• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:25

Дәрі-дәрмек өндірісін дамыту мәселесі талқыланды

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-пленарлық оты­рысына қатысу үшін Аста­наға келген Polpharma Group бақы­лаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесу өткізді.

Онда фармацевтика саласындағы, атап айтқанда, халық үшін басым бағыттар бойынша отандық дәрі-дәрмек өндірісі үлесін ұлғайту саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды.

Тараптар Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ зауытын жаңа өндірістік ғимараттар мен зертханалық алаңдар салу арқылы кеңейту жобасының жүзеге асырылу барысын қарады. Нарық сұранысын ескере отырып, кәсіпорын Santo Member of Polpharma Group сауда белгісімен жылына 2 млрд бірлік дәрілік заттар өндірісін игеруді жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 62,6 млн долларды құрайды, 300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Жергілікті өндірісті дамыту үшін басым терапиялық бағыттар ретін­де: туберкулез, созылмалы вирус­ты С гепатиті және бауыр циррозы, қа­тер­лі ісіктер, қант диабеті, психикалық бұзылулар, орталық жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да әлеуметтік маңызы бар аурулар таңдалды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл бағытта біз дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық өндірісі үлесін арттыруға ұмтылып келеміз. Фармацевтикалық өнім өндірісін локализациялауды ынталандыру шараларын жүзеге асырып жатырмыз. Медициналық технология­лар трансферті және импортты алмастыру, ғылыми және экспорттық әлеуетті дамыту басым бағыт саналады. Қазақстан Үкіметі әлеуметтік маңызды өндірістердің осындай ауқымын жүзеге асыруға мүдделі және инвестициялық жобаны уақтылы іске қосу үшін қажетті қолдау шараларын қамтамасыз етеді», деп атап өтті О.Бектенов.

Polpharma Group бақылаушы­лар кеңесінің төрағасы Ежи Старак Қазақстандағы инвестициялық ахуалға жоғары баға беріп, жаңа өндіріс заманауи техникамен жабдықталатынына және өндірілетін өнім фармацевтика өнеркәсібі саласындағы барлық халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін жеткізді. Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігіне қысқа мерзімде Жаңа заманауи дәрілік заттар өндірісі құрылысына инвестиция туралы келісім жобасын дайындауды тапсырды.

Айта кетейік, «Химфарм» АҚ кәсіп­ор­нына Polpharma Group инвести­ция­ларының жалпы көлемі 130 млн доллардан асты, 1 300-ден астам жұмыс орны ашылды. Зауыт 12 фармакотерапиялық топты қамтитын 280-нен астам жалпы препарат шығарады. Өндіріс GMP және GDP халықаралық стандарттары бойынша сертификатталған. Өнімдер Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжік­стан, Түрікменстан және басқа да елдерге жеткізіледі. Өткен жылы пай­далануға берілген Сапа және инновация орталығы Қазақстандағы ғылыми-зерттеу базасын күшейте отырып, жаңа препараттарды дербес әзірлеуге және енгізуге мүмкіндік береді. Отандық фармацевтика үшін кадрлар даярлауда еліміздің білім беру мекемелерімен ынтымақтастық жүргізілуде.