• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:45

Су сүзгілері өндіріледі

20 рет
көрсетілді

Ғылым саласында жылжу бар. Әттеген-ай дейтініміз, ашылған жаңалықтар зертхана үстелінде ғана қалып қойып жатқан көрінеді. Оған себеп, өндіріс ошақтары кемшін. Күні кеше Сәрсен Аманжолов университетінің физика-математика корпусында ғылыммен айналысып жүрген азаматтардың еңбектерін көзбен көрдік. Бүгінгі қоғамға қажет дүниелер шығарып жатыр. Тіпті су сүзуге арналған үш секциялы сүзгілерін патенттеп те алған.

Қалтарыстағы еңселі бөлмеге кіріп барғаны­мыз­да, ортадағы станок тынымсыз жұмыс істеп тұрған-ды. Астынан аппақ пластмасса стақандар топырлап түсіп жатты. Екі минутта біреуін шығарады екен. Зертханашылардың бірі анау басынан қаптағы түйіршіктерді белгілі мөлшерде салып отырады. Алып аппараттың ішінде қандай үдеріс жүріп жатқанын болжау қиын емес. Білуімізше, түйіршіктерді станоктың бір бөлігінде ерітіп, екінші бөлігінде қалыпқа соғады да, стақан етіп шығара береді. Сұранысқа қарай кез келген қалыпты қойып, басқа да дүниелер шығаруға болатын секілді. Мұндағы ғалымдар су сүзгілерін бастан-аяқ өздері өндіреді. Ең қызығы, стақан ішіндегі сүзгілер таза табиғи материалдан жасалады.

«Кәдімгі өсімдік қалдықтарын өртеу арқылы көмір, целлюлоза аламыз. Мынау аппақ ұнтақ кәдімгі қағаз жасайтын шикізат. Оны микроскоппен қарасаңыз, ұзын-ұзын талшықтар көрі­неді. Мұны мөлшеріне қарай желіммен араластырып, прес­тесеңіз, күнделікті қолданып жүрген қағаз шығады. Алайда бізде өндіріс жоқ. Кімде-кім қағаз шығарамын десе, зертханадағы жасап жатқан дүниелеріміз­ді алып бармаймыз ба? Өкі­ніштісі, өндіріс жоқ», дейді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі Қыдырмолла Ақатан.  

Көрдіңіз бе, ғалымдар өнім формуласын ойластырып, дайындап қойған. Өкініштісі сол, зертханадан ары шықпайды. Мұнда жазуға арналған қағаз ғана емес, түр-түрін жасаудың жолын қарастырған. Майлықтан бас­тап, қағаз дорбаға пайдаланатын қағаздарға дейін бар. Рас, экологиялық өнім – кәсіптің көзі. Сонымен қатар топырақ құнарын арттыруға бағытталған гидрогель де ойластырған.

«Жауын-шашын азайып, құрғақшылық болған кездері гидрогель өз бойындағы ылғалды өсімдікке беріп, қайта сіңіріп алу қасиетіне ие. Оның үстіне, бактерияға қарсы қасиеті де бар. Бұлар күнбағыс тұқымының қауызынан, күріш сабанынан алынған микрокристалды биоматериалдар», дейді аға ғылыми қызметкер Айнұр Құмарбекқызы.

Айтқандай, зертханалардың бірінде су сүзгілерінің стақандары құйылып жатса, енді бірінде биоматериалдан жасалған сүзгілер өндіріледі. Оны жүзеге асыру үшін ғалымдар өсімдік биомассасын өртеу арқылы көмір алады. Соны ғой, сүзгі ретінде пайдаланып жүргендері. Химия ғылымдарының PhD Қыдырмолла Ақатанның ай­туын­ша, бұл сүзгілер суды тазар­тудың өзінде құрамындағы пайдалы элементтерді сақтап қалады. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің бүйірінде тұратын сүзгілер судың түгін қалдырмай сүзіп шығады. Демек, ондай судың не пайдасы, не зияны жоқ.

Университеттегі таза су сүз­гі­лерін жасау жобасы «Agua-Saf» атты республикалық патент алып, енді коммерция­лан­ды­­руды жоспарлап отыр. Бұл сүз­гілер нарыққа шықса, бағасы қол­жетімді, сапасы жоғары бо­лары анық. Соны­мен қатар жоға­рыда айтқан­дай, қағаз өндіру се­кілді жұмыс­пен айналысуға бел бу­ған кә­сіп­кер­лерге де жоғары оқу орны ғалым­да­ры қолдау көрсетуге әзір.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар