• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Бүгін, 08:33

Трактор тізгіндеген әйелдер

40 рет
көрсетілді

Соғыс жылдары тылдағы тіршіліктің бар ауыртпалығын әйелдер мен жас балалар көтерді. Ер-азаматын, әкесін, ағасын майданға шығарып салған аналар, қыз-келіншектер, шиеттей бала-шаға ауыр еңбекке араласып станокта тұрды, оқ-дәрі шығарды, комбайн-тракторға мініп жер жыртты, егін орып, масақ терді, жер астына түсіп көмір қазды, кен өндірді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тобыл өңіріндегі тыл еңбеккерлерінің ерлік тарихынан сыр шертетін көптеген құжаттар, фотосуреттер сақталып қал­ған. Музей қызметкері Нәзмиа Оташеваның айтуынша, соғыс басталған соң 20 күннен кейін Қостанай облыстық атқару комитетінде әйелдерге шұғыл трактор, комбайн, жүк көлікте­рін жүргізуді үйрету мәселесі қаралып, 15 шілде мен 15 тамыз аралығында механизатор әйелдер бригадаларын даярлап шығару туралы шешім қабылданады.

«Осылайша, аз уақыттың ішін­де 3 мыңнан аса әйел өнді­ріс­тен босатылып, бір айлық жедел курс­ты тәмамдап, дайын ме­ха­низатор болып шығады. Мұның сыртында, тағы 1 жарым мың әйел шаруашылықта жү­ріп трактор жүргізудің қыр-сы­рын үйренген», дейді музей қызметкері.

Механизация мектептерінде оқыған әйелдер жүк көліктері мен комбайн жүргізуге де машықтанған. Мектеп түлектері курсты тәмамдай салып, комбайн, трактор тізгініне отыр­ған. Музейде сақталған деректерге сенсек, 1941 жылдың астығы түгелдей әйелдердің күшімен жиналады. 1942 жылы өңірдегі бүкіл колхоз-совхоз жұмысшыларының 73 пайызы әйелдерден тұрған. Әйелдер, қарттар, жас балалар тәулігіне 16 сағат жұмыс істейді. Майданға астық, май, ет жібереді.

Ел басына күн туған ауыр кезеңде дені 18 жасқа толмаған қыз балалар тракторға мініп жер жыртып, егін егеді. Мәселен, 1942 жылы механизатор әйелдер бригадасы 2 мың гектар жерге дән егіп, еңбек нормасын екі жарым есе артық орындайды. Соғыс жылдары трактор мініп, жер жыртқан тыл ардагерінің бірі – Қостанай қаласының тұрғыны Ғайникамал Тәткенова. Бүгінде 99 жастағы Ғайникамал әжей трактор тізгініне отырғанда не­бәрі 15 жаста екен.

«Төрт жасымда әкеден айы­рылдым. Шешем үш баламен тұр­мысқа шығып еді, соғыс бас­талған соң күйеуі майданға кетті. Көз ашқалы жоқшылық, аштық көріп өстік. Мен тоғы­зын­шы сы­ныпты бітіргенде соғыс бас­талды. Бір күні басқарма үйге келіп, мектепті тастайсың, трак­тор оқуына барасың, оқуға бар­масаң, еңбек армиясына жібе­реміз деді. Шешем үш бала­мен үйде отыр. Мен он бес жастағы баламын. Содан трактор үйреніп, соғыс біткенше трактор айдадым. Бірінші шыққан темір доң­ға­лақты трактор, кабинасы жоқ, тізгіні ауыр, жиі тоқтап қала­ды, астына жатып, үстіне шығып, өзім жөндеп аламын. Киім жоқ, жалаңаяқ жүріп еңбек еттік. Егін ектік. Оны орып, шауып нан қылдық. Жұртты асырап, бала тәрбиеледік. Істеген жұ­мы­­сы­мызға ақы сұрамадық. Берсе, бір келі бидай береді. Аш-жа­лаңаш жүріп, соның бәріне төздік. Адамның басынан қандай қиын­шылық өтіп жатыр, бәріне шы­дам­дылық керек. Ал енді қазір қан­д­ай рақат, ойын-күлкі, қайда бар­саң да, жол ашық. Жастарға, бала­ларға бақыт, амандық берсін, за­ман тыныш болсын!», дейді кейуана.

 

Қостанай облысы