Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін елімізде Полиция күні мен Мемлекеттік қызметшілер күні қатар аталып өтіп жатыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің құқық қорғау саласы мен мемлекеттік аппарат қызметкерлеріне арнап құттықтау сөз сөйлеп, олардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.
«Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын. Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер. Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет», деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, құқық қорғау жүйесін жаңғыртуда жаңа буынның орны ерекше. Осыған байланысты жиынға арнайы түрде ведомстволық оқу орындарының курсанттары шақырылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы трансұлттық қылмыстық топтармен күрес жолында халықаралық әріптестіктің маңыздылығына назар аударды.
«Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет. Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр. Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды. Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.