• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 09:20

Тіл мен технология

30 рет
көрсетілді

Тіл тірі ағза секілді. Ол дамиды, түрленеді, жаңарады. Ал оны заман көшіне ілестіретін – технология. Бүгінде қазақ тілін дамыту үшін қағаз бен қаламнан гөрі интернет пен жасанды интеллект көбірек көмектесіп жүр. Бір платформа сөздің мағынасын тереңірек түсіндіруге көмектессе, екіншісі орфографиялық қателерді түзетеді. Ал үшіншісі терминдерді біріздендіреді, төртіншісі аудионы әп-сәтте мәтінге айналдырады. Бұл – тілді күнделікті өмірде оңтайлы әрі сапалы қолдануға арналған «sozdikqor.kz», «emle.kz», «termincom.kz», «Writer Voicy» сияқты құралдардың ортақ миссиясы.

«Sozdikqor.kz»

Қазір бір сөздің мағынасын білу үшін қалың сөздік ақтарудың қажеті жоқ. Бәрі де қолжетімді әрі жылдам. Соның айқын дәлелі — «sozdikqor.kz» сайты. Бұл – қазіргі заманға сай жасалған, түрлі сөздікті бір жерге біріктірген көпфункциялы онлайн платформа. Оны тек тіл мамандары ғана емес, журналист, студент, мұғалім, аудармашы, тіпті мектеп оқушысы да пайдалана алады. Қалай дейсіз ғой? Мәселен, бұл жүйені мұғалімдер мен оқушылар жаңа сөз үйрену, мәтін жазу кезінде қолданса, журналистерге нақты мағына мен баламаны табуға, сөздің стильдік реңкін анықтауға өте ыңғайлы.

Мысалы, сіз іздеу жолағына «қол» сөзін жаздыңыз делік. Сайт сізге оның тек «адам мүшесі» деген мағынасын ғана емес, «қолұшын беру», «қол қою», «қол жеткізу» сынды тұрақты тіркестерін, синоним-омонимдерін бірден ұсынады. Сондай-ақ әр сөзді мысалмен түсіндіреді, сөйлем ішінде қалай қолданылатынын да көрсетеді.

Бұл сайтта түсіндірме сөздік, фразео­ло­гиялық сөздік, орысша-қазақ­ша, қазақша-ағылшынша сөздіктер, синонимдер мен антонимдер жинағы, тұрақты сөз тіркестері бар. Қысқаша айтқанда, тілдегі байлықтың бәрі бір платформаға топтастырылған. Айта кетерлігі, бұл сайтқа тіркелусіз кіріп, тегін қолдана аласыз. Смартфоннан да оңай ашылады. Сондай-ақ «Телеграмм» әлеуметтік желісінде қолдануға өте тиімді «Sozdikqor.kz» деген бот бар. Бұларды ұялы телефоныңызға жүктеп алу арқылы тіл мұхитында еркін жүзіп, айбынды ана тіліміздің шетсіз-шексіз айдынына алаңсыз саяхат жасай аласыз.

 

«Emle.kz»

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген бұл портал – қазақ тілінің орфо­графиялық ережелері мен сөздердің дұрыс жазылуын тексеретін арнайы сайт. Мұнда берілген ереже мен сөз үлгілері – мамандар мақұлдаған, ресми нұсқалар. Сайттың басты мақсаты — қазақ тілінде сауатты жазуға көмектесу, емле нормаларын кеңінен түсіндіру және қарапайым оқырман мен жазарманға нақты бағыт-бағдар беру.

«Emle.kz» сайтынан сіз белгілі бір сөздің дұрыс жазылуын, сөздердің бірге немесе бөлек яки дефиспен жазылу ере­желерін, жиі қате жазылатын сөздер тізімін, сондай-ақ қазіргі қолданыстағы орфо­­графиялық нормаларды таба аласыз.

Базада дәл қазір 100 мыңнан астам сөз бар. Сайт өте қарапайым әрі қолжетімді. Басты бетке кіріп, «іздеу жолағына» керек сөзді тересіз. Жүйе сол сөздің дұрыс жазылуын, оған қатысты дереккөзді әп-сәтте шығарып береді. Электронды қор бір­не­ше бөлімнен тұрады. Мәселен, «Мақа­ла­лар» блогінде ғалымдардың осы сала негізінде жазылған ғылыми мақалалары берілген. Әрбір мақаладан кейін пікір қалдыратын орын болады. Сол арқылы оқырман автордың өзіне, мақаласына қатысты сұрақтар қойып, жауап алады. Ал «Кітапхана» блогінде оқырман орфография, орфоэпия, пунктуацияға қатысты жазылған оқулықтардың то­лық электронды нұс­қасын көре алады. Сондай-ақ оқулықтың толық нұсқасын өзіне көшіріп, жүктей алады. Сондықтан «emle.kz» – сауатты жазу­ға ұмтылған әрбір адам үшін сенімді көмек­ші.

 

«Termincom.kz»

«Цифрлық жүйе ме, әлде сандық жүйе деген дұрыс па?», «Ауқымды деректерді «big data» деп жаза беруге бола ма?» деген секілді сұрақтармен әр сала маманы бетпе-бет келеді. Себебі күн сайын тілге жаңа ұғымдар еніп жатыр. Ал солардың дұрыс, бірізді аудармасын білмесек, басы артық баламалар көбейіп, тілдегі тәртіп бұзылады. Осы мәселені шешу үшін «Termincom.kz» сайты іске қосылған. Бұл – еліміздегі ресми терминологиялық портал, яғни бекітілген барлық қазақша терминнің қайнары.

Ғылым мен техника жылдам дамып жатқан заманда күн сайын жаңа технология, жаңа құрал, жаңа әдіс пайда болып жатады. Ал олардың бәрін қазақша сөйлету үшін дәл, нақты, сәтті аударма керек. «Termincom.kz» – сол мақсатқа қызмет ететін платформа.

Қазіргі уақытта сайт қорында 390 022 термин бар. Мұнда әр терминнің қазақша баламасы, қай салаға қатысты екендігі, оның бекітілген жылы жазылады.

Мәселен, сіз «экспертиза» сөзінің қа­зақ­шасын білгіңіз келеді. «Termincom.kz» сізге оның «демографиялық сараптама», «инженерлiк-экологиялық сараптама», «коммерциялық сараптама» сынды бірнеше нұсқасын тізіп береді және әр терминнің қай жы­лы бекітілгенін де көрсетеді. Бұл жүйе көбіне – журна­лис­тер мен мемлекеттік қыз­меткерлерге де пайдалы платформа.

 

«Writer Voicy»

Кез келген журналист, студент немесе зерттеу­ші үшін аудиожазбаны қайта-қайта тыңдап, сөзбе-сөз теріп шығу — ұзақ уақытты алатын шаруа. Әсіре­се сұхбат, дәріс, жиын жазбаларын мәтінге түсіру қолмен атқа­рылатын күрделі жұмыс болатын. Енді бұл үде­рісті жеңілдететін қазақтілді құрал бар. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бұл жүйе – тіл технологиясы мен күнделікті қа­жет­тіліктің сәтті то­­ғысуынан туған тың жаңалық.

«Writer Voicy» арқылы енді ұзақ сөйлеген адамның сөзін бір сағаттап теріп отырмайсыз. Сайтқа кіріп, аудио­файлды жүктесеңіз болғаны — санаулы минут ішінде жазба дайын болады. Мәтінде тыныс белгілері де қойылады, сөйлем құрылымы да сақталады. Бұның пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, бұрын тілшілер спикердің пікірін диктофонға жазып, кейін оны өзі тыңдап, қағазға түсіруге біраз уақытын сарп ететін. Ал қазір «Writer Voicy»-дің арқасында бір сағаттық аудионы бір минуттың ішінде мәтінге айналдыруға болады. Орысша-қазақша араласқан сөздерді бағдарлама өзі-ақ өңдеп жібереді.

Мұның басты ерекшелігі — қазақ ті­ліндегі сөйлеуді дұрыс тани алуы. Бұған дейін мұндай жүйелер көбіне орысша немесе ағылшын тілдеріне бағытталған еді. Енді қазақша сөйлеген сөзіңізді де жазбаша түрге оңай айналдыра аласыз.

Сайтты қалай қолдануға болады? Ең әуелі  «writer.kz/voicy» сайтына кіресіз. Содан соң аудиофайлды жүктейсіз немесе бейнежазбаның сілтемесін енгізесіз. Бірнеше минут күткен соң жүйе сізге мәтінді шығарып береді. Сөйтіп, дайын мәтінді көшіріп алып, түзетіп, пайдалана беруге болады.

«Writer Voicy» – бұл жай ғана аудару құралы емес, қазақ тіліне икемделген интеллектуалды жүйе. Қазірде жасанды интеллект тек шет тілінде емес, ана тілімізде де нақты жұмыс істей алатынын осы құрал дәлелдейді. Технологияның тілге қызмет ете бастағаны – тілдің де заманға сай түрленіп жатқанын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар