Көпшілік ауыл балалары тәрізді Александр Павленко да бала кезінен техника тілін қапысыз меңгеруге құмар болды. Әкесі механизатор болғандықтан, есігінің алдынан түрлі техника үзілмейтін.
Таудай трактордың гүрілдеп оталғанын, жүргенін қызықтайды. Жүргізіп көргісі келеді. Мейірбан әке маңдайынан сипап отырып, «әлі ерте» дейді. Ақыры дегеніне жетті. Жас көкірегіндегі жасампаз арман орындалды. Қазір Александр «Айдос» ауыл шаруашылығы кәсіпорны» серіктестігінің маңдайалды механизаторларының бірі.
– Әкем де осы шаруашылықта механизатор болып істеген, – дейді Александр. – Олардың жұмысымен салыстырғанда біздің бүгінгі тірлігіміз әлдеқайда жақсы, жеңіл. «Case Puma» техникасы өнімді жұмыс істейді. Шетелдік қуатты трактордың іші де жайлы, барлық жұмыс компьютер арқылы атқарылады. Тіркеменің қандай тереңдікте келе жатқандығын көрсетіп тұрады. Жерді өңдеген кезде атжалдар да қалмайды. Сол себепті алқапқа сіңірілген дән біркелкі, қою болып өседі. Трактордың ішінде кондиционері бар. Бар жұмыс автоматты түрде атқарылатындықтан, біздікі бақылау ғана. Солай бола тұра, еңбектің ләззатын көру деген өз алдына бір бөлек дүние. Қара топыраққа сіңірілген дән көгеріп, көктеп шыққан кезде бойыңды қуаныш сезімі билейді. Алқапқа қарап тұрып сүйсінесің. Ақық дән самал желмен тербелгенде кәдімгі теңізге ұқсайды. Осының барлығы жер емшегін емген механизаторлардың адал еңбегі. Өзім мектептен кейін Щучье қаласындағы колледжде оқып, газэлектрдәнекерлеуші мамандығын алған болатынмын. Одан кейін еліміздің қарулы күштері қатарында әскери борышымды өтеп келдім.
Солдат киімін шешкеннен кейін әкесі баласының болашағын ойлай келе, өздері түтін түтетіп жатқан Атамекен ауылында қалып, механизатор бол деп кеңес берген. Тосырқайтындай тосын шаруа емес, бала кезінен ауыл тіршілігіне көз қанықтырған. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, шаруашылықтың жағдайы мығым, жалақыларын уақытында төлейді. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына да көмек қолын созады. Науқандық жұмыс кезінде уақытпен санаспай еңбек етуге тура келеді. Еткен еңбегіне орай жалақы көлемі де өсе түседі. Ауылда қалып ел мерейін өсіремін дейтін жасқа бұдан артық не керек?
Жас жігіттің тындырымдылығын көрген серіктестік басшылары үй де сатып алып беріпті. Табысты болған соң жас шаңырақтың түтіні түзу ұша бастаған.
– Адам үшін ең бастысы баспана ғой, – дейді Александр, – үйлі болғанда төбем көкке жеткендей қуандым. Енді өзімнің шағын отаным – отбасым бар, қалғаны бола жатар.
Елдегі жастар өздерінің туған жерінде ту тігіп, адал еңбек етсе деп армандайды Александр. Сол кезде Атамекен тәрізді талай ауылдың іргесі беки түсер еді.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы