Әрбір адам өз қауіпсіздігіне және жақындарының амандығына сенімді болғысы келеді. Жұмысқа кеткен ата-ана баласының үйіне аман-есен жетіп, қауіпсіз ортада болғанын қалайды. Автобуста қалта ұрыларының құрбанына айналмауға, кешкі уақытта қылмыскерлердің құрығына түсіп қалмауға немесе мас күйде жүрген адамдарға тап болмауға тырысады. Бұл үшін полиция қандай шаралар қабылдап жатыр? Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін тек жазалау шаралары жеткілікті ме? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов Polisia.kz порталына берген кең көлемді сұхбатында жауап берді, деп жазады Egemen.kz.
– Ержан Сапарбекұлы, сіздің ойыңызша, «Заң мен тәртіп» қағидатын әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналдыру үшін қазіргі құқық қорғау органдары қабылдап жатқан шаралар жеткілікті ме?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, мәжбүрлеу шараларынсыз қоғамда тәртіп орнату мүмкін емес. Ішкі істер министрлігі әкімшілік ықпал ету мен қылмыстық жаза қолданумен қатар, түсіндіру жұмыстарын да кеңінен жүргізіп келеді. Сонымен бірге автоматтандырылған жүйелерді енгізу қарқынды жүріп жатыр.
Бұл – азаматтарды өз әрекеттері үшін жауапкершілікке тарту мен жазалау қағидатын қалыптастыратын негізгі құралдар. Үйдің мықты іргетасы болмаса, оны салу мүмкін емес қой. Сол сияқты, тек мәжбүрлеу шараларымен шектелуге болмайды. Бұл жерде саналы тәртіп, заңға деген құрмет, адамгершілік және жауапкершілік сезімі де маңызды.
Бұл – тек полиция емес, барлық қоғам мүшелерінің міндеті. Саналы тәрбие, заңға деген көзқарас – ең алдымен отбасынан басталады. Мысалы, Атырау облысындағы 3 жасар Дінмұхаммед Жұмажан дұрыс сөйлей алмаса да, қоқыс тастауға болмайтынын түсінеді, ол барлық қазақстандықтарға үлгі болды. Анасының айтуынша, баласына бұл тәртіпті ата-әжесі үйреткен
Өкінішке қарай, қоғамда әлі де кейбір қате қалыптасқан ұстанымдар мен стереотиптер бар. Мысалы, кейбір азаматтар мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдетуді сұрап жүр. Бірақ осы жылдың өзінде 5 мыңға жуық жүргізуші мас күйінде ұсталды.
Жаза күшейгенімен, ондай жағдайлар әлі де бар. Сондықтан бұл жерде қоғамдық айыптау тетігін де қосу керек деп ойлаймын. Адамдар мас күйінде рульге отырмауы тиіс – полициядан қорыққаннан емес, бұл дұрыс емес екенін түсінгеннен. Мұндай түсінік тек заңмен емес, қоғамдағы ортақ көзқараспен қалыптасады.
Мас күйінде көлік жүргізетіндерге ешқандай жеңілдік болмауы тиіс – олар потенциалды қылмыскерлер. Биыл ғана олардың кесірінен 18 адам қайтыс болып, 300-ден астам адам жарақат алды. Әр трагедия – бір емес, бірнеше отбасының тағдыры. Жазаны жеңілдетуді сұрау – мас күйде рульге отыруды қолдау деген сөз.
- Азаматтардың құқықтық санасын арттыру үшін не істеу керек? Біздің халқымыз пара беруді, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуді, қоқыс тастауды қашан қояды?
– Соңғы жылдары көп нәрсе оң бағытта өзгерді. Азаматтардың жауапкершілік деңгейі өсті. Оны әркім өзі де байқай алады. Мысалы, бұрынмен салыстырғанда қазір көшеде қолына сыра ұстап жүру немесе темекі тұқылын тастау – заң бұзу деп саналады.
Бұл жерде цифрлық жүйелердің рөлі де өте зор. Жыл сайын жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылайтын автоматтандырылған жүйелер кеңейіп жатыр. Бұл – жолдағы тәртіпті нығайтатын тиімді құрал.
Кешенді профилактикалық шаралар елдегі құқықтық мәдениетті арттыруға септігін тигізіп жатыр. Қазір қазақстандықтар ұсақ заң бұзушылықтарға да төзбеушілікпен қарай бастады – бұл да тәртіп үшін маңызды фактор.
Көпқабатты үйлердің чаттарында, онда тіркелген учаскелік инспекторлармен бірге, тұрғындар қоқыс тастау, қоғамдық орында темекі шегу секілді фактілерді жиі хабарлайды.
Әлеуметтік желілер де үлкен рөл атқарады. Күн сайын жүздеген құқық бұзушылықтар туралы бейнематериалдар желіге жүктеледі – біз олар бойынша дереу әрекет етеміз. Бұл – қоғамдық сананы оятудағы маңызды құралға айналды.
Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заң жобасы қаралып жатыр. Бұл заң ерте алдын алу шараларына басымдық береді. Азаматтарды осы салаға тарту үшін алғыс хаттардан бастап, ақшалай сыйақыға дейін көтермелеу шаралары қарастырылған.
Мақсат – қазақстандықтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау. Мысалы, Еуропада көрші пәтердегі шу – полицияға қоңырау шалуға себеп болады. Олар бұл әрекетін азаматтық борышым деп санайды. Бізде де құқықтық сана біртіндеп өсіп келеді – тез болмаса да, жыл сайын жақсарып жатыр.
– Біз Заңға деген құрмет, құқықтық сана жайлы жиі айтамыз. Алайда, көпшілік үшін Заң – полициямен байланысты. Демек, ең үлкен жауапкершілік – үлгі болуы тиіс полиция қызметкерлеріне жүктеледі. Бұл деңгейде болу үшін не істеліп жатыр?
– Иә, қоғамда тәртіп орнату үшін жүйелі, кешенді тәсіл қажет. Саналы азамат балалық шақтан қалыптасады, бұл тәрбие мектеп қабырғасынан басталуы керек.
Кадр дайындау – аса маңызды бағыт. Бүгінде еліміздегі көптеген мектептерде «Жас сақшы» атты полицейлік сыныптар ашылған. Бұл сыныптарда балалар патриотизм, заңға бағыну және азаматтық жауапкершілік рухында тәрбиеленіп жатыр. Бұл – болашақта құқық қорғау органдарына келетін жақсы кадрлық әлеует.
Біз оларды ведомстволық жоғары оқу орындарында көруге қуанышты болар едік.
ІІМ-нің өз оқу орындары үлкен өзгерістерден өтті. Оқу бағдарламалары жаңартылды, киберқауіпсіздік, аналитика, цифрлық технологиялар бойынша модульдер енгізілді. Білім беру тек кәсіби дағдыға ғана емес, құндылықтар, көшбасшылық және моральдық төзімділік қалыптастыруға да бағытталған.
Осылайша, дайындықтың толық вертикалі құрылады: мектеп – жоғары оқу орны – қызмет. Оның шарықтау шегі – жаңа буын басқарушыларын даярлау. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада ІІМ Басқару академиясы ашылды. Бұл – стратегиялық көзқарасы бар, аналитикалық ойлайтын, ұжымды соңынан ерте алатын жаңа буын басшыларын дайындайтын жаңа білім беру орталығы.
Бүгінде ішкі істер органдарында мыңдаған қызметкер жұмыс істейді – учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдерден бастап, сарапшылар, тергеушілер және арнайы бөлімше жауынгерлеріне дейін. Олардың жұмысы тек біліммен шектелмейді – шыдамдылық, тәртіп, ішкі күш қажет етеді.
Бұл жерде ІІМ ардагерлерінің рөлі ерекше – олардың тәлімгерлігі қызмет рухын сақтап, дәстүрлерді жалғастыруға көмектеседі.
– Ержан Сапарбекұлы, қазіргі таңда еліміздегі қылмыстық жағдай қандай?
– Биылғы жылдың бес айында ел бойынша 39 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 5 мыңға аз, яғни пайыздық қатынаста бұл – айтарлықтай төмендеуді білдіреді.
Сонымен қатар, кісі өлтіру, тонау, қарақшылық, бұзақылық, зорлау және басқа да ауыр қылмыстар айтарлықтай қысқарды. Бұл, менің ойымша, ең алдымен қазақстандықтардың құқықтық санасының артуы, әлеуметтік жауапкершілігінің күшеюі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруының белгісі.
Әрине, мұндай нәтижеге цифрлық ресурстарды, заманауи әдістер мен дәстүрлі құқықтық шараларды тиімді қолданған барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысы да себеп болып отыр.
Соңғы жылдары ұрлықтың азаюы да байқалады. Тек соңғы бір жылдың ішінде ұрлық саны 27%-ға қысқарды. Бұл – «біреудің мүлкіне қол сұғуға болмайды» деген түсініктің халық санасында берік орныға бастағанын көрсетеді.
Ауыл тұрғындары үшін үлкен проблема – мал ұрлығы болып қала берген. Бірақ алдын алу шараларының, оның ішінде заңнамалық өзгерістердің арқасында, бұл бағытта да оң нәтижеге қол жеткіздік. Соңғы бес жылда мал ұрлығы 75%-ға қысқарды.
Айта кетейін, бұл мәселе Тәуке ханның заманында да өзекті болған. Ол кезде де «Жеті жарғыда» жылқы және басқа да бағалы мал-мүлікті ұрлағаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Әрине, біздің басты мақсатымыз – қылмыстың нөлдік деңгейіне қол жеткізу. Біз дәл осы межеге ұмтылып отырмыз. Министрлік пен бүкіл жеке құрам күнделікті алдын алу, профилактикалық жұмыстармен айналысып, әр азамат өзін қауіпсіз сезінуі үшін еңбек етуде.
Иә, қылмыс түрлері де заман талабына сай өзгеріп келеді, әсіресе технологиялардың дамуына байланысты. Бірақ біз де қарап отырған жоқпыз – бейімделіп, қарсы тұру құралдарын күшейтіп, алға жылжып келеміз.
– Демек, қазіргі таңда қазақстандықтардың ең үлкен алаңдаушылығы – цифрлық қауіптермен байланысты ма? Жалпы, өзімізді және жақындарымызды интернеттегі алаяқтардан қалай қорғай аламыз?
– Иә, егер қылмыстардың жалпы құрылымын пайыздық тұрғыда қарасақ, соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың үлесі айтарлықтай артқанын көреміз. Бұрын көбіне ұрлық басым болса, қазір жағдай өзгерді.
Осы тенденцияға байланысты Ішкі істер министрлігінде киберқылмыспен күреске бағытталған жаңа бөлімше құрылды.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Жылдың алғашқы айларының өзінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Ерте әрекет ету және алдын алу жүйелерін енгізудің арқасында азаматтардың ірі көлемде қаржылық шығынға ұшырауына жол берілмеді.
Алаяқтар алмақ болған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат бұғатталды.
Оперативтік іс-шаралар барысында алаяқтық қоңыраулар үшін қолданылған немесе қолданылуы тиіс болған 90 мыңға жуық SIM-карта тәркіленді.
Сонымен қатар, жалған халықаралық нөмірлер арқылы жасалатын қоңырауларды бұғаттау жұмысы жолға қойылды. 2022 жылдан бері 67 миллионнан астам мұндай қоңырау бұғатталып, қазақстандықтарға жетпей тоқтатылды.
Бірақ бұл жерде ең бастысы – азаматтардың цифрлық сауаттылығы. Бұл – заман талабы.
Оперативтік жұмыс пен кибер-гигиенаны ұштастыра отырып, интернет-алаяқтықпен күресте тиімді нәтижелерге жете аламыз.
– Бүгінде интернет-платформалар есірткі қылмыскерлерінің де қылмыстық әрекеттеріне жол ашатын құралға айналды. Бұл бағытта қандай нәтижелер бар?
– Есірткімен күрес – бірнеше онжылдық бойы жүргізіліп келе жатқан жұмыс. Соңғы жылдары жаңа жағдайлар мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, бұл бағыттағы жұмыс күшейтілді.
Біріншіден, кадрлық әлеует нығайтылды. Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы Комитет деңгейіне дейін көтерілді.
Өздеріңіз дұрыс айттыңыздар, қазіргі таңда есірткі таратушылар жиі мессенджерлер мен көлеңкелі интернет ресурстарын пайдаланады. Төлемдер криптовалюта мен жалған шоттар арқылы жүргізіледі. Яғни, есірткі қылмысы жасырын әрі байланыссыз формаға көшіп жатыр.
Сондықтан осындай жасырын әдістермен күресу үшін де заманауи тәсілдер қажет.
2025 жылдың өзінде заңсыз есірткі контентін таратқан 12 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды.
Күдік тудырған 15 мыңнан астам банк картасының жұмысы тоқтатылды.
Сонымен қатар, жасырын есірткі зертханаларын жою бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында, 1,5 тонна синтетикалық есірткінің айналымға түсуіне жол берілмеді. Бұл – миллиондаған адамның тағдырын құтқарды деген сөз. Өйткені бір нашақор – бүкіл отбасының трагедиясы.
Сонымен бірге, заңнама да жетілдірілуде. Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Енді есірткі ұйымдастырушылары мен таратушыларының жауапкершілігі нақты ажыратылған. Бұған интернет-курьерлер мен «закладчиктер» (есірткіні жасырын орындарға қалдырушылар) де кіреді.
Сондай-ақ, медициналық емес мақсатта есірткі тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылды. Бұл – нашақорлыққа шалдыққандарды оңалтуға бағытталған икемді тәсіл қолдануға мүмкіндік береді.
Әңгімелескен: Гүлжанат ЖҰБАНИЯЗОВА