Биыл жылдың басында Қызылордада алғаш рет бауыр ауыстыру операциясы жасалды. Он жыл бұрын бауыр циррозына шалдыққан 40 жастағы келіншекке күйеуі мен ағасының ағзасы сәйкес келмей, доноры қайнысы болды. Дәрігерлер 10 сағатқа созылған күрделі операция барысында донор бауырының 65%-ын реципиентке салып, операцияны сәтті аяқтады.
Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас дәрігері, профессор Болатбек Баймаханов бастаған дәрігерлер тобы мен қызылордалық мамандар бірлесіп жасаған операциядан кейінгі брифингте елімізде бауыр ауыстыруды қажет ететін 2 мыңдай науқас бары айтылған еді. Олардың 76-сы Сыр өңірінен екен.
Трансплантологтер иненің жасуындай тамырларды жалғауға тура келетін бауыр трансплантациясы әлемдегі ең күрделі операция екенін айтады. Соның негізгі бөлігін қызылордалық дәрігерлер жасапты. Жалпы, 2023 жылы өңірде үш рет бүйрек ауыстыру операциясы жасалса, былтыр сондай 6 операция өтіпті. Облыстағы көпбейінді аурухананы еліміздегі трансплантация жасайтын орталықтардың бірі деп сеніммен айтуға болады. Тиісті құрал-жабдықтары жеткілікті, мамандардың да дайындығы жоғары.
«Бұрын бауыр трансплантациясы тек Алматы мен Астанадағы орталықта жасалатын. Енді осы қатарға Қызылорда облысы қосылды. Жыл сайын бүйрек, бауыры ауыратын жандар қатары көбейіп келеді. Сондықтан ірі қалалардан бөлек, облыс орталығында да ағза ауыстыруға мүмкіндік жасалғаны жөн. Күрделі операцияны игерген жергілікті мамандар үлкен бір белесті бағындырды десек те болады. Тіпті мұндай операциялар кейбір мемлекетте әлі кездеспейді. Осы орайда еліміздің трансплантация саласы бойынша 90 мемлекет арасында 1 млн адамға шаққандағы операция саны жөнінен алғашқы ондықта тұрғанын айта кеткеніміз абзал», дейді профессор Б.Баймаханов.
Облыстық көпбейінді ауруханаға кейінгі екі жылда құны 2 жарым миллиард теңге болатын заманауи диагностикалық, хирургиялық құрылғылар сатып алынған. Осылайша, өңір медицинасын дамыту арқылы ағза ауыстыруға мүмкіндік жасалды. Бір сөзбен айтқанда, жабдық жеткілікті, дәрігерлер де даяр. Ендігі мәселе – донор тапшылығын шешу.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың дерегінше, өңірімізде мәйіттік донор ағзасын алу соңғы рет осыдан 7-8 жыл бұрын кездесіпті. Күту парағына жазылып, өзіне сәйкес келетін ағзаны жылдап күткен жүздеген адамға бұл, әрине теңізге тамған тамшыдай да болмайды.
Тірі адамнан ағза алудың бір қиыны – дәрігерлер реципиентпен қоса, донор үшін де жауапты болады. Ұзақ жыл кезегін күтіп, ақыры бауырының бір бүйрегін салдырған Мақпал Оралова бойын үміт пен күдік қатар билеген сол кездерді есіне де алғысы келмейді. Оның айтуынша, кейінгі 2-3 жылда диализге тәуелді жастар қатары тым көбейіп кеткен.
«2016 жылы бүйрек жетіспеушілігіне байланысты есепте тұрдым. Әуелі гемодиализбен жүрдім. Былтыр ковид тұмауымен ауырған соң бұрынғы халіме жете алмай қалғанымда жақындарым жанын қоярға жер таппай, жүгіріп кетті. Сол сәтте кезегін 10-15 жыл күткендерді көрсем де, күдерімді үзген жоқпын. Ақыры ұзақ тексерістен кейін ағамның ағзасы сәйкес келіп, жергілікті дәрігерлердің біліктілігінің арқасында операция сәтті өтті. Тиісті дәрі-дәрмегімізді тегін алып, емімізді жалғастырудың арқасында аз уақытта қатарға қосылдық. Бірақ операциядан кейін тірі донорлық екі адамды да мүгедек қылу екендігіне көзім жетті. Сондықтан да мәйіттік донор мәселесі туралы әлі де ел арасында түсіндірме жасаған дұрыс болар еді», дейді ол.
Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың өңірлік үйлестірушісі Лиза Нұрсұлтанова да бұл мәселе өте өзекті болып тұрғанын айтады. Жуырда Қызылорда медициналық жоғары колледжінде болашақ медицина қызметкерлерінің кәсіби дайындығын нығайтып, қоғамда донорлық мәдениетті қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған «Трансплантация. Донордың маңыздылығы» атты семинар-тренингке қатысқан маман осы күні жастар арасында бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққандар көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Қазір өңірде 361 адам диализге байланған. 160 науқас бүйрек ауыстыру үшін күту парағына тіркеліп тұр.
«Ковидтен кейін әлемдегі әрбір бесінші адамның бүйрегінен кінәрат анықталып отыр. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралған дұрыс. Бұл дерт энергетиктерге үйір жастар арасында тіпті көбейіп барады. Сондықтан кейінгі толқын арасында кеңес беруді қолға алған жөн. Күту парағындағы 160 адамның дені жастар. Кезек жылдарға созылады. Осыдан да бізге мәйіттік донордың маңыздылығын айта түсуіміз керек. Мысалы, еліміздің солтүстігінде бұл біршама жолға қойылған. Бір мәйіттің ағзасы біраз адамға өмір сыйлайды. Осыны бәріміз айта жүруіміз керек», дейді ол.
Семинар-кеңесте көпбейінді облыстық аурухананың директоры, трансплантолог Жасұлан Баймаханов қазір ағза ауыстырудан әлемде Иран мен БАӘ мемлекеттері алдыңғы орында тұрғанын атап өтті. Демек діни нанымның кедергісі жоқ. Жалпы, қазір елдегі ағза ауыстырудың 10-15%-ы ғана мәйіттік донордан алынады.
Жасанды бүйрек арқылы адам өмірін 10-15 жылға созуға болады. Ал бауыры ауыратындарға ондай балама жоқ. Оның емі – тек ағза ауыстыру. Ислам дінінің де науқасты емдеудің соңғы сатысы саналатын трансплантацияға қарсылығы жоқ. Тек белгілі бір шарттар орындалуы керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі осыдан біраз жыл бұрын бұл мәселе туралы пәтуа да қабылдаған.
Дегенмен адам өмірін сақтап қалудың соңғы мүмкіндігі саналатын трансплантация қоғамның көзқарасына тәуелді болып отыр. Демек мәйіттік донордың маңызы туралы айтылар әңгіме әзір аяқтала қоймайтын секілді.
ҚЫЗЫЛОРДА