үлесі басымырақ, шамамен 55%-дан жоғары. Дегенмен басшылық лауазым көбіне ерлердің мойнына жүктелген. Ал ерекше қажеттіліктері бар 900-ден аса маман бар.
Билік тармақтарындағы барлық осы мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері бірнеше заңнамалық актімен реттеледі. Бұл – Ата заң, Еңбек кодексі, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс. Аталған құжаттар негізінде азаматтардың кәсіби және еңбек ету құқығы нақты бекітіліп, олар әділетті конкурс арқылы жұмысқа орналасуға, лауазымдық өсуге, жалақы мен әлеуметтік қолдауға, демалыс пен медициналық көмек алуға кепілдендіріледі. Сонымен қатар негізсіз айыптаудан, саяси немесе әкімшілік қысымнан, қызмет бабындағы қудалаудан қорғалады.
Алайда бұл құқықтық негіздер заңмен бекітілгенімен, практикада түрлі түйткілдер кездесіп жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызметкер алдымен тікелей басшылыққа немесе ішкі кадр қызметіне жүгінеді. Егер нәтиже болмаса, Әдеп жөніндегі уәкілге арыздануға құқылы.
– Өз құзыретіміз шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын, моральдық нормаларын және кәсіби әдепті қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп, нормаларды насихаттаймыз. Олардың шағымдарын да қарастырамыз. Зерттеп, қажет болған жағдайда әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша мемлекеттік мекемелерден мәліметтер мен құжаттарды сұрата аламыз. Бұған қоса лауазымды адамдарға қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығын қарау туралы ұсыныстар жасаймыз. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда қорғауға және қалпына келтіруге жұмыстанамыз. Мемлекеттік қызметшілер жекелеген жағдайда жұмыс беруші мен жұмысшы арасында өзара мәселелермен жүгінеді. Мәселен, осыған дейін мемлекеттік қызметшінің арызы қарастырылып, оның құқығы шектелуі бойынша сот процесі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қызметкерлердің басшылық тарапынан қысым көрген жағдайлары да кездеседі. Жергілікті атқарушы органда басшымен қарым-қатынасына байланысты жекелеген жағдай орын алып, қазіргі таңда сот процесі жүріп жатыр. Жалпы, бұзушылықтар болған жағдайда уәкілетті органға Әдеп жөніндегі кеңес қарауына жіберіліп отырады, – дейді Астана қаласы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Ғалымжан Амантай.
Негізі мемлекеттік қызметкердің құқығы – еңбек заңнамасының бөлігі ғана емес, бүкіл басқару жүйесінің сапасын айқындайтын басты өлшем. Сондықтан агенттік құзыретіндегі Әдеп жөніндегі кеңес кез келген мәселені жіті қадағалап, талдау жүргізіп отырады. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті бақылау барысында ұжым ішіндегі қызметтік қатынастар, мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтар тарапынан қарым-қатынас құруда мемлекеттік қызметшілерге айқындалған әдеп талаптарын бұзу, бағынышты қызметкерге дөрекі немесе кемсіте сөйлеу, еңбек қатынастары, тәртіптік іс жүргізудегі процедуралық бұзушылықтар жиі кездесетінін анықтаған.
– Астана қаласы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары тарапынан да әдеп нормаларының бұзылуы фактілері тіркеледі. Мұндай жағдайларда кеңес басшыларға қатысты жеке жауапкершілік шараларын ұсынады. Сонымен қатар департамент тарапынан жүйелі түрде ескерту, профилактикалық әңгімелесу, ал қажет болған жағдайда тәртіптік шара қолдану арқылы әдеп талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Кейінгі жылдары кеңесте қаралатын істердің шамамен 30-40%-ы мемлекеттік қызметшілердің өз құқықтары мен ар-намысын қорғауға қатысты бастамасымен қаралды. Бұл бір жағынан мемлекеттік қызметшілердің құқықтық санасының артқанын және кеңестің оларға деген сенімінің нығайғанын көрсетеді, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғар.
Бірақ көп жағдайда мемлекеттік қызметкердің арыз айтуы – мансаптық өсу мүмкіндігін жоғалтуға пара-пар саналатын «қауіпті» қадамға айналып кететіні де жасырын емес. Бұл – формалды емес, психологиялық қорқыныш. Тіпті заңгер көмегіне жүгінуге де екінің бірі бата бермейді. Өйткені жүйе ішінде «үнсіз жүру» «ақылды әрекет» деп қалыптасып кеткен. Осы тұста сотқа шағым беру – ең заңды әрі әділ жол. Дегенмен бұл – уақыт, жүйке және қаржылық шығын талап ететін ұзақ үдеріс. Соттан әділдік тапқанымен, қайтадан сол мекемеде немесе салалық құрылымда жұмыс істеу де кейде мүмкін болмай жатады. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің өз құқықтарын қорғауы ішкі мәдениет пен моральдық климатқа да тікелей байланысты. Яғни ол өзін заңмен ғана емес, қоғам мен ұжым тарапынан да қорғалатынын сезінсе, оның жұмысына деген сенімі күшейіп, әділдік қағидаты орнығады. Ал құқық қорғалмаған жерде кадрлық тұрақсыздық, ішкі қысым мен сенімсіздік белең алады.
– Бүгінде департамент мемлекеттік қызметшілердің құқықтық қорғалуын арттыруды, әділ және бейтарап қызметтік тергеп-тексерулерді қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың кәсіби беделін қорғауды басты міндет ретінде белгілеп отыр. Бұл бағытта мемлекеттік қызметшілерге психологиялық және құқықтық қолдау көрсету, олардың өтініштерін жедел және тиімді қарау тетіктерін дамыту стратегиялық маңызға ие. Кеңес тек бұзушылықтарды қараумен шектелмей, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен сенімділігін арттырушы институт ретінде қалыптасып үлгерді. Мұндағы шешімдерінің орындалуы департаментпен жүйелі түрде бақыланады. Әр ұсыныстың орындалу мерзімі мен сапасы бойынша тиісті мемлекеттік органнан есептер қабылданады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір қызметшілер өз құқықтары мен міндеттері жөнінде толық біле бермейді. Осыған байланысты құқықтық ағарту және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі туындап, департамент тарапынан тұрақты түрде семинарлар, тренингтер және бұқараралық ақпарат құралдарында (Instagram, facebook т.б.) құқықтық дәрістер өткізіліп тұрады. Сонымен қатар Әдеп жөніндегі уәкілдермен бірлесіп, ұжымдарда профилактикалық жұмыстар, жеке қабылдаулар және түсіндіру шаралары ұйымдастырылады, – дейді Е.Жолданғар.
Одан бөлек, Әдеп жөніндегі уәкіл қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анонимді сауалнама жүргізіп отырады. Осындай әртүрлі реформалық қадамдар – тек регламент емес, ондағы мамандардың кәсіби еркіндігі мен құқығы және сенімділігі нәтижесінен мемлекеттік қызмет сапасы қалыптасатынын аңғартады.