• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Президент Кеше

Дала дипломатиясы – сыртқы саясатымыздың темірқазығы – Президент

40 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) штаб-пәтерінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент іс-шараға жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, еліміздегі дипломатия саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Бабаларымыз ғасырлар бойы «дала дипломатиясымен» өмір сүрген. Халқымыздың мәмілегерлік дәстүрінің арқасында Ұлы далада бейбіт өмірдің ерекше үлгісі қалыптасқан. Құрмет пен сыйластық қашанда қастерлі құндылық ретінде бағаланған. Ертеден келе жатқан осы қағида – сыртқы саясатымыздың мызғымас тірегі әрі айнымас темірқазығы», деді Мемлекет басшысы.

Президент Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес штаб-пәтерінің ашылуын шын мәнінде елеулі тарихи уақиға ретінде атап өтті.

«Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру бастамасын көтерді. Бұл халықаралық қоғамдастық тарапынан тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында өңір елдерінің күш-жігерін біріктіру үшін дер кезінде жасалған қадам ретінде кең қолдауға ие болды. Біз әуел баста тек ынтымақтастық, өзара түсіністік пен диалог арқылы ғана бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, өсіп-өркендей алатынымызға сендік. Ұйымның сенім шараларын нығайту қағидаты қазіргі заманда аса өзекті. Азияның 90 пайызын қамтитын және әлем халқының жартысынан астамын біріктіретін АӨСШК халықаралық қатынастардың дамып келе жатқан архитектурасындағы маңызды элементке айналды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент геосаяси шиеленістің өршуі мен көпжақтылық қағидаттарының әлсіреуі өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа едәуір қауіп төндіретініне назар аударды.

«Әлем бұрын-соңды болмаған күрделі үдерістермен бетпе-бет келіп отыр. Оны байыппен зерделеп, терең түсіну қажет. Шын мәнінде, халықаралық құқықтың негіздері біртіндеп күйреп, өздерін заң талаптарынан жоғары қоятын күштер пайда бола бастады. Мұндай жағдайда барлық елдің халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы қағидаттарын қатаң сақтап, ортақ нормаларды біржақты тәпсірлемеуі маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға ниетті.

«Менің Президент ретіндегі ұстанымым – елімізде заң мен тәртіп мызғымас қағидатқа айналуға тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде бейбіт жиналыстар туралы заң жетілдіріліп, саяси партияларды тіркеу шегі төмендетілді. Жала жабуды қылмыс санатынан шығарып, өлім жазасын алып тастадық. Аталған шаралар еліміздің демократия құндылықтарына, заң үстемдігіне әрдайым бейіл екенін көрсетеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде энергетика, көлік және цифрландыру салаларындағы инфрақұрылымды жаппай дамыту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды

«Қазақстан халықаралық серіктестермен бірге теміржол және автокөлік дәліздерін, теңіз порттарын, жалпы транзит және логистика саласын жаңғыртуды белсенді түрде қолға алды. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллект – еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Біз Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдырғымыз келеді. Өйткені жасанды интеллект өсімі инновация мен цифрлық дербестіктің негізгі қозғаушы күші болады. Осы стратегиялық маңызы зор салаға күш-жігерімізді жұмылдыру үшін Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрдық. Көп ұзамай қуатты суперкомпьютерді іске қосамыз», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын жаңғыртуды тағы бір стратегиялық бағыт ретінде атады. Ел экономикасын әртараптандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аталған саланың ықпалы зор.

«Біз жаһандық қосылған құн тізбегімен толық интеграцияланған, сондай-ақ климат пен орнықты даму саласындағы мақсаттарға сай келетін тұрақты экономиканың негізін қалап жатырмыз. Бұл ұзақмерзімді мақсатқа жету үшін халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастық құруға мүдделіміз. Орайлы сәтті пайдаланып, осы маңызды бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан дипломаттар қауымының айрықша рөлін атап өткім келеді», деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша АӨСШК қатысушыларына табыс тілеп, Ұйымға жоғары деңгейде төрағалық жасағаны, диалогты нығайтудағы өлшеусіз күш-жігері, АӨСШК-нің институттық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның сенімді досы – Әзербайжан еліне алғыс айтты.