• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 07:45

Бюджетте әлеуметтік салаға басымдық берілді

Мәжілісте былтырғы республи­калық бюджет­тің атқарылуы ­туралы Үкімет пен Жоғары ауди­­тор­лық палатаның есептері талқы­ланды. Бюджет қаражаты қанша­лықты тиімді жұмсалды? Елдегі эконо­микалық өсімді халық сезінді ме?

Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінген

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібіне сәйкес бес мәселе қаралды. Алдымен депутаттар 2025 жылғы рес­публикалық бюджеттің атқа­рылуы туралы есептерді тың­дады.

Алғашқы баяндамашы, Қаржы министрі Мәди Такиев­тің айтуынша, былтырғы бюджет кірісі 21,4 трлн теңгені құрап, жоспар 99 пайызға орын­далған. Мәселен, өткен жылы өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталса, әлеу­мет­тік салаға 9,3 трлн теңге жұмсалған. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған.

Ұлттық жобалар аясында 198 мектептің, 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталыпты. Сонымен қатар 10 мыңнан аса студентке арналған 30 жатақхана пайдалануға берілген. Халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынған.

Былтыр 980 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі салы­ныпты. Республикалық маңызы бар 9 мың шақырым жол, жергілікті 4 мың шақырым торап жөнделген. Ал агроөнер­кәсіп кешенін қолдауға 1,1 трлн теңге бағытталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 172 млрд теңгеге артық.

Бюджеттің меншікті кірісі бір жылда 1,8 трлн теңгеге көбейген. Салықтық түсімдер де айтарлықтай өсіп, 17,5 пайызға (2,2 трлн теңгеге) артқан. Министрдің сөзіне қарағанда, экономика 6,5 пайызға өсті. Оған көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сау­да салалары негіз болған.

– Бұл ретте инфляциялық қысым сақтала отырып, 12,3% деңгейінде қалып­тасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде болса, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы тұрақты 4,6%-ды құрады. Мемлекеттік борыш белгіленген деңгейде тұр. Жыл қорытындысында ішкі жалпы өнімнің 22,8 пайызын немесе 36,4 трлн теңгені құрады. Ұлттық қордың активтері 2025 жылдың аяғында 73,8 млрд долларға жетті. Респуб­ликалық бюджеттің кірістері, жоспардан 99 пайызға орындалды, – деді М.Такиев.

Десек те, бюджетке жос­парланған көлемнен 335,6 млрд теңге аз қаражат түс­кен. Бұған мұнай бағасының төмендеуі, экспорт көлемінің қысқаруы, ірі кәсіпорын­дардан түсе­тін салықтардың азаюы әсер еткен.

– Жыл қорытындысында мұнайдың орташа бағасы болжанған 75 доллардың орнына 69 доллар болды. Сонымен қатар экспорт көлемі 1,7 млрд долларға қысқарды. Бұған қоса геосаяси ахуалдың әсерінен елдегі 134 ірі кәсіп­орыннан түсетін салық көлемі 709 млрд теңгеге немесе 36 пайызға азайды, – деді ол. 

Мемлекеттік қарызымыз – бақылауда

Депутат Ерлан Стамбеков мемлекет халықтың несие жүктемесін азайту бо­ын­ша қатаң саясат жүргізіп жатқа­ны­мен, өзінің борыштық жүкте­месін арттырып отырғанына назар аударды.

– 2025 жылы үкіметтік қа­рыз өткен жылмен салыстыр­ғанда 4,8 трлн теңгеге өс­кен. Бұл ретте тартылған қаражаттың едәуір бөлігі экономиканы дамытуға емес, қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыруға және шығыстарға жұмсалып жатыр. Егер біз азаматтардан қаржылық тәртіпті талап етсек, мемлекет деңгейінде де мұндай тәртіп бірінші кезекте қамтамасыз етілуге тиіс, – деді ол.

Қаржы  министрі Мәди Такиев қар­жылық тәртіпті тек азаматтар мен бизнес қана емес, мемлекет те сақтауы керек деген пікірмен келісті. Алайда ол мемлекеттік қарыз деңгейі мен оған қызмет көрсету құнын бөліп қарау қажет екенін айтты.

– Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 36,4 трлн теңгені немесе ІЖӨ-ге шаққанда 22,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 32 пайызы көлемінде белгіленген шекті деңгейден төмен болып қалып отыр. Бүгінде мемлекеттік қарыз­ды басқаруға болады, әзірге ешқандай кері әсерін көріп отырған жоқпыз, – деп жауап қайырды министр. 

Ұлттық қор қаражаты мақсатсыз жұмсалмауы керек

Есептер тыңдалып, тал­қылаулар аяқтал­ған соң, Мә­жіліс төрағасы Ерлан Қошанов бюджет саясатына қатысты бірқатар жүйелі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, былтыр Үкімет ауқымды жұмыс атқарып, ел экономикасында тұрақты өсім сақталған.

– Ішкі жалпы өнімнің өсімі болжанған көрсеткіштен де, былтырғы деңгейден де жоғары болды. Ұсынылған есептер экономиканың дамуында тұрақтылық бар еке­нін көрсетіп отыр. Биыл­ғы есептің ерекшелігі сол – Парламент алғаш рет мем­лекеттік борыштың жай-күйі, бюджеттен тыс қорлар және квазимемлекет­тік сек­тор қызметі туралы кең көлем­де ақпарат алды. Бұл талқы­лаудың мақсаты – кінәліні іздеу емес. Басты мақсат – алдағы жұмысымызға қажетті шешімдерді анықтап, бюджет сая­саты мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеу, – дей келе Е.Қошанов жаңа Бюджет кодексі аясында Үкіметке Парламенттің қатысуынсыз бюджет шы­ғыстарын 15 пайызға дейін түзету құқығы берілгенін еске салды.

Алайда мемлекеттік органдар бұл мүмкіндікті шамадан тыс пайдаланып отырған көрінеді. Кейбір салаларда шығыстар көлемі 59 пайызға дейін өзгертілген. Жалпы алғанда, өткен жылы бюджет­ке сегіз рет түзету енгізілді. Бұл бюджет­тік бағдарламаларды бастап­қы жоспар­лау жеткілікті деңгейде пысықталма­ғанын көрсетеді. Мәжіліс төрағасы бола­шақта Бюджет кодексіндегі бұл норманы қайта қарап, бюджеттік түзетулердің нақты шегін белгілеу қажет екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол былтыр даму бюджетінің үлесі 8,1 пайыздан 6,4 пайызға дейін қысқарғанын, сонымен қатар жоспарланған инвестициялық жобалардың бестен бірі аяқталмай қалғанын еске салды.

– Елдің ұзақмерзімді эко­номикалық өсімінің негізі – инфрақұрылымға, өн­діріске, инновацияға және адам капиталына салынған инвес­тициялар. Алайда осы ба­ғыт­тағы даму бюджетінің тиісті деңгейде орындалмай жат­қанын көріп отырмыз. Мемлекеттік шығыстарда қазіргі мәсе­лелерден гөрі елдің дамуына бағытталған жобаларға басымдық берілуі керек. 2025 жылы көшелер мен саябақтарды абат­тандыру, көшелерді жарықтандыру сияқ­ты жобалар Ұлттық қор есебінен қаржы­­ландырылған. Бұл Ұлттық қор қаража­тын пайдалану саясатына түбегейлі қайшы келеді. Ұлттық қордың қаржысы тек мем­лекеттік маңы­зы бар стратегиялық жоба­­лар­ға бағытталуға тиіс, – деді Мәжіліс төрағасы.

Осыған байланысты Е.Қошанов Үкіметке Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға қосымша мониторинг жүргізіп, тиісті қорытынды шығаруды ұсынды. Ол бюджет кірістерін жоспарлау сапасына да сын айтты.

– Бюджет кірістерін жоспарлау кезінде іс-шаралардың жеткілікті дең­гей­де ойласты­рылмағаны байқалады. Бюд­жет кірістері экономиканың оң өсім қарқынынан қалып қойып отыр. Бұл мәселе депутаттар тарапынан да өткір сынға ұшырады, алдағы уақытта бюджет кірістерін барынша объективті әрі сапалы жоспарлау қажет, – деп сөзін түйіндеді Мәжіліс төрағасы.

 

Мәжіліс жаңа келісімдерді ратификациялады

Бұдан кейін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Эко­номиканың инклюзивті және орнық­­ты өсуі» даму сая­сатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Одан соң депутаттар Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы елші­лік­­тер­дің, сондай-ақ екі мем­­ле­кет­тің Төтенше және  өкілетті  елшілері  резиденция­ларының мұқтаждықтары үшін Астана және Бішкек қалаларындағы ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялауға келісті. Оған сәйкес Қазақстан мен Қырғызстан екі ел аума­ғын­дағы дипломатиялық объектілерді өзара өтеусіз пайдаланады. Мүлік 49 жыл мерзімге беріліп, кейіннен осы мерзімді ұзарту мүмкіндігі қарастырылады.

Елімізде қалдықтарды басқару және қайта­лама ресурстарды қайта өңдеу ереже­лері жаңарады. Осыған қатысты «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске өзгерістер мен толық­­тыру­лар енгізу туралы» құ­жат Мәжі­лісте екін­ші оқы­лымда қабылданды. Пар­ла­мент деп­утаттары бас­тамашы болған заң саланы цифр­лан­дыру, қалдықтарды басқару жүйесін жетіл­діру, көміртекті офсет тетіктерін дамыту, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру, сондай-ақ Ұлттық гидрометеоро­логиялық қыз­меттің жұмысын жетілдіру шараларын көздейді.

Отырыста қоршаған ортаны қорғауды күшейтетін заң да қаралды. Құжатта ішкі көміртек нарығын дамытуға бағытталған түзетулер бар.