• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 15:42

Оралда сайғақ етінен шұжық шығарыла бастады

20 рет
көрсетілді

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары сайғақ және құс етінен (үйрек немесе қаз) дайындалатын шұжық өндірісін қолға алды, деп хабарлайды Egemen.kz  «Надежда» газетіне сілтеме жасап. 

Алғашқы өнім партиясы университеттің ғылыми зертханасында арнайы рецептура бойынша әзірленді. Қолданылған ет университеттің өз аумағында өсірілген сайғақтар мен құстардан алынған.

«Біз сайғақ етінің көрсеткіштерін зерттеп, оның микробиологиялық қауіпсіздігін тексердік. Құрамында ішек таяқшасы немесе өзге де зиянды бактериялар болмауын қадағаладық», дейді тағам қауіпсіздігі зертханасының меңгерушісі Аян Оразов.

Ғалымдардың айтуынша, жоба тек рецептурамен шектелмейді – өнімнің дәмі, сапасы және сақтау мерзімі де басты назарда. Айдана Бекбусинова есімді магистрдің мәліметінше, сайғақ еті шырынды болып шыққан, ал дайын шұжық екі аптаға дейін сақтауға жарамды.

Бір сайғақтан орта есеппен 13–15 кг ет алуға болады. Қазіргі уақытта зертханалық топ шұжық құрамын жетілдіріп, технологияға патент алуды, кейінірек – сериялық өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр.

Атап өту керек, дәл осы университеттің ғалымдары бұған дейін сайғақ етін өңдеуді заңдастыру және реттеу бастамасын көтерген болатын. Олар бұл қадам табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және пайдалы, экологиялық таза өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Аймақта 2,3 миллионға жуық сайғақ бар. Қазіргі таңда 800 мың бас сайғақты ет және консерв өндірісі үшін шектеулі негізде алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.