Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Digital justice жобаларын жүзеге асыру» мәселелері аясында Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикер әділет органдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында іске асырылып жатқан цифрлық трансформациялардың негізгі бағыттары туралы ойын ортаға салды.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Е-Заңнама жобасы заң шығарудың барлық үрдісін бірыңғай жүйеге біріктіру мақсатында құрылғанын, бұл нормалар әділет саласын цифрландырудағы көшбасшы жобалардың бірі екеніне тоқталып: «Заң шығарудың барлық үрдісін бірыңғай жүйеге біріктіру арқылы заң жобасының өмірлік цикліне толық жауап беретін функционал іске асырылады. Яғни заңның әзірленуінен бастап, Мемлекет басшысының қол қоюына дейінгі барлық үрдісті бақылауға, осы саланың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады», деді спикер өз сөзінде.
Сондай-ақ Бекболат Серікұлы Әділет министрлігі жасанды интеллект негізіндегі цифрлық заң кеңесшісін іске қосқанын сүйіншіледі. Енді ел азаматтары министрліктің сайты арқылы құқықтық кеңесшінің онлайн көмегін тұтына алады. Тәулігіне 24/7 режімде жұмыс істейтін құрылым құқықтық мәселелерге қатысты кең ауқымды кеңес беруге қабілетті. Министрлік келесі кезеңде осы жүйеге смарт-ассистентті енгізуді жоспарлап отырғанын, смарт-ассистент нормативтік құқықтық актілерді әзірлеушілерге сараптамалық қолдау көрсететінін мәлім етті.
Министрлік өкілі атқарушылық іс жүргізу рәсімдерін автоматтандыру аясында енгізілген «цифрлық сот орындаушысы» сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтуға мүмкіндік беретініне де тоқталды.
«Цифрлық сот орындаушысы» автоматты режімде адамның қатысуынсыз атқарушылық іс жүргізуге мүмкіндігі бар. Бұл шешім адами факторды жоюға, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге, қарызды өндіріп алу үрдісін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Мәселен, бұрын борышкерлер жеке сот орындаушысына борыш сомасының үстінен 25 пайызына дейін комиссия түрінде қосымша ақы төлеуге мәжбүр болушы еді. Сот орындаушылардың жұмысын автоматтандыру арқылы бұл шығыстар алынып тасталды. Нәтижесінде, қарапайым халықтың қалтасындағы 1,2 млрд теңгеден аса қаражат үнемделді», деді спикер.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков біз сөз еткен «Құқықтық кеңесші» мен «Смарт-ассистент» цифрлық модульдері толықтай іске қосылғаннан кейін ел азаматтары жеке сот орындаушыларының әрекеттерін бақылап, атқарушылық істер туралы дер кезінде ақпарат ала алатынын, сот орындаушыларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдануға да мүмкіндік туатынын, бұл құрал атқарушылық іс жүргізу жүйесіне деген ашықтық пен сенімді арттыратынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар Бекболат Серікұлы бұрын тек қағаз түрінде жүргізіліп келген нотариустың атқарушылық жазба беру рәсімі де цифрландырылатынын мәлімдеді.
«Қазір нотариустың атқарушылық жазба берудің жеке кабинеті құрылды. Сол арқылы борышкердің хабарлама және қарсылық жолдамасын алу мүмкіндігі бар. Егер азаматтар тарапынан қарсылықтар болса, нотариустың атқарушылық жазбасының күшін жоюға мүмкіндік бар», деді вице-министр.
Бекболат Молдабеков жобаны іске асыру нәтижесінде 9 500 атқарушы жазбаның жойылғанын, бұл азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудегі және теріс пайдалануды жоюдағы маңызды қадам болғанын айтты.
Сонымен қатар сала өкілі Әділет министрлігінің құқықтық қызметтер мен сот-сараптама үрдістерін цифрландыру бағытында маңызды қадамдар жасап жатқанын, мемлекеттік заң көмегін көрсетуді қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық Е-Заң мен Е-Сараптама жүйесі құрылғанын, осы жүйе арқылы азаматтар өз құқықтарын тиімді, уақтылы және әділ қорғай алатынын, нәтижесінде қағазбастылық азайғанын мәлімдеді. Бүгінде елдегі қылмыстық сот ісін жүргізудің 90 пайыздан астамы электронды түрде жүзеге асырылады екен. Сондай-ақ корпоративтік құжат айналымын жетілдіру мақсатында заңды тұлғалардың берген сенімхаттарын цифрландыру да қолға алынған.