• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:53

Суреттегі жұмбақ жан кім?

30 рет
көрсетілді

Осы сурет қазақ ғаламтор кеңістігінде жиі жарияланады. Алайда сурет сипаттамасын Максим Горький мен Ілияс Жансүгірұлының ортасындағы келіншекті Фатима Ғабитова деп қате жазып қояды. Бұл ханымның кім екенін бізге дейін белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Дүйсенов анықтамақ болған. Әуелгі әңгіме содан­ бас­талсын: «КСРО Жазушылар одағының І съезінің жұмысы кезінде кинопленкаға түсірілген екен, көшірмесі Қазақстан кинематография комитетінің архивінде сақтаулы. Қазақстан жазушылар делегациясын көрсеткен тұстардағы кадрлар фотопленкаға түсірілді. Менде соның екі кадрынан түсірілген суреті бар.

Бірінші сурет үзіліс кезінде түсірілген кадрдан. Про­ле­тариат жазушысы М.Горькийді қаумалай ортаға алған бір топ жазушы­лардың арасында Ілияс та тұр.

Екінші үш кісі, Максим Горкий мен Ілияс Жансүгіровтің арасында түрі не татар, не башқұртқа келетін жас келіншек отыр. Үшеуі де күлімсірейді, ақ жарқын, жүз­­дері жайдары. Ілиястың үстінде қара кос­тюм, ақ жағалы жейде, қара ­галс­тук­ тағыныпты. М.Горькийдің үстінде сұр кос­тюм, жейдесінің бір жағасы кос­тюмінің сыртына шығып, галстугі сәл төмен түскен, барынша қарапайым. Осы жас келіншектің кім екені біразға дейін анықталған жоқ. Аты белгілі жазушы әйелдердің ешқайсысына да ұқсамайды. «Жұмбақ» жанның сыры көптен кейін ашылатындай болды. Оны маған Ілиястың қызы Үміт айтты.

«Ол әйел жазушы емес, Волга бойынан келген башқұрт жазушысы Дәулетшиннің зайыбы екен, соны анықтадым», деді.

Қайтып бұл тақырыпқа оралғаным жоқ. Әйтсе де екі жазушының арасында қою қара шашын ортасынан қақ жарып, күрек тісі ақсия күліп отырған шырайлы келіншектің кім екенін әлі де болса сұрастырып, әлгі Үміт айтқан деректі анықтай, тұжырымдай түсу керек-ау деп ойладым», деп жазады. Өкініштісі, Үміт Жансүгірова айтқан дерек ақиқатқа ­жанаспайды.

Біз 2024 жылдың 7-8 тамызы күндері Ресей Ғылым академиясына қарасты А.Горький атындағы Әлем әдебиеті инс­титуты (ИМЛИ) архивіндегі А.Горький қорымен жіті танысып, біраз тың мәлімет тапқанбыз. Сонда осы суреттің сырын тауып, жұмбағын шештік. Біз архив меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Елена Рафаэловна Матевосян ханымға осы суретті көрсеткенімізде, қолымызға «...Славная моя человечица... Горький и его окружение (1928–1936 гг.)» естелік кітабын ұстатқан-тын. Естеліктер кітабын оқи отырып, бірқатар дерекке қанықтық.

« – Ілияс, Алмамен танысып қой. Бұл сенің қарындасың, бір туғаның. Алма – үлкен ерлік жасаған қыз. Мен оның өміріне қызыға қараймын. Ол туралы жазуымыз керек, – деді Алексей Максимович мерейленіп. – Алма, Ілияс – Қазақстаннан келген құрметті қонағым. Қазақстан Жазушылар одағының басшысы. Кеңесшіл идеядағы қаламгер. Біз екеуміз қол алысып таныстық. Алексей Максимович оған мен туралы қызық оқиғаларды айта бастады. Ілияс сондай зиялы еді. Ол да репрессия құр­баны болған», деп жазыпты. Соны­мен, бұл Алма кім болды деп отырған боларсыз?

Алма мен журналист Любовь Чульжа­нова, Мәскеу, 1998

Суреттегі әйел – Алма Құсұрғашева. Кейіннен аты-жөнін Полина Тимофеевна Тимофеева-Кусургашева деп өзгерткен. Алтай аймағынан, түркітілдес халықтың бірі ‒ шор ұлтынан шыққан қайраткер. Ол 1906 жылы 6 мамырда Протока (қазіргі Безруково) ауылында дүниеге келген. 1917 жылы 11 жасында 3 сыныптық церковно-приходской мектебін өте жақсы тәмамдаған. Сосын Кузнецк, Бийск гимназияларында оқыған. 1920 жылы комсомолдар қатарына өтіп, Мыскідегі балалар үйінің меңгерушісі болып тағайындалды, онда ол екі жыл жұмыс істеген.

1924 жылдың жазында оған Мәскеуге оқуға билет алу үшін Томға, губерния­лық комсомол комитетіне келу керек­тігі туралы жеделхат келеді. 18 жастағы Полинаның алдында Томға қалай жетуге болады деген сұрақ туындады. Ол кезде қазіргідей пойыз болмаған. Оның әкесінің Томға мініп баруға тұрарлық аты да жоқ екен. Содан кейін Полина Томбыға қайықпен жетуге болатынын түсініп, Том өзенінің бойымен рафтинг жасау идеясын жүзеге асырады. Ол балалар үйіндегі досы әрі көмекшісі Шура Урухпае­ва­ны бірге оқуға шақырды. Кузнецкі­­­­­­ден қа­йық сатып­ алған олар аю­дан қор­қып, қа­йықтың ас­тын­да жағада түнеп, Томға 9 күн жүзіп же­теді. Щег­лов­скі­ден (қазіргі Ке­ме­рово) өтіп бара жатқан­да, ком­сомолдар олар­ды жағада му­­зы­­ка­мен қарсы ал­ған. Содан ке­йін «Красный Сибирячка» журналына екі комсомол қыздың қайықпен Томға білім іздеп бар­ғаны туралы «Халық тарихында тұңғыш рет» деген мақала жа­рияланған.

Губерниялық комсомол коми­теті оны Мәс­кеу­дегі Иосиф Сталин атындағы Күншығыс халықтары университе­тіне (КУТВ) жолдаған. Мәскеуге келген Полина тез қоныстанып, белсенді комсомол мүшесі болады. Ол тарих факультетінде оқиды. Бірнеше рет университет комсомол бюросының мүшесі болып сайланады. Университетте жүріп партия қатарына қабылданады. 1928 жылы университетті бітірер алдында оны Халық ағарту комиссары Луначарский шақырып алып, Ленинградта жаңадан құрылған Солтүстік халықтар инсти­тутының оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін ұсынады, бірақ Полина әлі жас екенін айтып, тәжірибесі жоқтығын алға тартып, мұндай жауапты қызметтен бас тартқан.

Университетті бітіргеннен кейін ол Якутияға жұмысқа жіберілуге тиіс еді. Бірақ Алексей Максимович Горький­дің арқасында ол Мәскеуде қалып, аспирантураға түседі. Аспирантурадан кейін Полина Тимофеева Мәскеудегі Инженер-коммуналдық институты, Заң институты, Екінші медицина институты секілді жоғары оқу орындарында жұмыс істеп, «Партия тарихы», «Философия» пәндерінен сабақ берген. Әр жылдары Қиыр Шығыс, Латвия, Литва, Эстония, Грузия және Әзербайжанға барып, жетекші партия қызметкерлеріне дәріс оқыған. Біраз жыл Мәскеу қалалық кеңесінің депутаты болыпты.

1928 жылы мамырда Горький отбасымен Италиядан Мәскеуге келеді. Екі аптадан кейін Горький Полина Тимофеевамен танысқан. Әйгілі жазушы «Красный Сибирячка» журналына жарияланған аталған мақаланы оқып, «болашақта жазуым керек» деп жанына бұрыштама соққан. Горький КУТВ-қа хабарласып, шор қызына іздеу салады. Жазушының саратовтық ескі досы Елена Малиновская Полинаны Горькийдің үйіне ертіп барып, таныстырады. Елена Константиновна Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті жанындағы Солтүстік халықтары жөніндегі комитетте жұмыс істеген және хакас, шор, алтай халықтарының мәдениетін зерттеуші еді. Жазушы Полина Тимофееваны үйіне кешкі асқа өзі іздеп тауып, шақырған екен.

Әлемге әйгілі жазушының дастар­қанына белгілі тұлғалар, жазушылар көп жиналады. Түскі астан кейін Горький Полинамен сөйлесті. Сібір, мәдениет қайраткерлері туралы көп білетін. Полина оған өзі туралы, Горная Шория туралы айтып берді. Осы алғашқы кездесуден кейін Полинаны Горький отбасына жақындатып, қонаққа шақыра бастады.

Алексей Максимович Мәскеуге кел­геннен кейін Полина Тимофеевна Горькийдің отбасында қонақта жиі болатын. Полина әр жаз сайын Қырымдағы Горький саяжайы – Тесселиде демалады. Өмірінің соңғы жылында Горький Тесселиде сегіз күн болды. Алма оны күтіп, жанында болған. Горький Поли­наның Мәскеуге оқуға бару үшін қайықпен Томға 9 күн бойы өзенмен жүзіп келгенін өз аузынан қайта естіп, қайран қалады. Тіпті Горький оған ол туралы әңгіме жазғысы келетінін айтады: «Мен Мәскеуге оралғанда сені жаныма отырғызып қоямын, ал сен менімен бірге әңгіме жазасың. Сен Ломоносовтан да үлкен ерлік жасадың, өйткені оған қарағанда тәуекелге бардың. Ол жаяу жүрді, оны саудагерлер жетектеді, ал сен суға батып кету немесе басқа бақыт­сыздыққа ұшырау үшін әр минут са­йын тәуекелге бел байлап, 9 күн өзен бойымен жүздің». Өкінішке қарай, Горький бұл жоспарын жүзеге асырып үлгермеді.

Алма Құсұрғашеваның өмірі ерекше оқиғаларға толы болған. Ол Алексей Горькийдің досы ғана болған жоқ, оны Иосиф Сталин, сондай-ақ орыс рево­лю­цио­нерлері Николай Бухарин, Василий Блюхер, Валериан Куйбышев танып-біл­ген. Кеңес жазушысы Алек­сандр Фадеев, фран­цуз жазушысы Ромен Роллан сынды аза­маттармен жақын араласқан.

Аз ұлттан шыққан қайраткер қыз 2000 жылы 3 маусым күні 94 жасында өмірден өтіпті. Оның екі ұлы және бір қызы болған.

Алтайлық журналист Любовь Чуль­жанова 1998 жылы Мәскеуге Алма Құсұрғашеваны іздеп барып, сұхбаттасыпты. Сұхбатта Алма Горь­кий­мен бірге түскен суреттің сырын баян­дайды. Ұстазы Алексей Горький қай­тыс болғанда, Алманың күйеуі Петр Крючков жазушының пәтерін музей­ге айналдырып, жақсы жұмыс істеп жүреді. 1938 жылы НКВД Петр Крюч­ков­ты қамауға алады. Сол кезде НКВД Горький музейіндегі көптеген құжат пен фото­суретті тәркілеген. Алма Алексей Максимович, Ілияс үшеуі түскен фотоны жасырып үлгергенін айтады. Кейін Ілиястың қамалғанын естіп, оның бейнесін суреттен қиып тастаған екен... «Кер заманда талай тарихи фото өрте­ніп не қиылып кетті», деп ескі күндерді өкінішпен еске алады. Төмендегі суреттен осы оқиғаның мәнін түсінесіз.

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

І.Жансүгірұлы қоғамдық қорының президенті