Азат ел мен айбынды Астананың жөні бөлек. Әуелде азаттық деп, атасы хан Абылайдың жолы деп отарлаушыларға қарсы ұлт азаттық соғыс ашқан Кенесары хан алғаш Ақмола бекінісін алғаны белгілі. Ел еркіндігін аяқасты еткен отрядтардың жолын кесуді Қараөткелде бастап, Атбасар мен Қорғалжын тұсынан шабуылдап, Ақмолада қанға бөктіргенін тарих аңыз етеді.
Әкесі Қасым сұлтаннан қалған хандық жоқ, өзі де әлі хан сайланбаған арыстан жүректі тұлғаның Кенесары аты Ақмоланы жаудан азат еткен соң әйгіленіпті. Тамам Алаш арқа тұтып, соңынан еріпті. Бұл жерде азаттық үшін күрестің негізгі қуат көзі отыққаны және сол отты түгел қазақ даласына таратқан ханның айбары Есіл жағасында ескерткіш болып әлі күнге тұрғаны ұрпақ үшін мақтаныш қана ма? Ұлы мерей де, еңкейе барғанда еңсе тіктер рух кені де Астанадағы хан Кененің ескерткіші.
Қазір Астананың маңдайына біткен ең айбынды ескерткіштің бірегейі осы Кенесары ханның ат үстіндегі бейнесі. Орналасқан жері де керемет – қаланың қақ ортасында, Есілдің жағасында атқа мініп, жұртына салауат айтқан хан алысқа көз тіккендей. Ендігіге елдікті мұра еткен ерекше сұсты көзқарас. Астындағы азбан қарагердің алп баса барып қата қалуының өзі бір құбылыстан хабар береді. Қос танауы зеңбірек атардай тынысты. Аударылып бір жағына түскен жалының өзі тек жатпағандай. Қос құлағы тас төбесіне шығып алған. Аясынан атылардай қап-қара, дөп-дөңгелек қос жанардың шарасына әлем сыйып кеткен. Аузын ашып, ауыздықты жібер деп жұтынып жер тарпиды жануар. «Тұяғымның астында не қалмады, енді не қалады?» деген жылқының ойлы көзін айта беріп қайтейін, осыншама құбылыстың бәрі үстіндегі қаһарлы хан болмаса тумастай. Қарагер қалай жер тарпыса да елең етпеуші едік, ханның мысы басып, алапаты содан асқаны сезіледі. Ұлы Мағжан «Шыңғыстай арыстанның құр аты да, Адамның жүрегіне жігер берер» дегендей, алапатын асырған Кенесары хан есімі мен тұлғасы. «Атына тұрман болсам деп, Жұртына құрбан болсам деп, Астана жұртын айналған» (Махамбет) ханның асқақ кейпі санасына саңылау біткен жанды текке қоймайды.
Арыстан Кене Астананың айбарындай көрінбей ме? «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім» деген Махамбеттің жалынды сөзі осы Жағалауда қыдырыстап жүріп, хан Кененің ескерткішіне жолыққанда еске түседі. Алдында аялдап тұрып қаласың. Астындағы тұлпарының тұяғына шейін таңбалы. Былтыр күзде қаһарлы хан ескерткіші тұғырдан тайғанда, жұрт шу еткен. Енді өз орнына қайтып келер ме, жоқ па деп. Биыл тіптен зорая кеп, еңселене орнықтырылды. 2001 жылы қойылған ескерткіштің іргетасынан ептеген ақау шықса керек. Мүсін қайта қойылғанда, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин: «Шын мәнінде, ескерткішке жөндеу жұмыстары қажет болды. Сондықтан орнынан алынды. Енді қайта қойылғанда, бұрынғыдан биіктеу орнатылды», деп мәлімдеді.
Білетіндердің айтуынша, бұл еліміздегі аттылы ескерткіштердің ең озығы һәм айбындысы. Отандастарымыздың ғана емес, туристердің де таңданысын тудырса керек. Мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шота Уәлиханов жасаған мүсіндегі гранит тұғырға орнатылған ат үстіндегі хан қоладан құйылған. Жалпы салмағы 10 тоннадан астам дегенімізбен, мүсіннің рухи һәм тарихи салмағына баға жете ме? Оның алды-артында Астана, арқасында Алаштың рухы тұрғандай атой салып. Халықтың атынан сөйлеп қаһарланған хан мүсініне, әрине, баға жетпейді.
Зиялылар арасынан құлағымыз шалған бір әңгіме бар. Алғаш Астанаға орнығып ақылдасқан соң, «елорданың рухын тіктеуді неден бастаймыз, бұл жерде қандай белгі бар, кім жатыр өзі?» дегенде, көреген біреулері «Кенесары ханның сарбаздары жатқан жоқ па?», депті. «Ендеше Астананың рухы Кенесарыдан басталуы керек» деп жүзеге асырылған деседі. Мұның да рәміздік мәні ерекше емес пе ойлағанға? Тірісінде ұлтының тәуелсіздігі жолында тыным таппай күрескен хан арғымағынан әлі де түспей елорданың ғана емес, елінің жарқын болашағын күзетіп қас қақпай қарай қалыпты. «Атам Абылайдың жолын толарсақтан қан кешіп біз осы күнге жалғай алдық па, жоқ па, бастысы халқым аман жетіпті. Ендігінің жүгін аудырмай аман жеткізу өз қолдарыңда» деп сұстанады. Аманат жолдайды. Сол аманат ақылыңды тыншытпайды.
Тұғырына қайта қонған Кенесары айтылған жерде елорданың «Қараөткел» қорымындағы («Жастар» шағын ауданы) хан сарбаздары бейітін айналып өтуге болмайды. Құлпытасы 2012 жылы нақты анықталды. Енді сол белгі-тасты консервациялап (бүлініп барады), жаңа заманға сай монумент орнату – әділетті Қазақстанның борышы деп білеміз.
Өткенге – салауат, бүгінге – аманат, ендеше.