• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:30

Әлеуметтік нысандар – халық игілігіне

30 рет
көрсетілді

Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері туралы өткен кеңесте қайтарылған активтер мен мүліктер талан-таражға түспеуін қадағалауды қатаң ескерткен болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл қаражат барлық өңірде жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына жұмсалады.

Қайтарылатын қаражат Қаржы министрлігінің жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға түседі. Бүгінде қаржының басым бөлігі әлеуметтік маңызы жоғары инфрақұрылымды жандандыруға бөлінді. Қазірде жалпы құны 318 млрд теңге мөлшерінде 406 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде 9 білім беру нысаны, спорт саласындағы 3 нысан, денсаулық сақтау саласындағы 162 жоба, сумен жабдықтау саласындағы 159 жобаны қосқанда 333 жоба іске асырылып жатыр.

Барлық жоба Мемлекет басшы­сының әлеуметтік маңызы бар инфра­құрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Білім беру нысандары сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Спорт нысандары бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға серпін береді.

Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев шалғайдағы елді мекендерде әлеу­меттік нысандардың салынуы тұр­ғын­дардың ауылдан көшпеуіне себеп бола­тынын айтады.

«Еліміз – әлеуметтік мемлекет. Президент әлеуметтік мәселелерге үнемі ерекше мән беріп, жауапкершілік жүктеп келеді. Қайтарылған активтер­дің қаражаты есебінен 400-ден аса әлеуметтік нысан салынуы көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға септігін тигізеді. Жыл­дан-жылға қайтарылған қаржыға салынатын нысандар саны да арта түспек. Ауыл – ұлтымыздың алтын қайнары. Сол ауылдық жердегі ағайынның әлеуе­тін көтеруде ең әуелі әлеуметтік мәсе­ле туындамауға тиіс. Ауызсудан тарық­пауы қажет, инфрақұрылымның да игілігін көруі керек. Басы ауырып, балтыры сыздаған адам шалғайдағы аудан орталығына сабылмай-ақ, ауылдық округтегі емханадан тиісті ем-домын алатындай жағдай жасалуы қажет. Мектеп оқушылары да заманауи технологиямен жабдықталған кабинеттерде білім алуға тиіс. Сондықтан да қайтарылған активтердің әлеуметтік саланы күшей­туге жұмсалуы құптарлық іс», дейді депутат.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Шалғайдағы елді мекендерде «Ауыл­да денсаулық сақтауды жаңғырту» бағ­дар­ламасы аясында медициналық мекемелер салынады.

Су құбыры желілерінің құрылысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық қаласы мен ауылын толықтай таза ауызсумен қамтамасыз етудің стратегиялық мақсатына сәйкес жүргізіліп келеді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам.

Өңірлерде қайтарылған активтер қаражаты есебінен білім беру мекемелері, спорт кешендері, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау нысандарының құрылысы қарқын алды. Мәселен, Астанада ескі стадионның орнына Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион салынып жатыр. Жабық спорт ғимараты мүгедектігі бар азаматтарға арналған орындарды қосқанда, 3 598 орынға есептелген. Құрылыс UEFA-ның халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

Алматыда қайтарылған активтер қаражаты есебінен сумен жабдықтау жүйесін салу жөніндегі 9 жоба құрылысы жүріп жатыр. Шымкент қаласындағы «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешенінің тәрбиеленушіле­ріне арналған 300 орындық жатақхана ­салынады. Шығыс Қазақстан облысын­да да қайтарылған активтерге ауқымды жоба жүзеге асырылады. Арнаулы мемле­кет­тік қордан Гематология орталығы­ның құрылысын толық аяқтауға қомақты қаржы бөлінді. Бас ғимаратта заманауи медициналық жабдықтармен зертханалар, радиациялық диагностика, кардио­логия, кардиохирургия, гематология, сүйек кемігін трансплантациялау, күр­делі соматика бөлімшелері жабдық­та­лады. Жаңа орталық науқастарға емдеудің, оңалтудың озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соны­мен қатар өңірде қайтарылған активтер есебінен тағы 8 жоба: денсаулық сақтау саласында – 2, сумен жабдық­тау бағытын­да 6 жоба іске асырылып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында да өңірді сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған жобалар атқарылады. Қор қаражаты есебінен Соколов, Булаев, Пресновский топтық су құбырларын қайта жаңарту, сондай-ақ Көкшетау топтық су құбырына қосылған Айыртау ауданы мен Шал ақын ауылдық елді мекендерінде жаңа су құбырлары мен бұрмалар салынып жатыр.

Қарағанды облысындағы 7 ауданда 51 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттерді салу жоспарланып отыр.

Ақмола облысында денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, спорт са­ласын­­да 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қай­тарылған активтер есе­бінен екі меди­ци­налық нысан салынды. Аршалы ауда­нының Арнасай ауы­лында 2 мыңнан астам адамға қыз­мет көрсететін дәрігерлік амбу­ла­­­тория пайдалануға берілді, Бұланды ауданының Алтынды ауылында фельд­шерлік-акушерлік пункт ашылды. Енді үш елді мекеннің бір мыңнан астам тұрғыны уақтылы медициналық көмек алуға аудан орталығына сабылмайды.

Ақтөбе облысында да қайтарылған активтер есебінен жаңа білім беру мен денсаулық сақтау нысандары салынады. Өңірде әлеуметтік маңызы жоғары 12 жоба қолға алынды. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларға арналған арнайы балабақша.

Қордан Абай облысында әлеуметтік маңызы бар 24 нысанды жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Өңірде жаңадан сумен жаб­дықтау желілері, сондай-ақ меди­циналық мекемелер салынады.

Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау салаларында бір нысаннан салынады.

Жетісу облысында білім беру, ден­саулық сақтау, сумен жабдықтау сала­­ларында 22 жобаны жүзеге асыру жос­парланған.

Алматы облысында жаңа спорт нысандары, сумен жабдықтау желілері мен медициналық мекемелер салынады. Үкіметтің шешімімен бөлінген қаражат Кеген ауданы Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға пайдаланылады.

Жамбыл облысында 19 жоба салынады. 4 жоба денсаулық сақтау саласында, тағы 15 жоба сумен жабдықтау желілерін салуға бағытталып отыр.

Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ су құбырларын салу жө­нін­де­гі 25 жобаны тапсыру жос­пар­ланған.

Маңғыстау облысында қайтарылған активтерге бір денсаулық сақтау нысаны салынады. Қостанай облысында сумен жаб­дықтау желілері түбегейлі жаңар­­­тылады. Сондай-ақ өңірде денсаулық сақтау, білім беру нысандарын салу жос­парланып отыр. Түркістан облысында бір білім беру объектісін салу, сондай-ақ өңір тұрғын­дарын сумен қамтамасыз етуге қатысты 35 жоба іске аспақ.

Павлодар мен Қызылорда облыс­та­рында сумен жабдықтау желілері мен меди­циналық мекемелердің құры­­лы­сына арналған бірнеше жобаны іске асыру жоспарланған. Ұлытау облысында жаңа білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау нысандары салынады. Осылайша, қайта­рыл­ған қаражат негізінен әлеуметтік нысандар салуға бағытталып отыр.