• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Ауыл Бүгін, 09:30

Ауылды өркендететін ауқымды жоба

40 рет
көрсетілді

Жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырған еді. Сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті. «Аmanat» партиясының тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асқан ауқымды жоба қазірдің өзінде нәтижесін бере бастады.

Әуел баста ел арасында бұл бастамаға тосырқай қарағандар да болғаны рас. «Әкімдерді неге оқытамыз?» деген сауал арагідік айтылып жүрді. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау арқылы мемлекет­тік қыз­метшілердің жаңа санаты қалыпта­сып келе жатқаны белгілі. 2,5 мыңнан аса басшы лауазымындағы қызметкерлердің арасында бұрын мемлекеттік қызметте істемеген азаматтар, соның ішінде әлі тәжірибесі толық қалыптасып үлгермеген жастар да бар. Оларды жүйелі оқыту, біліктілігін арттыру­дың маңызы зор екенін Президенттің өзі нақ­ты айтқан болатын. Осы орайда биылғы ақпанда басталып, мамырда түйінделген жобаның басы-қасында жүрген «Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев кешенді істің атқарылу барысы туралы баяндады. 

«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында бір миллион адамның табысын арттыру үшін оларды кооперативтерге біріктіру керек деген тапсырма бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы да соның аясында құрылды. Бағдарламаны толыққанды іске асыру үшін ауыл әкімдерін оқыту өте маңызды болды. Себебі ауыл әкімдерінің көбінің профильдік экономикалық білімі жоқ. Бірі мектеп мұғалімі, екіншісі тағы бір басқа мамандық иесі. Сондықтан ауыл мәселесін толық дерлік шешу үшін ауыл әкімдерін оқытудың өзектілігі артты», дейді Э.Жұмағазиев.

Ілкімді жоба ауылдың экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу және оларды тәжірибеде қолдану әдістемесін үйретуге бағытталған. Әкімдер, ең алдымен, өз ауылдарының бюджетін анықтайды. Сондай-ақ өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйренеді.

«Медицинада скрининг деген термин бар. Ол – адам ағзасын тексеру. Сол сияқты әрбір ауылдың тыныс-тіршілігін мұқият бақыладық. Өзіндік ерекшелігіне қарай экономикасын көтеруде неге сүйеніп, неге жүгінуге болады? Соны анықтап, әкімдерге бағыт-бағдар бердік. Онымен тең кеңес құрып, ауылдың даму стратегиясын құрдық. Осылай ауыл әкімдері бізбен бірге өз ауылының «ағзасына», яғни ішкі тыныс-тіршілігіне үңілді. Қай бағытта дамығаны дұрыс болатынын болжап, байыптап, нақты іс жоспарын құрды. Оқудың тиімділігі осы жерде көрінді», дейді партия хатшысы.

3 айда 2 мыңнан астам ауыл әкімі оқып, қызметіне қатысты білімін жетілдірді. Сондай азаматтың бірі – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылының әкімі Самат Ізтілеуов жобаның тиімділігі туралы былай дейді: «Ауылдық округ әкімдерін оқытуға ауқымды жобаға қатысқанымды зор ризашылықпен айтамын. Бағдарламаның мазмұны заман талабына сай құрылып, басқарушылық қабілетті арттыруға, нормативтік-құқықтық актілермен терең танысуға, халықпен тиімді кері байланыс орнатуға бағытталғаны ерекше қуантты. Оқу кезінде ауыл әкімінің міндеті мен құзыреті, бюджет пен мемлекеттік сатып алу жүйесі, жер қатынасы, цифр­ландыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ тәжірибелі мамандар мен сала сарапшыларының тәжірибе бөлісуі өте пайдалы болды».

Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекенде қазірдің өзінде кооператив құру жұмысы басталып кетті. Бүгінде ауыл адамдарына түсіндіру жұмысын жүргізіп жатқан ауыл әкімі келесі жылдан бастап 60 бас ірі қараны бордақылау орны мен қала арасында такси қызметі, сондай-ақ үлкен жол бойында жолау­шы дәмханалары және басқа қызмет көрсету орындары ашылып, бір кооперативке бірігетінін жеткізді.

«Amanat» партиясының қызмет­кер­лері ауыл әкімдерімен бірге әрбір ауыл үшін 3 айда болашағы бар 12 мыңнан астам инвестициялық жоба жасаған. Бәрінің құнын қоса есептегенде 600 млрд теңгеден асады. Мұндай жобаларды жасаудың басты мақсаты – тиімді жүйе құру. Мысалы бұрын «Ауыл аманаты» бағдарламасына байланысты несиелік ұсынымдар ретті-ретсіз келіп жататын. Ал оны қайда, қалай жұмсайтыны туралы нақты көрсетілмейтін. Соның сал­дарынан несие жіберілген көп ауыл көз­делген ол іске маманданбаған болып шығуы ықтимал еді.

«Ауыл өндірген тауарды сатып, табысқа айналдыру жолы да дұрыс қарастырылмаған. Әкімдерді оқытуда осы мәселенің бәріне оңтайлы шешім табуға тырыстық. Мысалы, біреу қауын, екіншісі күріш егуі мүмкін, ал кейінгілері ет, сүт өндіретін шығар. Ең алдымен, сол өнімді өткізетін нарық табу керек, болмаса қайта өңдейтін кәсіпорын қажет. Қазір ондай өнімдерді шикізат күйінде алатын орындарды ұйымдастырып жатырмыз. Өкініштісі, терең өңдеу жүйесін ауылдарда әлі толық қалыптастыра алмай жүрміз. Қазір ерекшеленген 103 ауылдық округте 100 тоннадан астам шикізат өндіріледі. Ет, сүт күйінде, бау-бақша өнімі де сол күйінде сатылымға шығарылып жатыр. Енді сол шикі өнімдерді қайта өңдеу мәселесін шештік», дейді Э.Жұмағазиев.

Эльдар Жұмағазиевтың айтуынша, алдағы 4 жылда ауылдарда 2,5 мың кооператив құрылады. Бір ауылда бір немесе 2-3 кооператив болуы мүмкін. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында бір ауылдың халқын бір кооперативке біріктірген тәжірибе бар. Сол бір кооперативтің ішінде ет, жемшөп, сүт, әйтпесе нан пісіретін наубайхана, тағы басқа өнім өндіріледі. Кооператив мүшелері бір-бірінен қажет тауарын сатып алғанда ауыл ақшасы сыртқа кетпейді, өз ауылында айналымға түседі. Сөйтіп, бірінің жағдайы түзелуіне екіншісі себеп болып жатады.

Десек те, ауылда сол шағын өндіріс орындарын кім ашады? Бұл сұрақ бү­гінде Үкіметте қаралып жатыр. Ай­тылған кіші индустриялық зона бар. Сондай-ақ әрбір облыста әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары жұмыс істеп тұр. Ауылдың индустриялық зона­лары сол корпорациялардың қата­рын­да, болмаса қарамағында жұмыс істесе деген де ұсыныс-тілектер айтылды. Егер солай болып, корпорациялар кіші индустриялық зоналарға цехтар орнатып, қоймалар салып берсе, ауыл халқының тұрмысын жақсартып, экономикасын көтеруге үлкен көмек болады.

«Жамбыл облысында осындай тәжірибе болды. Бүгінде сол жобаны кеңейтуге, жан-жақты дамытуға көңіл бөліп отырмыз. Мысалы, ел бойынша 200 миллиардтан астам қаражат жыл сайын 1, 4-сынып балаларын тегін тамақтандыруға жұмсалады екен. Осы қаражатты ауылға бұрсақ. Бірінші, балалар табиғи таза өніммен тамақтанады, екіншіден ауыл адамдарының табысы артады. Себебі 200 миллиард теңгеден астам тапсырыс ауыл үшін үлкен табыс. Бұл ауыл халқына қомақты көмек болар еді», деді партия хатшысы.

Ауылда тауар өндіретіндерге үлкен сауда орындарының сөрелеріне жету аса қиын. Себебі ірі сауда желілерінің тауар сапасына деген талабы қатал. Оған үшін әр тауар өндіруші арнайы сертификатқа ие болуы шарт. Үкімет пен кәсіпкерлер қазір осы шаруамен мұқият шұғылданып жатыр. Бұйыртса, ауыл өнімі біртіндеп дүкен сөрелеріне жетеді. Оған қоса партия хатшысы айтқан мемлекеттік сатып алуға байланысты үлкен тапсырысты ауыл халқына берсе, ауыл кәсіпкері сол талаптарға сай өнімді өндіреді.

«Шағын индустриялық зоналарды қолдауға Өнеркәсіпті дамыту қоры бар емес пе? Ол облыстарға 1 па­йыз мөлшерлемемен несие береді. Сол несиемен жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары шағын индустриялық зоналарды салуға мүм­кін­дігі бар. Қазір осындай шешім қабылданып жатыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы бірқатар кәсіпкерлер 2,5 па­йызбен несие алып отыр. Осы орайда кооперативтерге кемінде 60 адам бірігетіндей етіп ережесін жасау керек. Сонда оның өз экономикасы, тауарлық массасы болады», дейді Э.Тынышбайұлы.

Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, әуелі ауылдарда үлкен идеологиялық жұмыс жүргізу керек. Сондықтан партия тарапынан, жобалық офистің қолдауымен құрылатын кооперативтерді басқаратын адамдарды тағайындап, ауыл-ауылға жібермекші. Олар осы айда ауылдарға барады. Жергілікті жерде нақты жұмыс істеп, халықпен сөйлесіп, жаңа жүйені тыңғылықты түсіндіреді. Мамандардың айтуынша, осы жоба іске асып, жүйе дұрыс қалыптасса, жыл сайын ауыл адамдарының тиісті табысы 15–20 пайызға артып отырады деген үміт бар.