• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Бюджет Кеше

Бюджет тапшылығы ұлғая түсті

60 рет
көрсетілді

Сарапшылардың есептеуінше, биыл сәуірде экономиканың нақты секторы сенімді өсуді жалғастырды. Бұған ең бірінші кезекте құрылыс, транспорт және қоймалау бағыттарындағы жоғарғы қарқын әсер етті. Жарты жылға шолу жасаған Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) мұнай өндірудің жоғарғы деңгейі тау-кен саласын ынталандырып жатыр деп есептейді.

Алайда нақты сектордағы оң динамикаға халықаралық сауда мен мемлекеттік бюджеттің орын­далуындағы төмен көр­сет­кіштер сай келмей тұр. Экспорт жылдық мәнде 11,9%-ға қысқарған. Әсіресе Азия елде­ріне шикі мұнайды сату бойынша қатты төмендеу байқалады. Бұл әрине, өз кезегінде Ұлттық қор түсімінің азаюына, ол әрі қарай республикалық бюджет трансфертіне, мемлекеттік бюджеттің кірісі мен шығысына зардабын тигізбек.

«Сәуірдің соңындағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджеттің орындалуы 96% болды. Алайда оның әртүрлі құрамдас бөлік­терінің орындалуында әжеп­тәуір айырмашылық бар. Жос­парланған мақсаттың 86%-ын ғана орын­да­ған рес­публикалық бюджеттің ахуа­лы жергілікті бюджеттің тәуір көр­­сет­кіштеріне кері әсер етуде. Рес­пуб­­ликалық бюджеттің толық орын­далмауы Ұлттық қордан жос­парланған трансферттердің аз болуы­мен түсіндіріледі. Бұл трансферт­тер мұнай секторынан түсетін салық түсімдерінің азаюы­на және Ұлттық қордың тұрақ­тан­дыру портфелінің қысқаруына бай­ла­­ныс­ты толық көлемде жүзеге асы­рыл­м­айды», делінген AERC шолуында.

Әрі қарайғы тізбек былай жалғасады:

Мұнай секторындағы кәсіпорындардан келетін салық түсімінің төмендеуі корпоративті табыстың азаюына байланыс­ты. Корпоративті табыс мұнай бағасының арзандауы және азия­лық нарыққа экспорттың қыс­қаруына байланысты қысым жағдайында тұр. Тау-кен өнеркәсібінде ай­рық­ша жылдам өсім байқа­лып отыр. Бұл ел экономикасына елеулі үлес қосып жатыр. Өндірістің орнықты жоғарғы деңгейіне қарамастан мұнай экспорты құлдырап жатыр. Бұл ах­уал егжей-тегжей талдауды талап етеді. Экономиканың нақты секторы ептілік көрсетуде. Қысқамерзімді экономикалық индикатор (ҚЭИ) биыл қаңтар-сәуірде жылдық мәнде 108,5% пайыз болды.

Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы қаңтар-наурыздағы 93%-дан қаңтардан сәуірге дейінгі аралықта 96%-ға дейін жақсарған. Бұл рес­пуб­ликалық бюджеттің орын­да­луының сәл де болса жоғары­лауымен байланысты. Респуб­ликалық бюджеттің кірісі жос­парлы көрсеткіштен қалыңқы, алайда оның деңгейі сәуірде 86%-ға дейін (наурыздағы 83%-дан) жоғарылады.

«2020 жылы дағдарыс бас­талған сәттен 2023 жылға дейін бюджеттің жалпы тапшылығы және мұнайлық емес тапшылық та тұрақты түрде төмендеді. Алай­да осы кезеңде мұнайға қатыссыз тапшылық орташа ал­ғанда жалпы тапшылық көле­мінен 3,2 есе асып түсті. Бұл бюджеттің мұнай табысына тым қатты тәуелді екенін айғақтайды. 2024 жылы екі тапшылық та өсе бас­тады», дейді сарапшылар.

Шолуда жазылғандай, 2030 жылға дейінгі фискалды бас­қару тұжырымдамасына сәйкес, бюджеттік бақылау көрсет­кіштеріне (ІЖӨ-нің 2%-ымен шектелуге тиіс жалпы тапшы­лықты және ІЖӨ-нің 5%-ымен шектелуге тиіс мұнайға қатыссыз тапшылықты қоса алғанда) 2030 жылға таман қол жеткізілуге тиіс. Бірақ фискалды органдар қазірден тәртіп бұзып жатқан көрінеді. Биыл қаңтар-сәуірде бюджеттің жалпы тапшылығы 76,4 млрд теңгеге жетсе, мұнайға қатыссыз тапшылық 2,48 трлн теңгені құраған.