• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Туризм Кеше

Шатқалдардан бастап қарлы шыңдарға дейін...

20 рет
көрсетілді

«Алатау аманаты» жобасы аясындағы ұлттық таулы туристік соқпақтар желісінде адамдар қозғалысы көбейе бастады. Өткен аптада Үлкен Іле соқпағының негізгі бөліктерімен алғашқы қатысушылар – қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер мен білікті жол нұсқаушылар жүріп өтті. Олар инфрақұрылымды тексеріп, ұсыныстарын білдіріп, бұл бағыттың алдағы уақытта қазақстандық туризмнің ең атақты жеріне айналуы мүмкін екеніне көз жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

«AMANAT» партиясы, Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктері және «KazAlpineClub» қауымдастығы бірлесе жүзеге асырған «Алатау аманаты» жобасының нақты кескіні пайда бола бастады. Жобаның негізгі желісі – ұзындығы 1200 шақырымнан асатын ұлттық туристік соқпақ. Ол Шарын шатқалынан Таңбалы петроглифтеріне дейін созылып, Алматы өңіріндегі ең маңызды табиғи, тарихи және мәдени орындарды біріктіреді. Пилоттық кезең аясында екі топ бірнеше негізгі бағытты сынақтан өткізді. Қатысушылар абаттандырылған экосоқпақтармен қатар, күрделі таулы треккингпен де жүріп өтті.

Журналистер, блогерлер және қоғам белсенділері кірген алғашқы топ абаттандырылған туристік соқпақтармен жеңілдетілген бағытты жүріп өтті. Олар сапарын Алматы маңындағы ең қолжетімді табиғи орындардың бірі – көпшілікке сарқырамасымен танымал Аюсай шатқалынан бастады. Кейін бағыт хэйкинг әуесқойлары арасында танымал Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің аралығындағы Көкжайлау үстірті арқылы жалғасты.

Қатысушылар алғашқы күні 2200 метр биіктікте орналасқан Шымбұлақ тау курортындағы Shymbulak Resort Hotel қонақүйінде түнеді. Екінші күні қатысушылар Бутаков шатқалына бағыт алды. Бұл – орманды, бұлақты және әсем көріністері бар тыныш мекен. Топ Орман асуын кесіп өтіп, Бесқайнар ауылы маңындағы глемпинг аймағына жетті, ал үшінші күні өңірдегі ең танымал тау туристік кешендерінің бірі – Oi-Qaragai курортында мәреге жетті.

«Бұл бағыт – тау арасымен жүріп өтетін жай ғана көрікті жер емес. Ол 1980-жылдары жыл сайын 200 мыңға жуық адам жүріп өтетін кеңестік туристік соқпақтармен ішінара сәйкес келеді. Бүгінде біз бұл жолды жаңа деңгейде – сапалы инфрақұрылыммен және экологиялық жауапкершілікпен қайта жаңғырта аламыз», – деді журналист Олег Белов.

Kursiv басылымының бас редакторы Татьяна Николаева қазақстандық соқпақтар шытырман туризмді жақсы көретін кез келген деңгейдегі туристі қабылдауға дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт елдің мықты брендіне айналуы мүмкін.

Осы уақытта екінші күрделі бағытпен «KazAlpineClub» қауымдастығының тәжірибелі нұсқаушылары, білікті гидтері мен еріктілері жүріп өтті. Олар да Аюсай шатқалынан бастап, 2511 метр биіктікте орналасқан Үлкен Алматы мұзды көліне жетті. Кейін Карнизный шыңына (шамамен 3300 метр) көтеріліп, Алматы-Алагир асуын кесіп өтті. Топ сонымен қатар тәжірибелі треккерлер арасында танымал, алайда жетуі қиын Терра таулы жайлауына жетті. Жорықтың соңғы нүктесі – Алматының оңтүстігінде орналасқан, ыстық бұлақтары мен демалыс аймақтарымен танымал Алма-Арасан шатқалы болды. Жаңбыр мен бұршақ жауып, жел тұрған қолайсыз ауа райына қарамастан, топ бағытын сәтті аяқтап, жол бойында тастың көмегімен нұсқағыштарды орнатып, цифрлық карталарды нақтылау және навигацияны жақсарту бойынша ұсыныстар берді.

«Карнизный шыңына көтерілу – нағыз сынақ болды. Карталардағы бағыт пен нақты жолдың арасында айырмашылық бар. Сондықтан туристер адаспауы үшін бағыттағыш тас нұсқағыштарды жол бойында өзіміз қойдық. Бұл жобаның шынайы тәжірибе арқылы жасалып жатқанын көрсетеді», – деді топ жетекшісі, инструктор Константин Сапронов.

Бүгінде жоба аясында арнайы жабдықталған кемпинг аймақтары, глемпингтер және туристерге қажет инфрақұрылым жасақталған. Жаяу жүргіншілерге тауда қауіпсіз әрі жайлы түнейтін орындар ұсынылып отыр. Қатысушылар Аюсай визит-орталығы мен Алматы қаласының Туризм басқармасының көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті.

Модель және блогер Ольга Титова жобаның ауқымы кеңейіп, экотуризм саласындағы үздік халықаралық тәжірибемен толықтырылған жағдайда, бұл бастама таулы маршруттар бойынша халықаралық стандартқа айналуы мүмкін екенін жеткізді.

«Алатау аманаты» – бұл тек туристік соқпақтар желісі ғана емес. Бұл – экологиялық сананы қалыптастыру, жастарды белсенді тарту, жергілікті қауымдастықтардың дамуына жол ашу және Қазақстанда шытырман таулы туризмнің жаңа экожүйесін құруға негізделген жоба.

Алматы облысы.