Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 745,9 млрд теңге зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақыға – 564,7 млрд, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 181,2 млрд теңге бөлінді.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 481 мың адам. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 502 теңгеге жетті. Ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 814, базалық зейнетақы – 47 688 теңге. Биылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға артты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Биылдан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-ынан 70%-ға дейін ұлғайтылып, 32 360 теңгеге жетті. Оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін артып, 50 851 теңге болды.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалып келеді. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на теңессе, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Еңбек өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 110% болып белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай болып саналады. Сондықтан міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты, толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет), зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына есептеледі.