• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:35

Екі балуанымыз – алғашқы ондықта

10 рет
көрсетілді

Жақында газетімізде «Әбиба жаһандық рейтингтің көш басында!» (27.06. 2025 жылы) атты мақала жарық көрді. Онда әйелдер дзюдосы жайында біраз әңгіме қозғаған едік. Бүгін ерлердің жай-күйін тілге тиек етпекпіз.

Ерлер арасында IJF рейтингінде ТОП-10-қа еліміздің екі балуаны еніп отыр. Олар – Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев. 60 кг салмақ дәрежесінде күресетін Елдос Олимпия ойындарының толық жүлде жиынтығын иеленгені баршаға мәлім. Сондай-ақ әлем чемпионатында 1 алтын, 2 қола медаль алды, Азия ойындарында алдына жан салмады. Одан бөлек, Азия біріншілігінің алтыны мен қоласы бар. Париж Олимпиадасынан кейін Сметов татамиге шыққан жоқ. Арада бір жылға жуық өтсе де, Тараздың тарланы әлі де үздіктер санатында, 9-орынды еншілеп тұр.

Даңқты Е.Сметовтің сыралғы қарсыла­сы Ғұсман Қырғызбаев 60 кг салмақта да жақ­сы күрескеніне жанкүйерлер куә. 66 кг салмаққа ауысқаннан кейін Парижде алауы­ тұтанған Олимпия ойындарын қола жүлдемен қорытындылады. Бұл күндері Түркістанның тумасы өз салмағында үздік ондықты түйіндеп тұр.

ТОП-20-лықтың қатарына еліміздің үш татами шебері енді. 81 кг салмақта Абылайхан Жұбаназар – 14-орында. Ол – Азия ойындарының қола, Гранд-Слэм жарыстарының алты дүркін жүлдегері. Кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанған 60 кг салмақ дәрежесіндегі Мағжан Шамшадин де жазғы Азиадада жүлдегер атанды. «Үлкен дулыға» санатындағы сайыс­тарда 2 алтын, 1 күміс, 3 қола еншілеген. Қазіргі кезде қандасымыз мықтылар тізі­мінде 19-орында. Алыптармен айқасып жүрген Ерасыл Қажыбев та бірқатар аса ірі халықаралық додалар мен құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Семей өңірінің саңлағы үздіктер тізімінде 20-сатыға жайғасқан.

Өзге жерлестеріміз әлемдік рейтингте мынадай орындарда: Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 26, Талғат Орынбасар (60 кг) – 33, Шерзод Давлатов (60 кг) – 34, Нұрқанат Серікбаев (60 кг) – 37, Жанарыс Рақыметқали (66 кг) – 37, Мейірлан Максим (90 кг) – 41, Марат Байқамұров (100 кг) – 45, Бақытжан Әбдурахманов (73 кг) – 49, Ислам Бозбаев (100 кг) – 50, Азат Күмісбай (81 кг) – 55, Данияр Шамшаев (73 кг) – 56, Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) – 63, Дәурен Сүйкенов (60 кг) – 64, Есет Қуанов (73 кг) – 64, Бақжан Байтас (100 кг) – 75, Әділет Сапарғалиев (100 кг) – 78, Ермахан Әнуарбеков (90 кг) – 80, Дидар Хамза (90 кг) – 84, Бейбіт Мәдиев (100 кг) – 89, Мәди Еділбаев (+100 кг) – 90, Айдар Арапов (90 кг) – 91, Жансай Смағұлов (73 кг) – 95, Нұрмұхамет Ботабай (66 кг) – 96, Ислам Тоқтасын (73 кг) – 96-орын.

Әлемдік дзюдоның даму барысы жайын­да айтар болсақ, бүгінде Жапония мен Ресейдің қарқыны күшті. Күншығыс елінің үш қыраны IJF рейтингінде көш бастап тұр. Олар – Нагаяма, Рюдзю (60 кг, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем, Азия чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері), Такэси Такэока (66 кг, әлем чемпионы), Сансиро Мурао (60 кг, Париж Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы). Ресейдің де нәтижесі дәл сондай. Тимур Арбузов (81 кг, әлем, Еуропа чемпионы), Матвей Каниковский (100 кг, әлем, Еуропа чемпионы), Инал Тасоев (+100 кг, әлемнің екі дүркін чемпионы, екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы). Көш бастап тұрған тағы бір татами шебері – әзербайжандық Хидаят Гейдаров (73 кг, Олимпиада, әлем чемпионы, әлем чем­пионатының үш дүркін қола жүлдегері, Еуропаның төрт дүркін чемпионы).

ТОП-10-дыққа Жапонияның – 11, Ресейдің – 10, Францияның – 7, Грузия, Тәжікстанның – 6, Бразилияның – 5, БАӘ-нің – 3, Қазақстан, Өзбекстан, Италия, Оңтүстік Кореяның – 2, Тайпей, Испания, Косово, Бельгия, Канада, Грекия, Эстония, Украина, Кубаның бір-бір өкілі еніп отыр.