• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Жарақаттан болатын өлім саны төмендеді

30 рет
көрсетілді

Елімізде соңғы бес жылда жарақат салдарынан болатын өлім-жітім 19 пайызға азайған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматологы, академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп жазады Egemen.kz.

Маманның айтуынша, жарақаттан болатын өлім деңгейінің ең айтарлықтай төмендеуі Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тіркеліп отыр – бұл өңірлерде көрсеткіш 23%-дан 38%-ға дейін төмендеген.

2024 жылы елімізде 2,5 миллионнан астам адам травматологиялық көмекке жүгінген. Оның ішінде 240 мың науқас стационарлық жағдайда емделсе, 130 мыңнан астам операция жасалған. Солардың 1 556-сы жоғары технологиялық ем-шаралар санатына жатады.

Дегенмен, соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақаттар көбейіп, мамандардың алаңдаушылығын туғызып отыр. 2024 жылы елімізде 31 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Жол апаттарының жартысынан астамы Алматы қаласы мен облысында, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында, Астана мен Шымкент қалаларында болған.

Жыл қорытындысына сәйкес жол апаттары салдарынан 40 мыңнан астам адам зардап шексе, 2 452 адам көз жұмған.

Осы ретте еліміздің жедел медициналық көмегі дамыған мемлекеттермен деңгейлес қызмет көрсетіп отырғаны атап өтілді. Мәселен, 2024 жылы жедел жәрдем оқиға орнына қалаларда орта есеппен 8 минутта, ауылдық жерлерде 9 минутта жеткен. Зардап шеккендер орташа есеппен 35 минутта ауруханаға жеткізілген. Бұл – медицинада «алтын сағат» деп аталатын кезең, яғни өмір мен өлім арасындағы шешуші уақыт.

Академик Батпенов атындағы Ұлттық орталық – еліміздегі травматологиялық көмектің флагманы саналады. 2024 жылы орталықта 11 мыңнан астам операция жасалса, соның ішінде 1 720 буын эндопротездеу, 1 500 омыртқа хирургиясы және 2 мыңнан астам артроскопиялық араласу жүргізілген. Бұған қоса, өткен жылы диагностика мен емдеудің 20 жаңа әдісі енгізіліп, 11 патент алынған. 42 ғылыми мақала, оның ішінде халықаралық рецензияланатын басылымдарда жарияланған.

Телемедицина бағытында да оң нәтижелер байқалады – орталық мамандары еліміздің әр түкпірінен 183 науқасқа сараптамалық кеңес берген. Сонымен қатар, орталық кадр даярлау ісінде жетекші орынға ие. 2024 жылы 15 резидент оқуды аяқтаса, 110 өңірлік маман қайта даярлықтан өткен.

Баспасөз жиыны барысында Олжас Бекарисов жарақаттың алдын алу шараларын күшейту, шұғыл көмекті жаңғырту және ерте оңалту жүйесін дамыту қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, жол-көлік жарақатын азайту мақсатында тиісті ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.