• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:50

Тұлғалар тағылымы

20 рет
көрсетілді

Кеше ғана қасыңда жүріп, ақыл-кеңесін айтқан тұлғалар бүгінде арамыздан алыстап, ендігі жерде олардың айтқан сөзі мен бейнелері жадымызда жаңғырады. Журналистік қызмет барысында көптеген аға буын қаламгерлермен, ғалымдармен жүздескен едік. Олардың бауырмалдығы, құрметі мен ізеті осы жазбаны жазуға жетеледі.

Сыздықованың бір сыры

Алматыда академик Рәбиға Сыздықованың үйінде бірнеше рет болған едік. Алғаш барғаным­да алдымнан апайдың өзі шығып, есік ашты. Амандықтан соң, алдымен сұрағаны «Атың кім, балам?» деген қазақы сұрақ болды.

Бұрыннан атына қанық ғалымды тіл маманы деп қана емес, кезінде хакім Абайдан бастап Мұхтар Әуезов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов, Қабдеш Жұмаділов, Оралхан Бөкей сияқты тұлғалы жазушылардың шығармашылығы хақында талдау мақалаларын жазғанын жақсы білетін едік.

«Мына жерге отыра ғой, бұл жерде кезінде академик Ісмет Кеңесбаев сияқты тау тұлғалар отырған, – деп әңгімені ықыласты күймен бастады. – Менің әйел болып, сөз тыңдап, өсек есту деген әдеттерім мүлде болмапты. Бірге жүрген достарым үнемі «Саған өсек айтудың қажеті жоқ, өзің өсек айта білмейсің», дейтін. Меніңше, өсек айтудың мақсаты – біреуді біреу жамандағанға өз тарапыңнан бір-екі ауыз сөз қосу ғой. Балқаш Бапин деген кісіні естіп пе едің? Ол – Қытайдан келген қазақ. Елуінші жылдары осы жаққа көшіп келіп, біздің бөлімде жұмыс істеді. Әйелі керемет дауысы бар Әмина Бапина деген әнші болатын. 1962 жылы осы үйді алған соң, қарамағым­дағы он неше қызметкерді жолдас-жұбайларымен қонаққа шақырдым. Сол күні әлгі Балқаш жалғыз келіп тұр. «Әмина қай­да?» деп сұрап едім, үндемеді. Сабыр­сызданып: «Әминаны алып кел, болмаса біз дастарқанға отырмаймыз», деп оны қуып жібердім. Байыпты Балқашымыз бас изеп шығып кетті. Ол кеткен соң қалған қонақтар: «Неге өйттіңіз? Балқаш әйелімен әлдеқашан ажырасып кетіп, қайта үйленген ғой», деп ұрыса жөнелді. Сасқанымнан: «Ешкім айтпады ғой маған. Оны қайдан білейін?» деп ақ­тал­дым. Міне, сол жерде өсек-аяңға назар аудармайтынымның «зияны» тиді. Сәлден соң Балқаш Бапин Әминаны жетелеп алып келді. Сондағы ұялғанымды сұрама.

Тіпті оларды мазақ қыл­ғандай күй кештім. Әмина да басқа біреумен отбасын құрса да, мен шақырып жатыр дегенді естіп, қарсылық білдірмей бірге келіпті. Тектілік деп осыны айтады. Кейін Балқаш сөз арасында маған: «Ересек кезімде қатты қысылғаным сол болды. Жоқ, ол менің әйелім емес, ендеше жаңа үйленген әйелімді ертіп келейін деп те сізге қарсы келе алмадым», деп жүрекжарды сөзін айтты. Қазақ дәстүрімен, салт-санасымен бірге өскен адам­дардың бір қасиеті сол ғой».

Бұл академик Рәбиға Сыз­дықова айтқан әңгіменің бір ­парасы ғана.

 

«Балаңды мектепке ­өзің апар...»

Халық жазушысы, қазақ проза­сының мұзжарғыш кемесі Қабдеш Жұмаділов жөнінде бірер сөз. 2018 жылдың аяғы. Қабдеш ағаға телефон шалып, «Қазақ әдебиетіне» сұхбат алатынымды айтып едім, труб­каның ар жағында ұзақ ойланып болған соң: «Мен сұхбатқа зәру адам емеспін, бірақ сенің сұхбатыңнан қандай жаңалық күтуге болады?» деді.

 – Сұрақтарым тосын, оның үстіне сізді бірінші бетке шыға­рамын, – дедім.

– Онда бір-екі сұрағыңды айтшы, ұнамаса, мені әурелеме.

Бір емес, үш сұрақты айттым.

– Түстен кейін сағат екіде Жамбыл мен Байзақовтың қиы­лысына кел, – деп телефонды лақтыра салды.

 Уағдалы сағатта жетіп бардым. Бірден шығармашылық үйіне бастады. Сұхбатты бастауға дайындалып едім. «Тұра тұр, бала, әуелі танысып алайық. Кімсің? Үйлендің бе? Балаларың нешеу? Мектепке барды ма?» деген сұрақтарды жаудырды. Жауап бердім. Жүзіме ұзақ қарап тұрды да: «Саған екі кеңес айта­йын, есіңе мықтап сақта. Әуелі балаңды ана тілінде оқыт, қазақы тәрбиеле. Содан соң мектепке өзің жетелеп апарып, өзің алып қайт. Ол – әкенің парызы. Біз Мұхтар Мағауин екеуміз солай істедік. Екеуміздің де балаларымыз жаман болған жоқ. Ал енді сұхбатыңды бастай бер», деді.