• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 09:10

Бас қаладағы жаңашыл кәсіп иелері

20 рет
көрсетілді

Елорда – жай ғана әкімшілік орталық емес, еліне тірек, еркін ойлы кәсіпкердің құтты қонысы. Бұл шаһарда индустрия замана көшімен қатар жүріп, ақылмен өрілген цифрлық шешімдер Smart City үлгісін өмірге әкеліп отыр. Қоғамның өзекті дертін кәсіппен емдеген әлеуметтік іскерлер де ел игілігіне еңбек етіп келеді. Индустрия, цифрландыру мен инклюзивтілік – осы үш бағыт алып ордада тоғысып, тұтас бір жаңа даму арнасын түзеген.

Технология алға жүрді

Кейінгі жылдары елордада әкімшілік пен қаржы орталықтары ғана  емес, нақ­­­ты өндіріс ошақтары да жандана бастады. Қаланың инфра­құ­ры­лымдық әлеуеті мен арнайы экономикалық аймақтың мүм­кіндіктері жаңа зауыттар мен фабрикалар үшін қолайлы алаң­ға айналды. Солардың бірі – агро­өнеркәсіп пен логистика саласын тоғыстырған, заман та­ла­­­бына сай технологиялармен жаб­дықталған өндіріс орны. Бұл жобаның жетекшісі – кәсіпкер Замира Кузиева.

Замира басқаратын өнді­ріс­тік кәсіпорын бірнеше бағыт­ты қатар алып жүр: ауыл шаруа­шы­лы­ғына арналған орау материалдары, логистикалық шешімдер, техникалық компоненттер мен өнімдерді шығару. Бірақ негізгі басымдық агросекторға берілген.

– Ауыл шаруашылығы – ел эко­­­номикасының іргетасы. Ке­йінгі жылдары бұл салада тех­­нологиялық жаңару жүріп жатыр. Біз де осы үдерістің бір бөлігі болғымыз келді. Бү­гінде агро­өнімдерді сақтауға, тасы­малдауға арналған полипропилен қаптар мен биг-бэгтерді жасап шығарамыз. Бұдан бөлек, жа­­­­­нуарларды тіркеуге арналған арнайы пломбалар мен сырғалар өндірісін де жолға қойдық, – дейді З.Кузиева.

Кәсіпорын полиуретан, полипропилен, поликарбонат сияқты полимерлерді өңдеумен айналысады. Өндірістік цикл толық автоматтандырылған. Қолда­нылатын құрал-жабдықтың бәрі Аустрия мен Германиядан әке­лінген. Инжек­циялық құю, роботтандырылған жүйелер, экструзиялық желілер өнім сапасын халықаралық стандартқа сай ету үшін қажет. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткен.

– Біз ISO стандарттарын ұс­танамыз, ал жануарларға арналған сырғалар ICAR та­лаптарына сәйкес жасалады. Қазір өнімнің 60%-ы ЕАЭО елдері мен Еуропаға экспортталады. Қалған бөлігі ішкі нарыққа тарайды. Негізгі клиент­теріміз – ұн комбинаттары, цемент зауыттары, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс ошақтары, – дейді кәсіпкер.

Зауытта қазір 120 адам еңбек етеді. Кәсіпорын кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Елордадағы колледждермен, университеттермен серіктестік орнатып, дуалды оқыту мен өндірістік практика ұйымдастырып отыр. Сонымен қатар қаладағы жұмыс­пен қамту ор­талығымен де ұдайы байланыста.

Кәсіпорын арнайы эконо­микалық ай­мақ аумағында ор­наласқан. Бұл шы­ғынды азайтуға, тиімді логистикаға және салықтық жеңілдіктерге жол ашады. За­мираның айтуынша, дәл осы факторлар компания­ны елордаға келуге итермелеген.

– Астананың инфрақұрылымы дамыған, кадр әлеуеті жоғары. Ең бастысы – географиялық жағынан тиімді орналасқан. Еуропа мен Ресейге экспорт бағытында логис­тикалық байланыстар орнатуға қолайлы. Сондықтан бұл жер өн­дірістік жобаларға өте тиімді. Біз елордада өндірісті бастау арқылы үлкен мүмкіндікке жеттік. Болашақта да осы қалада дамимыз. Мемлекеттің қол­дауы, нарықтың қажеттілігі және экспорт­тық әлеуетіміз жаңа белестерге шы­ғаратынына сенемін, – дейді кәсіпкер.

 

Цифрлық өндіріс өрге басып келеді

Өнеркәсіп саласының цифрлануы – стратегиялық міндеттердің бірі. Алайда бұл бағыттағы ше­­шімдер көбіне импорттық өнімдерге тәуелді болып келгені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтырып, отандық инно­вациялық шешім ұсынған ком­паниялардың бірі – «AG Tech». Компания отандық IT-нарықта индустрия 4.0 тұжырымдамасына сай келетін заманауи жүйелерді жасап, бірқатар ірі өндіріс оша­ғына енгізіп үлгерді.

Компанияның негізін қалау­шы әрі басшысы Александр Под­валовтың айтуынша, бүгінде «AG Tech» цифрлық өндіріс пен IT-инфрақұрылымды автоматтандырумен қатар, ірі жобалық жүйелерді әзірлеумен айналысып келеді.

– «AG Tech» – өндірісті автоматтандыру, радионавигация, IT-инфрақұрылым мен бизнес-аналитика саласында қызмет көрсететін компания. Басты мақта­нышымыз – DMMS (Digital Monitoring and Management System) жүйесі. Бұл – отандық мамандар жасаған әрі әлемде баламасы жоқ өндірісті басқару платформасы. Осы жүйе арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздікті, тәртіп пен еңбек өнімділігін жаңа деңгейге шығардық, – дейді А.Подвалов.

DMMS жүйесі қазір «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Qarmet», «Kaz Minerals», «Шалкия­Цинк», ERG, «Solidcore Resources» сияқты ірі индустрия­­лық ком­панияларда табысты қолданыста. Онда 20-дан астам арнайы модуль бар: олар өндіріс қауіп­сіздігінен бастап техниканы басқару, газды бақылау, бей­небақылау, адам іздеу мен апаттық хабарламаларға дейін барлық үдерісті қамтиды.

– Осындай платформалардың не­гізінде диспетчерлік-анали­тикалық орталықтар құрып жатырмыз. Мәселен, 2022 жылы «ҚазМұнайГаздың» ұлттық дис­петчерлік орталығын іске қостық. Ол ел ішінде мұнай өндіру, тасымалдау, өңдеу және сату үде­рістерін қадағалайды. Одан кейін «Qarmet» компаниясының көмір департаментіне арналған осындай орталықты пайдалануға бер­дік. Бұл орталықтың жұмысын Мемлекет басшысы арнайы барып көріп, жоғары бағасын берді, – дейді кәсіпкер.

DMMS жүйесі 2024 жылы «Digital Almaty» форумында «Innovative Industrial Solution Award» жүлдесіне ие болды. Соны­мен бірге, аталған орта­лық­тар «Daktronics Inc. Sales Award» халық­аралық сыйлығын иеленіп, Еура­зиядағы ең озық шешімдердің бірі ретінде танылды.

– Мемлекеттік деңгейде «Сервисный центр 2.0» жүйесін жасап жатырмыз. Бұл – халыққа қызмет көрсету орта­лық­тары мен басқа мемлекеттік сервис құрылымдарының жұмысын автоматтандыруға арналған платформа. Оның нәтижесінде бюджетке 85 миллиард теңге пайда келді. Біз әр салаға жекелеген шешімдер ұсынамыз. Мақсат – IT-өнім емес, толыққанды цифрлық платформа беру. Қазір «Smart City» тұжырымдамасы аясында Астана қаласына кешенді платформа жасау бойынша әкімдікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. «AG Tech» құрамында 200-ден астам маман жұмыс істейді. Алайда IT саласында кадр тапшылығы байқалады. Астанада жалпы қабілетті, талантты мамандар баршылық қой, дегенмен нақты сала мамандарын – архитекторды, жүйелік аналитикті, DevOps инженерін әр кез оңай табу мүмкін емес, – деп түсіндірді Александр.

Кәсіпкердің айтуынша, Астана алдағы 10 жылда Орталық Азия­дағы ең ірі өнеркәсіптік және логистикалық хабқа айналуға қабілетті. Цифрлық индустрияны дамытуда ел астанасы басты рөлге ие болады.

 – Біз Астанада алғашқы ірі жобамызды алдық. Осы жерде команда құрылды, идеялар туды. Бұл қала – технологиялық кәсіп­керліктің орталығы. Мұнда инвес­торға да, мемлекеттік органға да тез жетуге болады, – деп түйіндеді сөзін.

 

«Kishkentai»-дың үлкен табысы

Бізде әлеуметтік кәсіпкерлік туралы түсінік әлі де бұлдыр. Бі­реулер оны қайырымдылықпен шатас­тырады, енді бірі мемле­кеттік қолдауға арқа сүйейтін жоба деп қабылдайды. Алайда бұл ұғым – қазіргі бизнестегі жаңа мәдениет, жаңа жауапкершілік. Оның дәлелі ретінде біз Астанада жұмыс істейтін, «Kishkentai» бренді мен инклюзивті шеберхананың негізін қалаушы, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Гүлмира Пармышеваны дәйек етуге болады.

Гүлмира Пармышева әлеу­меттік кәсіпкерлікке кездейсоқ келген жоқ. Өмірдің өзі итермелеген. Оның ұлына аутизм диагнозы қойылған соң, барлық ресурсын баласына көмектесуге жұмыл­дырды. Сол кезде сенсорлық ойын­шықтарды өзі жасап көріп, кейін бұл бағытты бизнеске айналдырды. Бүгінде «Kishkentai» жыл­дық айналымы 150 млн теңгеге жететін, оннан аса адам жұмыс істейтін тұрақты брендке айналған. Шеберханада 13 адам жұмыс істейді, оның 8-і ерекше қажеттіліктері бар азамат.

– Бірақ бізді әлі күнге дейін «мемлекет қамқорлығындағы кәсіпкер» ретінде қабыл­дайтындар көп. Мемлекетке қарап қал­ған, сұрай беретін топ сияқты көрі­неміз. Шын мәнінде, әлеуметтік кәсіпкердің көбі еш­қандай жеңілдік алмай-ақ жұ­мыс істеп жүр. Заңда 9 преференция қарастырылғанымен, іс жүзінде тек 2-еуі ғана жұмыс істейді. 5 млн теңгеге дейінгі грант (тек әлеуметтік кәсіпкерлердің ресми реестрінде тіркелгендерге ғана беріледі) пен «Даму» қоры арқылы ұсы­нылатын жеңілдетілген несие бағдар­ламалары ғана қолжетімді, – дейді ол.

Гүлмираның айтуынша, бүгінде әлеуметтік кәсіпкерліктің даму динамикасы өңірлер арасында тым алшақ. Ең басты орталықтар – Астана мен Алматы. Мысалы, ESG стандарттары, инклюзивтілік, әлеуметтік әсер туралы елордада жиі айтылады. Жаңа реформалар, жаңа жобалар алдымен осында іске асады. Алайда аймақтарға бұл әңгіме әлі жетпеген. Ал Астана әлеуметтік кәсіп­керлікті дамытатын ең үлкен алаң­дардың бірі болып отыр. Мұнда нарық, тұтынушы, қолдау құралдары және адам капиталы бар.

– Қазір Астанада сенсорлық интеграцияға арналған арнайы кешендер шығаруды қолға ал­дық. Жаңа өндіріс, жаңа бағыт. «Kishkentai»-дың ойыншықтарын Қырғызстандағы әріптестерге толықтай өткізіп жатырмыз. Әлеу­меттік кәсіпкерлер туралы айтқанда, көбіне әсерлі әңгімелер, миссиялар алға шығады. Бірақ сандар да маңызды. «Kishkentai» жобасы 2019 жылы небәрі 2 млн 850 мың теңге грантпен басталған. Бастапқыда ай сайынғы айналымы 1,5–2 млн теңге шамасында болса, қазіргі көрсеткіш 13 млн теңгеге дейін жетті. Жылдық табыс шамамен 110–150 млн теңге аралығында, – дейді Гүлмира.

Айтуынша, мемлекет әлеу­меттік кәсіпкерлікті шынымен қолдағысы келсе, ең алдымен инку­бациялық бағдар­ламалар санын арттыруға тиіс. Қаражатпен ғана шектелу жеткіліксіз.