• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:55

Ғалымдар судьяларға қалай көмектесе алады?

30 рет
көрсетілді

Сот тәжірибесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында құқық саласындағы отандық тәуелсіз сарапшылар биыл бірінші рет күш біріктіріп, «Сот төрелігі қызметіндегі ғылым» жобасын бастаған еді. Әлбетте, сот практикасын жетілдіруде ғылымның үлесі орасан. Дегенмен үлкен жүкте­мемен жұмыс істейтін соттарға кейде ғылымға жүгінуге, дұрыс шешім қабыл­дауға уақыт та, мүмкіндік те жетпей жатады. Мұндайда заңгер-ғалым­дардың көмегі құқықтық теориялар арқылы соттарға бағыт бере отырып заңды әрі әділетті шешім шығаруға жол ашады.

Осы мақсатта еліміздің жетекші заңгер-ғалым­да­ры мен тәжірибе жү­зінде жұмыс істейтін мамандар бас қосып, «ZanSar» құқықтық сараптамалық зерттеулер инс­ти­тутын құрған еді. Әрекетсіз отыр­маған институттың маңызды жоба­ла­рының бірі жоғарыда атап өткен – «Сот төрелігі қызметіндегі ғылым». Бұл жоба шеңберінде ең өзекті және күрделі құқықтық мәселелер бойынша ғылыми-практикалық сараптамалар, түсіндірмелер мен зерттеулер әзірленеді. Жобаның түпкі мақсаты – елімізде ғы­лы­ми негізделген, бірізді сот практикасын қалыптастыруға үлес қосу. Бұл жұмыс Жоғарғы сот жа­нын­дағы Халықаралық кеңестің ұсы­ным­дарына сәйкес жүзеге асады.

Жуырда институт сарапшысы, заң ғылымдарының кандидаты, Каспий университетінің «Әділет» жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры Елена Нестерова әзірлеген алғашқы ғылыми сараптамалық қорытынды жарық көрді. Арнайы құрылған сараптамалық кеңесте талқыланып, бекітілген қорытынды өте өзекті тақырыпқа арналған. Онда мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігінен заңсыз айырылған кәсіпкерлердің жіберіп алған пайдасын өтеу туралы сот істері талданған. Сот тәжірибесінде тендерден негізсіз шеттетілген адал кәсіпкердің құқығы кейін қалпына келтірілсе де, ол сатып алуға қайта қатыса алмайды. Мұндай жағдайда мемлекет оның жоғалтқан пайдасын өтеуге міндетті. Бірақ соттар көбіне болашақ табыс­ты дәлелденбеген деп санап, талапты қанағаттандырудан бас тартады. Бұл – азаматтық-құқық­тық жауапкершіліктің өтемақылық табиғатына қайшы, әсіресе жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік (квази­мемлекеттік) сектор арасын­дағы қарым-қатынастар жиі кез­десетін жайт. Мәселен, мемлекет өз мүддесін қорғауға заңдық құралдардың тұтас арсеналын қолдана алады. Ал жеке кәсіпкер үшін, тіпті ол заң бұзушылықты дәлелдеген күннің өзінде өз құқықтарын сот арқылы қалпына келтіру – қиынның қиыны.

Ашық теңсіздіктің жолын қиып, жоғарыдағыдай жағ­дай­ларға жүйелі түрде жауап беру үшін «ZanSar» институтының сараптамаларын өз саласын жетік меңгерген, жоғары білікті мамандар даярлап отырғаны қуантады. Әрбір сараптамалық қорытынды арнайы құрылған сарапшылар кеңесінде талқыланып, бекітіледі. Институт құрылымы мен сарапшыларды іріктеу тәртібі сапалы жұмыс істеуге жағдай жасайды. Сарапшылардың кәсіби қызметі тәуел­сіздік, бейтарап ұстаным мен мүдде қайшылығының болмауы сынды этикалық стандарттарға негізделген.

Осы орайда институттың негізін қалаушы, заң ғылымдарының кандидаты Айгүл Кенжебаева: «Қоғамдағы заң мен тәртіпті сақтауда әділет маңызды рөл атқарады. Институттың сарап­та­ма­лық қорытындылары судьяларға күрделі құқықтық мәселелер бойынша ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі әрі судьялардың жұмысын жеңіл­де­тіп, осындай мәселелерді талдауға уақытын үнемдейді. Мұнан да бөлек, сараптамалық қорытындылар сот төрелігінің сапасына қоғамдық бақылау құралы ретінде қызмет етіп, сол арқылы азаматтардың сот жүйесіне сенімін нығайтады», дейді.

Институттың жұмыс жос­парында басқа да маңызды құ­қықтық мәселелер бойынша қоры­тындылары бар. Зерттеулер мен қорытындылар дайындауға арналған тақырыптар ғылыми негізделген сот тәжірибесін қа­лыптастыруға ықпал ететіндей етіп таңдалатынын атап өткен жөн.

Сонымен қатар «ZanSar» институты заңнаманы ғылыми тұрғыда түсіндіру ісіне белсене қатыса бас­тады. Институт сарапшылары Қазақстан мен шет мемлекеттердегі соттарда, сондай-ақ халықаралық арбитраждарда құқық бойынша сарапшы ретінде қатысады. Осыған байланысты сауалдар биыл 12 мау­сымда мәселенің халықаралық аспектілеріне арналған дөңгелек үстелде талқыланған. Деген­мен азаматтар да заңның ғылыми қағидаттарына негізделген ең әділ шешімдерге ие болуы керек. Сондықтан сот жүйесі нақты дау­лар бойынша заңгер ғалымдар пікірінің кеңірек қолданылуына мүдделі болуға тиіс. Осы бағытта қазіргі таңда заңгер ғалымдардың еліміздегі соттарға маман ретінде қатысуы жөнінде талқылаулар дайын­далып жатыр.

«Сот жүйесіне қатысты айтылатын сын көп жағдайда орынды әрі әділ. Сот жүйесінің өзі де бұл мәселені шешудің жолдарын үнемі іздейді. Алайда бұл оңай емес. Жыл сайын сот істерінің саны артып келеді, ал судьялар санын көбейту – мемлекет үшін қымбатқа түсетін шешім. Тіпті судьялар өз ісіне бар ынтасымен кіріссе де, әр істі тиісті деңгейде қарауға уақыты жете бермейді. Оған қоса сот жүйесінде әлі де кездесетін жемқорлық, кәсіби біліксіздік пен немқұрайдылық мәселелерін ес­керсек, бұл саладан түбегейлі оң өзгерістерді күту қиын. Жағдайды жақсартудың бір жолы ретінде біз осы уақытқа дейін толық пайдаланылмай келген құқықтанушы-сарапшылардың әлеуетін ұсынып отырмыз. Институтта өз салала­рында мойындалған, жақсы бедел­ге ие жетекші заңгерлер, құқық­танушылар мен ғалымдар жиналды және олардың саны арта түседі. Сот жүйесіне, әділ сотқа және соның арқасында бүкіл қоғамға кө­мектесу үшін біріккен құқық­та­нушы-сарапшылар нақты істер бо­­йынша сотта маман ретінде сөз сөй­­лейді. Бұл судьяларға күр­­де­лі құ­­қық­тық мәселелерді дұрыс тү­­сі­нуге көмектеседі», деді А.Кен­же­баева.

Ал заң ғылымдарының кандидаты Елена Нестерова құқық­тық ғылым мен сот тәжірибесі өзара байланыссыз қалып отырға­нын алға тартты.

«Әрине, елімізде түрлі ғылыми мектептер бар, құқықтанушылар ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, сот тәжірибесі зерт­теледі, құқықтық нормаларға түсіндірме беріледі, сот шешім­деріне сыни пікірлер жазылады, сот тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жасалады. Алайда қазіргі таңда құқықтық ғылым мен сот тәжірибесі өзара байланыссыз қалып отыр. Судьялар сирек жағдайда құқықтық доктри­наға жүгінеді, тіпті ең беделді ғалым­дардың көзқарастарын өз шешім­де­рінде ескермей жатады, яки олар туралы мүлдем хабарсыз болуы мүмкін. Мұндай жағдай сот актілерінің сапасына кері әсерін тигізетіні даусыз. Мен мынаған кәміл сенемін: сот актілеріндегі қателіктерге ғылыми тұрғыдан негізделген, ашық әрі объективті сын өте қажет және болашақта сот ор­гандары мұндай пікірлерді, әсіресе ұқсас істер бойынша әділ сот жүр­гізген кезде ескереді», деді Е.Нестерова.

Өз кезегінде Каспий универ­ситетінің «Әділет» Жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры Асқар Қалдыбаев қазіргі таңда соттарда қаралатын даулардың көбі күрделі сипатқа ие екенін әрі оларды шешу терең білімді қажет ететінін айтып отыр.

«Судьялардың жүктемесінің көптігіне байланысты оларда теориялық мәселелерді терең зерттеуге уақыт бола бермейді. Ал бұл мәселелерді толық тү­сіну негізделген әрі әділ сот шешім­дерін шығару үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, заң мәтіндері жиі түсініксіз жазылатындықтан, оны әртүрлі қабылдауға жол бе­ріледі. Одан бөлек, кейбір заң­дар өзектілігін жоғалтқан, тіпті ескірген болуы мүмкін. Сондықтан заңдарды дұрыс түсіндіру аса қажет. Ал ғалымдар жылдар бойы нақты теориялық мәселелермен айналысып келеді, түрлі көзқа­рас­тарды, шешу жолдарын жақ­сы біледі. Олар тек мәселенің Қазақстан заңнамасы шеңберіндегі эволюциясын ғана емес, сонымен қатар дамыған елдердің заңнамасы мен құқық қолдану тәжірибесін де жетік меңгерген. Сондықтан ғалымдар белгілі бір санаттағы дау­ларды теориялық тұрғыдан қалай дұрыс шешу керектігін ұсына алады. Соттар үшін ғалымдармен тұрақты байланыс орнату пайдалы болар еді, себебі олар даудың нәтижесіне мүдделі емес әрі өз бейтарап көзқарасын ұсына алады. Ғалымдар судьялар үшін тә­жі­ри­бедегі нақты мәселелерге байланыс­ты сараптамалық қоры­тын­дылар дайындай алады. Ең маңыз­дысы, бұл қорытындылар судьялар, ең алдымен, Жоғарғы сот тарапы­нан еленіп, ескерілсе, әділ сот шешімдерінің сапасы арта түсер еді. Соны­мен қатар заңдарға соттар ғылыми қорытындыларды ескеруге құқылы деген тікелей толықтырулар енгізу ұсынылады. Осылайша, соттар мен ғалымдар арасындағы өзара іс-қимыл судьяларға нақты істерді шешуде теориялық қолдау, ғалымдарға болашақ ғылыми зерттеулер үшін тәжірибелік материал алуға мүм­кіндік береді», деді А.Қалдыбаев.

Одан да бөлек, ғалымдар мен сарапшылардың қорытындылары жаңа заңдарды қабылдау немесе қолданыстағыларын жетілдіру арқы­лы құқықтық реттеуді жақ­сартуға бағытталуы мүмкін. Осы орай­да, ғалымдар мен заңдарды әзір­­леуге жа­уапты Әділет министр­лігі ара­сындағы байланыс та аса маңызды.

АЛМАТЫ