Есте жоқ ескі заман жылнамаларынан жиі кездесетін Жанкент қаласы Сырдың төменгі ағысындағы ірі экономикалық және саяси орталық болғаны анық. Көне түркі тілінде Янгикент, араб зерттеушілері әл-Карьят әл-Хадиса, парсы жылнамашылары Дих-и-нау деп таңбалаған шаһар атауының аудармасы жаңа қала дегенді білдіретін еді.
Тарихи деректерден бөлек, түрлі аңызға да арқау болған ежелгі қала орнында археологиялық зерттеулер жүргізіліп келе жатқанына 20 жылдың жүзі ауды. Археологтер жұмысы қала орнын қазумен бітпейтіні анық. Осы уақыт аралығында Жанкенттен табылған жәдігерлер сараптамадан өтіп, қаланың «жасы» әр кезеңдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдай туралы жаңа байлам жасауға негіз болып отыр.
2023 жылдан бері Түркі академиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жанкенттегі археологиялық зерттеуді бірлесе жүргізіп келеді. Академия бастамасымен санғасырлық тарихы бар археологиялық мұра табылған қазба алаңы тұмшаланып, ескерткіш стелла орнатылды.
Университет ғалымдарынан бөлек Я.Гулямов атындағы Самарқан археология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы мамандары қатысқан қазба жұмысы Жанкент археологиялық ескерткішін жан-жақты зерттеп, сақтау және түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға сеп болып отыр.
Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Сырдария оғыздарының астанасы болған Жанкент Еділ-Орал өңірі мен Мәуереннаһр, Хазар қағанаты мен Хорезм арасында маңызды сауда және мәдени байланыс торабына айналғанын атап өтті.
«Түркі академиясы баса назар аударатын негізгі саланың бірі – тарихты тірілтетін археология. Былтыр академия тарапынан Маңғыстау өңірінде оғыз-қыпшақ дәуірінің қорымдарын зерттеуге арналған ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Осы күні Моңғолиядағы Номғон жазығында Түркі қағанаты дәуіріне жататын мемориалдық кешенге қатысты дала жұмысы жалғасып жатыр. Осының бәрі – ортақ мұрамызды жандандыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар. Ал Қорқыт ата университетімен бірлесе жүргізілген жұмыс аясында археологтер құрылыстар тарихын, халықтың әр кезеңдегі тұрмыс-тіршілігін зерттеуге назар аударды. Зерттеу кезінде табылған жәдігерлер үлгілері зертханаларға жіберілді. Табылған заттар қоныс тарихын VII–VIII ғасырлардан бастауға болатынын көрсетіп тұр. Қазба жұмысы кезінде бұрын-соңды кездеспеген күміс теңгелер табылып, қазір зерттеуге жіберілді. Жалпы, Жанкент жәдігерлері күллі түркі жұртына ортақ мұра. Бүгінгі стелла мен қазба орнын тұмшалау тарихи мәні зор мұраны келешек ұрпаққа жеткізудің қамы», деді ол.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева бірлескен бастамаға сәттілік тілеп, министрдің Алғысхатын табыстаса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева жұмыс нәтижесі бойынша толымды монография әзірленіп жатқанын айтты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов тілектестігін білдірді.
Самарқан археология институтының маманы Айсұлу Искандерова үш жылғы жұмыстың басты жаңалығы – IX ғасырға тән күміс теңгелер екендігін айтады.
«2023 жылдан бастап қазбалар цитадельдің кіреберіс қақпалары мен тұрғын үйлерде, сондай-ақ қаланың шахристан бөлігінде жүргізілді. Дарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қала орнындағы ауқатты отбасы паналағаны білінетін үй орнынан күміс теңгелер мен оғыздардың басты тотемі қошқар мүсінінің бүтін табылуы VII–X ғасырларда Сырдария өңіріндегі түркі-оғыз мәдениетінің қалыптасу және даму сатыларын нақтылауға мүмкіндік беріп, орта және төменгі Сырдария аймақтарындағы этностық жүйелер туралы түсініктерді айтарлықтай кеңейтеді», деді ол.
Археологтер ежелгі қаладағы тұрғын және шаруашылық ғимараттардың құрылымы оның инфрақұрылымы дамыған орталық болғанын көрсететінін айтады. Үш жыл бойы жүргізілген қазба жұмысы нәтижесінде Жанкенттің материалдық мәдениетін айғақтайтын көптеген құнды тарихи жәдігер табылыпты. Күміс теңгеден бөлек бұрын-соңды кездеспеген керамика үлгілері, қола бұйымдар, ошақ маңында қолданылған қошқар басы бейнесіндегі тұғырлардың түрлі өрнектелген түрлері ерекше назар аудартады.
Археолог Айсұлу Ержігітова бірлескен бастама аясындағы қазба жұмысы қорытындысымен таныстырып өтті. Ерекше үлгіде жасалған құмыралардан бөлек қаладан табылған құнды жәдігердің бірі – ежелгі дастарқан. Оны ас ішіп болғаннан кейін әшекейлі бетін сыртқа қарата сүйеп, сәндік жиһаз ретінде пайдаланған.
Керамика саласының маманы Гүлмира Әмірғалина қалашық орнына зерттеу жүргізілген 20 жылда 30 мыңға жуық керамикалық зат табылғанын айтады. Түркі академиясымен бірлескен жұмыс аясында шыққан шырағдан қойғыш құты ерекше мұра болып тұр. Төрт бұрышына тауешкі бейнесі түскен мұндай зат басқа өңірлерде кездеспейді. Жалпы, бұл жәдігерлер жанкенттіктердің жануар мен от бейнесіне айрықша назар аударғанын білдіреді.
Археолог Сейдалы Біләловтің пікірінше, Жанкент талай жас үшін ғылымға жол ашып, тәжірибе алаңына айналған шаһар. Үш жылда қорғаныс жүйесін зерттеуге ден қойған ғалымның айтуынша, тек осы бағытта қаланың солтүстік-батысынан 450 шаршы метр болатын аумақ аршылып, екі құрылыс кезеңін дәл анықтауға мүмкіндік туған. Қазғанда күрек басы жеңіл аршылатын топырақ астында сүймен сілтегенде әзер ойылатын қатты қабат жатыр. Заманында дос та, дұшпан да қызыға көз тіккен Жанкенттің соңғы кезеңінде қорғаныс қақпасына кәдімгі күйдірілген кірпіштер көп пайдаланылыпты. Бір өкініштісі, олардың көбі патшалық Ресей дендей енген кезінде салынған құрылысқа жұмсалып кеткені. Ғалымдар математикалық модельдеу жолымен XIX ғасыр ортасынан бері қала аумағынан 1 млн-ға жуық күйдірілген кірпіш қолды болғанын анықтаған.
«Биыл шурф салып, қала құрылысының 3 кезеңнен тұратынын анықтадық. Қазір табанымыздың астында сол үшінші кезеңде салынған ғимараттар жатыр. Алда «Қазреставрация» мекемесі тарапынан аршылған бөлігін сақтау, тұмшалау жұмысы басталады. Жалпы, 16 гектар қаланы биіктігі 6-7, қалыңдығы 5 метр болатын қорғанмен қоршаудың өзі шаһардың экономикасы дамыған орталық болғандығының белгісі», дейді археолог.
Жергілікті ғалым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Археология және этнография ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Жетесби Сұлтанжанов «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында басталып, кейін жергілікті бюджет, Түркі академиясы көмегімен жалғасқан жұмыс еліміздің орта ғасырлық тарихын зерттеуде жаңа серпін бергенін айтып отыр. Археологтер зерттеулер барысында сол тұстағы халықтың діни-нанымы туралы да дерек іздейді. Қала аумағынан ғибадат орындары анықтала қоймағанымен, жеке үйлер орындарынан табылып жатқан қошқармүйізді діни-ғұрыптық бұйым қатарына жатқызады. Ғалымдар «шаһарда ислам дінінің ықпалы байқала бастаған тұста отқа табынушылар үйлерінде жасырын түрде ғұрыптар өтеуі мүмкін» деген болжам жасайды.
Қала орнына археологиялық зерттеулер басталғалы бері мамандар 1 500 шаршы метр аумақты ашқан. Жетпіске жуық аршылған бөлме орны шаһар аумағындағы баспаналардың бір үлгіде салынғанын көрсетіп тұр. Осыдан біраз жыл бұрын аспан асты музейін жасау бастамасы да қолға алынып, бір бөлмеге сол кезең тұрғындары тұтынған заттар мен адамдар мүсіні қойылды. Барлық бөлменің ортасында ашық ошақ жасалып, жанына қошқармүйіз қойылғанын аңғаруға болады.
Археологтер қала «жасын» анықтау үшін қазған тереңдігі 6 метрлік орды да көрдік. Радикарбон сараптамасы қаланың ең алғашқы қабаты саналатын ор түбінен алынған топырақтың VI–VII ғасырларға тән екенін көрсетіпті. Бұл осыған дейін қала іргесі қаланды деген кезеңнен де әрі кетеді. Жаңа сараптамаларға сүйенген ғалымдар қала VII–XI ғасырлар аралығында өмір сүрген деген болжам жасап отыр.
Жылдар бойы жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде ежелгі қала бейнесі бірте-бірте айқындалып келеді. Ал ондағы табылған жәдігерлер күллі түркі жұртына ортақ мұраға айналып отыр.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы