Ұлт ділінің дәмі бір жұтым қымызда. Көшпелі өркениеттің әбілхаят сусыны қадым заманғы қазақтың тектік жадын тірілтіп, рухани дүниетанымын қалыптастырып келеді. Күбідегі күрп-күрп пісілген қымыздың дыбысы дала қазағының өмір ырғағы, көңіл ымбалы іспеттес. Міне, осы асыл дәстүрді заманауи қоғаммен сабақтастырып, баба сусынын бүгінгі ұрпаққа қайта танытқан тағылымды іс-шара – Астанада өткен «BaiQymyz – бапталған қымыз» гастрофестивалі болды.
«Қазанат» ипподромы бұл күндері жай ғана жарыс алаңы емес, қымыздың қасиетін тануға келген мыңдаған халықты құшағына сыйдырған рухани ортаға айналды. Қымыз ішіп, көңіл тербеген, салт-дәстүрді ұлықтап, жүрек тебіренген күн болды.
Салтанатты сауықтың алғашқы күнінен-ақ астанаға 40 мыңнан астам адам жиналып, екі күнде бұл көрсеткіш 70 мыңға жетті. Алыс-жақыннан келген жұрт тек дәм татып қана қоймай, қазақтың дәстүрін тереңнен танып қайтты. Тігілген киіз үйлер мен безендірілген шатырларда әр өңірдің қымызшылары баба сусынның бабын тапқан әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Әр өңірдің қымызы – өзінше бір әлем, өзінше бір әңгіме.
Қазығұрттың қымызын әкелген Ерлан Шоқыбаев күбіні киікотымен ыстайтынын айтты. Таудың жапырағын бойына сіңірген шөпті пайдалану – ежелгі тәжірибенің жалғасы.
«Бала күнде қандай қымыз ішсең, соның дәмі таңдайда қалады. Сол дәм өмір бойы естен кетпейді. Арқаның қымызы керемет болғанымен, біздің өңірдің жұртшылығына оңтүстіктің қымызы ыстық көрінеді», дейді. Ол байқауға 320 литр қымыз әкелген екен.
Арқаның сары даласынан жеткен Жаңаарқа қымызының жайы бөлек. Сусынның бетінде жүзген майы да бөлек. Бейне бір «меңді қымыз» дерсің. Ералиев ауылынан келген Гүлім Түскенова қымыздың бабын табу – күн сайынғы тиянақты еңбектің нәтижесі екенін айтты.
«Біз тобылғымен ыстаймыз. Бұл Арқа қымызының басты ерекшелігі. Таңертең мың, кешке мың рет пісеміз. Ашыту технологиясы сақталмаса, дәм бұзылады. Біздің өнім – емдік қасиетімен белгілі. Коронавирус кезінде елге тегін тараттық», деп ағынан жарылды. Жаңаарқалықтар бұл жолы фестивальге 1 тонна қымыз ала келіпті.
Сол секілді Алматыдан келген «Абзал қымыз» бренді де жұрт назарын аудартты.
«Әр өңір өз қымызын мақтайды. Ерекшелігі ашыту мен пісуімізде. Технологиямыз құпия». «Құпия болатын себебі су қоспайсыздар ма әйтеуір?» деп қалжыңдап сұраған болып едік, аққа суды антұрған ғана қосады деп ағынан жарылды. «Құпия ұстайтын тәсілін ашыту кезінде пайдаланамыз», деді ол.
Қымызбен ғана емес, кәнігі жүйріктермен де дараланған бұл фестиваль ұлттық мұраның маңызын арттыра түсті. «Ер Қанаты» атты жылқы көрмесінде қазақтың жабысы мен қостанайы, мұғалжары мен бесқарағай тұқымдарына дейін қойылып, шетелдік таза қанды жылқылармен қатар танылды. Көрермендер қазақтың жылқыға деген құрметін көзбен көріп, көңілмен түйсінді.
Сөйтіп «Қазақтың ең сұлу жылқысы» атағы мұғалжар тұқымына, ал «Ең жүйрік» мәртебесі қостанайлық сәйгүлікке бұйырды.
Сонымен қатар балаларға арналған алаңда түрлі ойындар ұйымдастырылды. Асық атып, алты бақанда тербелді, садақ атты. Ұлттық тағам жәрмеңкесінде қазақтың дәмі тартылды. Іс-шара сахнасын отандық өнер жұлдыздарының концерті әсемдеді.
Халық пен мамандар бірлесе дауыс берген қазылық қорытындысында Абай облысы, Саржал ауылынан келген «Жаныс» шаруа қожалығының өнімі «Ең үздік қымыз» атағына ие болды. Жеңімпазға 20 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. 2-орынды Қарағанды облысы, Қарқаралы қымызы, «Қарынши» шаруа қожалығы 15 млн теңгемен жеңіп алды. Ал ІІІ орынға Ақмола облысы, Қымызнай қымызы, «Қабдулин» шаруа қожалығы 10 млн теңгемен жайғасты.
Сонымен қатар, «Алтын күбі», «Күміс торсық», «Текті сусын – күміс шара» сияқты арнайы аталымдар бойынша да үздіктер марапатталды.
Мешкейлер жарысы да қалыс қалмады. Екі литр қымызды бір деммен төбесіне көтеріп, бірінші орын алған Жаңаарқалық Қасымхан Ғалым жұртты тәнті етті.
«BaiQymyz – бапталған қымыз» — бұл жай ғана фестиваль емес, бұл – ұлт болмысын ұлықтаған, рухты серпілткен, ұрпақты үндестірген ауқымды мәдени бетбұрыс. Жоба ұйымдастырушылары келесі жылдан бастап бұл іс-шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Демек, дәм мен дәстүрдің дәріптелуі жалғаса бермек.