Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени және академиялық байланыстар жаңа деңгейге көтерілмек. Мадрид қаласында алғашқы қазақ-испан сөздігін шығару туралы ұсыныс айтылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаев Сервантес институтының директоры Луис Гарсия Монтеромен кездесу өткізді. Тараптар білім, мәдениет және тіл алмасу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында қазақ және испан тілдеріндегі алғашқы сөздікті әзірлеу туралы бастама көтерілді. Бұл жобаның іске асуы екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастар мен академиялық диалогты тереңдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық салада нақты бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Айта кетейік, испан тілі – әлем бойынша ең көп таралған тілдердің бірі. Қазіргі уақытта шамамен 600 млн адам испан тілінде сөйлейді, оның 470 миллионы ана тілі ретінде қолданушылар. Тіл 21 елде ресми мәртебеге ие.
Ал Қазақстанда испан тілі кеңінен оқытылмайды. Орта мектептер мен жоғары оқу орындарында негізінен ағылшын, француз және неміс тілдері оқытылады. Осы ретте қазақ-испан сөздігі мен оқу құралдарының болмауы айқын сезіледі.