Сенат депутаттарының өңірлерге сапары жалғасын тапты. Кеше олар жергілікті сайлаушылармен кездесіп, аймақты алаңдатқан ахуалмен танысты. Сондай-ақ маңызы жоғары іс-шараға қатысып, сөз сөйледі.
«Рухани дипломатия мен әлемдік және дәстүрлі діндердің қасиетті мұрасын сақтау» атты халықаралық конференцияда Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі түрлі сенімдер арасындағы дипломатияның рөліне тоқталды. Діни конфессиялар, ғылыми қауымдастық, дипломатиялық топтар және азаматтық сектордың өкілдері дінаралық диалог саласындағы сын-қатерді, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудағы келісім мен сенімнің маңызын талқылады. Конференцияда сөз сөйлеген Д.Қыдырәлі Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі қарсаңындағы кездесудің ерекше мәні бар екенін атап өтті.
«Президент дінаралық диалогке, келісім мен өзара түсіністікке ерекше мән береді. Бұл бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Хатшылығы мен Парламент Сенаты тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мұсылман ақсақалдар кеңесінің қызметі де еліміздің рухани дипломатия саласындағы бағыт-бағдарымен үндес. Өзгермелі әлемде рухани бағдарлар мен қасиетті мұраларды сақтау маңызды», деді Д.Қыдырәлі.
2 шілдеде сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Алтынбек Нұхұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларымен кездесті. Н.Жүсіп жоғары оқу орнының басшылығымен әңгіме барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазіргі заманғы отандық жоғары білім мен ғылым жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын Орталық Азиядағы ең көне және жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті.
«Бүгінде жаһандық сын-қатерлер мен қарқынды өзгеріп жатқан әлем жағдайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің маңызы арта түсті. Бұл – жай ғана білім беру мекемесі емес, білім үдетудегі ұлттың стратегиялық ресурсы, жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеу және халықаралық аренада еліміздің келбетін ілгерілету орталығы. Университетті қолдау және дамыту, оның дербестігін нығайту, халықаралық әріптестікті кеңейту, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден талантты жастардың ағынын қамтамасыз ету – мемлекеттің аса маңызды міндеті», деді Н.Жүсіп.
Депутат А.Нұхұлы өз кезегінде ҚазҰУ үш деңгейлі білім жүйесін енгізудегі бастамашының бірі екенін атап өтті.
«ҚазҰУ тек оқытып қоймай, ұлт элитасын қалыптастырады. Парламент депутаттарының 25%-дан астамы, ондаған әкімдер, министрлер, ғалымдар, дипломаттар мен қоғам қайраткерлері – әл-Фараби атындағы университеттің түлектері», деді А.Нұхұлы.
Кеше Сенат депутаттары Бибігүл Жексенбай, Марат Қожаев және Геннадий Шиповских елордадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығы мен қалалық психикалық денсаулық орталығында болды. Кездесу барысында Мемлекет басшысының елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформаларға қатысты тапсырмалары туралы жан-жақты айтып берді және парламенттің ағымдағы заң шығару қызметі мен бастамалары бойынша қабылданған заңдардың ережелерін түсіндірді.
Ал сенаторлар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысының Самар және Күршім аудандарында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты.
«Басым міндеттің бірі – ауыл балаларына сапалы білім беру. Ауылды сөзбен емес, нақты жобалар арқылы дамыту керек. Егер біз ауыл жастарын сақтап қалғымыз келсе, онда мектеп, спортзал, жол және медицина қаладағыдан кем болмауы керек», деді О.Булавкина.
Сапар барысында аудан және облыс әкімдерімен, мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесулер өтті. Су құбырлары мен дене шынықтыру нысандарын салу, санитарлық қауіпсіздікті сақтау мәселелері мен туризмді дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ дәрігерлердің жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің кешігуі, әлеуметтік сала нысандарының жай-күйі, жастар саясаты мен жас мамандарға тұрғын үй беру секілді жүйелі мәселелер де қозғалды. Сенаторлар сапар қорытындысы бойынша көтерілген әрбір мәселе Сенат талқысына шығарылып, өңірді көтеруге бағытталған заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруға уәде берді.