Қазіргі дамыған технология қай салаға да өзгеріс енгізумен қатар өзгені алдап жан бағатындар үшін де қолайлы болып отыр. Осының салдарынан жыл сайын мыңдаған азамат киберқылмыстың құрбанына айналады.
Интернеттегі алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалатыны. Демек қолында компьютер, смартфон, планшеті бар адам кез келген уақытта алаяқтың арбауына түсуі мүмкін. Әлеуметтік желі үшін шекара жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелден шырға тастайтындар көбейіп отыр. Ал қоянның жымындай желіден қылмыскерді табу – қиынның қиыны. Соған қарамастан полицейлер арам жолмен табыс тапқандарды анықтап, жауапкершілікке тартады.
Облыстық полиция департаменті киберпол басқармасы бастығының орынбасары Тимур Хамитовтің айтуынша, өңірде жыл басынан бері 298 дерек тіркеліп, ол жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 37,3 пайызын құраған. Жыл басталғалы бері өңірде интернеттегі алаяқтық дерегімен тіркелген қылмыстық істер саны 118-ге жетіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде 41 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданыпты.
«Интернеттегі алаяқтықтың жиі кездесетін түрі ұялы байланыс операторы немесе банк қызметкері ретінде телефон шалып, жеке деректі сұрату болып отыр. Еліміздің байланыс операторлары алаяқтық мақсатпен шетелден қоңырау шалған 50 млн-нан аса қоңырауды бұғаттапты. Облысымызда интернеттегі алаяқтық қылмыстармен айналысатын «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы» құрылып, арнайы ақпараттық техникалармен жабдықталып жатыр», дейді Тимур Зуфарұлы.
Түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы акцияға инвестиция салудан жылдам түсетін кірісті жарнамалайтындардың да қармағына түсетіндер көп. «Whatsapp» әлеуметтік желісімен жақын танысы болып қарызға ақша сұрағандардың да айласына сеніп қалатындар аз емес. Пайыздық мөлшермен үстемақыны көбейту секілді хабарламаларға алданып, көрсетілген есепшоттарға ақша аударғандар да бар.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтар арбауына әдетте 35–60 жас аралығындағы адамдар түсіп қалып жатады. Бұрынғыдай «жұмысқа тұрғызамын, кезексіз пәтер алуға көмектесемін, жер телімін алып беремін, балаңды оқуға түсіремін, жиһаз жасап беремін» деген алаяқтықтың «дәстүрлі» түрлерінен әлеуметтік желіде тұрмыстық заттарды сату-жеткізу парақшаларын ашып, алдын ала ақшасын тиісті есепшотқа аудартып алатындар, жалған жарнама қойып, күреп ақша табатындар озып барады.
Алаяқтар интернеттегі «табысы жоғары жұмыс» жайлы жарнамаға сенген жастарды көбіне дроппер ретінде пайдаланады. Өздерінің банк карталары мен жеке мобильді банктік шоттарын алаяқтарға берген жастар қаскүнемдердің қылмыстық жолмен алған ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесіп отырады. Әр аударымнан пайыз алатын олардың көпшілігі бұл ісінің заңсыз екенін білмейді.
Былтыр облыста бір зейнеткер сырттан түскен қоңырауға сеніп, 50 млн теңгесінен қағылыпты. Қазір қалталы қартты алдағандар шетелден ұсталып, қаржыны қайтару жолы қарастырылып жатыр. Биыл олардың қақпанына түсіп қалған тағы бір қызылордалық 40 млн теңгесін аударып жіберіпті. Былтырғы деректегі алаяқтар Беларусь мемлекетінен болса, биыл жерлесіміздің жиған-тергенін сыпырып алғандар Армениядан анықталып отыр.
Полицейлер биыл инстаграм желісінде @Cyberpol_kzo атты парақша ашып, онда облыс тұрғындарына алаяқтық қылмыстардың жаңа тәсілдері мен олардың арбауына түсіп қалмаудың жолын түсіндіретін бейнероликтер жариялап келеді. «Олардың тұзағына ең алдымен «мен алданбаймын» дегендер түсіп жатады. Сондықтан осындай ескертулерден хабардар болып отырған жөн. Осы арқылы алаяқтың адымын қысқартуға болады», дейді олар.
Қызылорда