Өңір халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралаған сенаторлар әскери салаға да зер салды.
Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесуде Президент тапсырмаларын іске асыру, аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ ол жергілікті билік өкілдерімен Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында болып, курсанттардың оқу үдерісімен, патриоттық және әскери білім беру тәрбиесімен танысты. Депутат институтты қолдау қажеттігін айтып, әскери білімді дамыту жөніндегі ұсыныстар Парламент пен салалық органдарда пысықталатынын атап өтті.
«Талғат Бигелдинов атындағы Әскери институт Қарулы Күштерге жоғары білікті офицерлерді даярлайды. Оқу орны сапалы әскери және академиялық дайындықты қамтамасыз етіп қана қоймай, курсанттардың бойында патриоттық рухты, азаматтық жауапкершілік пен Отанға деген адалдықты қалыптастыруға аянбай атсалысып келеді. Институт қазір еліміздегі жетекші әскери білім орталықтарының біріне айналып отыр», деді А.Нұғманов.
Сенатор «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысымен де танысты. Ол құрылысты уақтылы аяқтау, оның қауіпсіздігі мен білім беру ортасының заманауи талаптарға сәйкес келуін еске салды.
Ал Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев Түркістан облысының халқымен жүздесіп, өндірістік және әлеуметтік бірқатар нысандарды аралады. Олар сондай-ақ жергілікті билік пен бизнес өкілдерімен бірқатар мәселені талқылады.
Сенаторлар Созақ ауданына сапар барысында 200 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Олар мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың қарқыны мен сапасын, құрылыс нормаларын сақтау қажеттігін айтты. Әсіресе уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» кәсіпорнының қызметіне ерекше назар аударылды. Жұмысшылармен және жергілікті тұрғындармен кездесу барысында өндіріс қауіпсіздігі, экология және халықтың денсаулығына әсері туралы мәселелер көтерілді. Тұрғындар өндірістік нысандарға жақын орналасқан елді мекендерде, әсіресе балалар арасында аурудың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сенаторлар VIII сайланған Парламенттің III сессиясында қабылданған Су, Бюджет және Салық кодекстерінің жаңа нұсқалары туралы айтып, өнеркәсіп жүктемесінен зардап шеккен өңірлерді қолдауға кешенді іс-қимыл қажет екенін айтты.
Қазығұрт ауданының егістігінде болған сенаторлар аграршылармен өнімділікті арттыру, субсидия және техникамен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар депутаттар Түлкібас ауданында жылына 800 тоннаға дейін өнім өндіре алатын «First fish company» балық өсіру кәсіпорнының, сондай-ақ жыл сайын 30 мың тоннаға дейін сүт өңдейтін «Майлыкент Сүт» кооперативінің жұмысымен танысты. Кооператив алдағы жоспары бойынша 4 мың басқа арналған жаңа сүт фермасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұған қоса олар «Ақсу-Жабағылы» сауықтыру-оңалту орталығын кеңейту жобасымен де танысты. Онда 250 адамға арналған жаңа ғимарат салынып, 200 жұмыс орны ашылмақ.
Сенаторлар Сайрам ауданында орналасқан бірқатар кәсіпорынды да көріп шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесуде орта және жоғары білім беру, жол инфрақұрылымының жай-күйі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.