Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының камералық хоры Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында өнер көрсетті. Өнер кеші белгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың туғанына 120 толуына арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық филармония әртістері концертті Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Тұрым Алакөзовтың «Әлия» реквиемімен ашты. Одан кейін Ахмет Жұбановтың хорға лайықталған «Қарлығаш», «Ақ Шолпан», Ғазиза Жұбанованың Әбу Сәрсенбаевтың сөзіне жазылған «Жалғыз емен», «Дауыл», «Жеңеше» әндерімен жалғасты.
Кеште Ахмет Қуанұлы мен Ғазиза Ахметқызының шығармаларынан өзге қазақстандық композиторлардың туындылары да орындалды. Көпшілік Ақтөбе облысы өнер саласының үздігі Серік Жұбатқанның орындауындағы Ақан серінің «Маңмаңгерін», Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласыны солисті Назерке Абралы шырқаған Шәмші Қалдаяқовтың әндерін жылы қабылдады.
«Бүгінгі концерт – біздің филармония мен өңірлік мәдениет мекемелері арасындағы әріптестіктің айқын көрінісі. Мұндай жобалар бірлескен шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға ғана емес, кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасу үшін де керек», дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов.
Жұбанов туралы жинақ
Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі, дирижер Мербол Құспановтың айтуынша, жоба классикалық мұраны сақтауға ғана емес, хор өнерін өскелең ұрпақ пен жастардың академиялық музыка мен ұлттық мәдени мұраға қызығушылықтарын арттыра түсуге бағытталған.
«Алматы қаласының көрермендеріне қазақ хор өнерінің үздік үлгілерін ұсынып, Ахмет Жұбановтың қазақтың кәсіби музыкалық мәдениетіне қосқан жауһарларын тағы бір мәрте көрсету біз үшін үлкен мәртебе», деді Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Дина Ниязова.
Концерт жоғары орындаушылық шеберлігімен, көркемдік мәнерлілігімен және айқын ұлттық нақышымен ерекшеленді.
Алматы