• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:10

Халықаралық сауданы дамытатын әуежай

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов «Skyhansa» компа­ниясының тең құрыл­тайшысы әрі дирек­торлар кеңесінің мүшесі, доктор Крис­тин Грётцбахпен кездес­ті. Маңызды кез­десуде Жетісу облысын­дағы «Қорғас» халық­аралық шекара маңы ынты­мақтастық орталығы жанынан жүк және жолаушылар әуежайын салу жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының жобасы ICAO халықаралық ұсынымдарына сәйкес авиациялық инфра­құрылым салудың үш кезеңді бағдарламасын көздейді. Бірінші кезең шеңберінде 2027 жылға дейін өткізу мүмкіндігі сағатына 50 адамға дейін жолаушылар терминалы (2032 жылға қарай – сағатына 500 адамға дейін) салынбақ. Онда JET A-1 авиаотыны жаңа түрінің заманауи отын қоймасының көлемі жылына 200 мың тоннаға дейін (2032 жылға қарай – 550 мың тоннаға дейін) ұлғаяды. Жаңа әуежайдың автотұрағына қоса  жылына 50 мың тонна теміржол тұйығы бар жүк терминалын (2032 жылға қарай – жылына 250 мың тоннаға дейін) салу жоспарланып отыр.

Екінші және үшінші кезеңдер шеңберінде 2032 жылға дейін туристік және ойын-сауық инфрақұ­ры­лымы қолға алынбақ. Инвести­циялардың жалпы көлемі – шамамен 250 млрд теңге. Сондай-ақ жобада «Air–Rail–Auto-Air» жүк тасымалдарының мульти­модалды сызбасын әзір­леу, Азия-Тынық мұхиты аймағы бағытындағы көлік пен логистикалық маршрут­тар­дың түйіскен жерінде эко­но­микалық өсудің жаңа мүм­кіндіктерін ашу көзделген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан экономикасы құрылы­мын әртараптандыру жөнін­дегі ауқымды жұмыс шең­берінде көлік-логистика саласын басым бағыттардың бірі ретінде атады. Жетісу облысында заманауи әуежай салу жобасын жүзеге асыру инфрақұрылымды дамытуға елеулі серпін береді. Сонымен қатар Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады», деді О.Бектенов.

«Skyhansa» компания­сының тең құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі, доктор Кристин Грётцбах жобаның авиациялық ин­фра­құрылымды дамытумен қатар өңірде заманауи ло­гис­­тикалық және іскерлік ор­талық қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. «Біз жай ғана әуежай емес, халықаралық деңгейдегі дамыған инфрақұрылымы, оның ішінде жүк және жолаушылар терминалдары, жанармай құю кешені, әуе кемелеріне авиациялық-техникалық қызмет көрсету орталығы (MRO), бизнес орталығы, мультимодалды логистикалық мүмкіндіктерге арналған қонақүйлері бар көпфункционалды өңірлік хаб құрып жатырмыз. Оның Қытаймен шекараға жақын орналасуы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА шеңберін­де халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік береді. Ал оның теміржол мен автожол желілеріне қосылуы жаңа Жібек жолындағы келешегі зор логистикалық тораптардың біріне айналдырады», деп атап өтті доктор Кристин Грётцбах.

Кездесу соңында Көлік министрлігі мен «Skyhansa» арасында Инвестициялар туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, инвестор қажетті авиациялық инфра­құрылым құрылысына негізі­нен отандық материалдар мен қызметтерді пайдаланылады. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қызметкерлердің кемінде 90%-ы Қазақстан азаматтары болады. Бұл жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына серпін бермек. Игі істі жүзе­ге асыруда біздің тарап ин­женерлік және көлік инфра­құрылымын тартып, арнайы экономикалық аймақ­қа қатысушыларға мақсатты жеңілдіктер қарастырмақ.

Жоба «Skyhansa» бірлес­кен қазақ­стандық-германдық кәсіп­орнының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Германия тарапынан серіктес ретінде авиациялық терминалдар мен инфрақұрылымды дамыту бойынша жоғары қыз­мет көрсететін «The Hansa Consortium» компаниясы, Қазақ­стан тарапынан – Қазақ­стан, Орталық Азия және Кав­каз нарығындағы әуежайлар үшін кешенді қызметтер мен ин­жинирингтік шешім­дер ұсы­натын «Skymax Technologies» компаниялар тобы жұмылдырылады.

Соңғы жаңалықтар