Қауіпсіздігі мен тұрақтылығы шатқаяқтап тұрған бүгінгі әлемде мүддесі мен мақсаты бір мемлекеттердің күш біріктіріп, тізе қосып алға басуы – маңызды үдеріс. Осы орайда Астанада екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің өтуі аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Сарапшылар бұл форматтың келешегін жоғары бағалап отыр.
Орталық Азиядағы экономикалық дамудың басты драйвері саналатын Қазақ елі үшін де Қытаймен арадағы қарқынды үнқатысудың маңызы зор. Maqsut Narikbayev University ассистент профессоры, халықаралық қатынастар маманы, PhD Нұржанат Әметбектің айтуынша, біздің елдеріміз – тек тату көрші емес, сонымен қатар әлемдік және аймақтық саясатта көптеген мәселеде мүдделері тоғысатын стратегиялық әріптестер.
– Мұның бәрі – бірінші кезекте екі елдің мемлекет басшыларының саяси ерік-жігері мен екіжақты қарым-қатынасқа басымдық беруінің жемісі. Расында, екі тарап та стратегиялық әріптестікті күшейтуге мүдделі болып отыр. Екіншіден, бұл бір жағынан әлемдік аренада Қытайдың саяси және экономикалық салмағының артуымен байланысты болса, екінші жағынан еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын әртараптандыруының нәтижесі. Үшіншіден, қазіргі әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдайда еліміздің және жалпы Орталық Азияның геостратегиялық маңызы артып келе жатыр. Кейінгі кезде жиі-жиі өтіп жатқан «Орталық Азия +» форматындағы саммиттер – осының көрінісі. Бұл үдерісте өзін «орта держава» деп жариялаған Қазақ елінің маңызды рөл ойнап жатқанын баса айтуымыз керек. Біз мойнымызға үлкен жауапкершілік алып, Орталық Азияның көшбасшы мемлекеті ретінде белсенді саясат жүргізіп келеміз, – деді ол.
Н.Әметбек Қазақстан мен Қытайдың достық қарым-қатынасы экономикадан инвестицияға, тасымалдан ауыл шаруашылығына дейінгі барлық саланы қамтып жатқанын айтады. Әсіресе
Шығыс-Батыс бағытындағы халықаралық тасымал саласы өте қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар «people to people relations», яғни халықтардың бір-бірімен қарым-қатынасы да жоғары.
– 10 мыңнан аса қазақ студенті Қытайда білім алып жатыр. Елімізде қытай университеттерінің филиалдары ашылуда. Жоғары оқу орындарымызда қытай тілін оқитын студенттер саны да артты. Мысалы, өзім жұмыс істейтін MNU-де аударма ісі ғана емес, халықаралық қатынастар, туризм, экономика және құқық факультеттерінің студенттері де қытай тілін үйреніп жатыр, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режімнің іске қосылуы екі ел халықтарының бір-бірімен жақын араласуы мен барыс-келіске тиімді жағдай жасады. Бұл, біріншіден, еліміздегі туризм ісіне оң ықпал етсе, екішіден, Қытайдағы қандастарымыздың тарихи Отанына емін-еркін келіп-кетуін оңайлатқан.
Халықаралық қатынастар маманы Н.Әметбек Қытайдың бастамасымен өмірге келген «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының 2013 жылы Астанада жариялануының өзі көп жайдан хабар беретінін айтады. Бұл екі елдің мүддесі бір жерден шығатынының тағы бір дәлелі.
– Қытай Қазақстан арқылы Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне қол созса, біздің еліміз осы жоба арқылы өзін көлік хабы ретінде позициясын күшейтіп жатыр. Сиань қаласындағы құрғақ портта еліміздің логистика орталығының ашылуы, сондай-ақ «KTZ Express» АҚ (ҚТЖ еншілес компаниясы), «Ляньюньган порты МК» ЖШҚ және «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ арасында «Ақтау портында контейнерлік хаб салу» жобасын іске асыруы және екі ел арасында жүк тасымалының жаңа бағыттарының ашылуы тасымал саласының екі жақ үшін де маңызды екенін көрсетіп отыр, – деді ол.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры, экономист Қайрат Бодауханұлының айтуынша, инновациялық даму тұрғысынан әлемді таңғалдырып отырған Қытай секілді мемлекетпен тату көршілік қатынас құру біздің даму келешегіміз үшін оң ықпалын тигізеді. Екі ел арасында экспорт пен импорт жолдарының одан әрі дамып, өркендеуі Қытайға да, Қазақстанға да үлкен мүмкіндік есіктерін ашады.
– Елімізде шешімін таппай отырған мәселе көп. Мәселен, біздегі ауылшаруашылық өнімдері, мал өнімдері әлі пайдаланылмай келеді. Атап айтсақ, малдың терісі, сүйегі, ішек-қарны деген сияқты маңызды элементтер ешқандай кәдеге жарамайды. Шаруалар үшін де, мемлекет үшін де өзінің пайдасын тигізбей отыр. Одан қалды, қазақ жерінде көптеген бағалы қазба байлықтар бар. Оларды тек шикізат ретінде сату емес, өнім ретінде шығару үшін Қытай тарапы өзінің жетістіктерін, инновациялық мүмкіндіктерін әкелуге ынтасын білдіріп отыр. Мұның бәрі ел экономикасының дамуына өз ықпалын берері сөзсіз, – дейді Қ.Бодауханұлы.
Экономист алда үлкен жоспарлар тұрғанымен, олардың сәтті іске асуына ел ішіндегі жемқорлық жегіқұрты араласып, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына кері әсерін тигізбеуі үшін қадағалаудың қарқынды болуы керектігін айтады. Ол үшін мемлекеттегі басқарушы органдардан, ондағы билік тізгінін ұстаған азаматтардан үлкен адалдық пен біліктілікті талап ету керек.
– Біліктілік дегеніміз не? Ол – екі ел арасындағы келісімшарттарда көрініс табатын әрбір мәселені жіті тексере алатын және оның дұрыс шешілуіне жауапты бола алатын қасиет. Бұған ерекше мән беру керек. Қытайдың халқы қашанда пайданы бірінші орынға қояды. Олар пайдасыз іске бармайтыны түсінікті. Си Цзиньпин екі арадағы байланысты дамытамыз, әділ көршілік қатынастарды жақсартамыз деген соң, Қытайдың ірі-ірі компаниялары бізге келетіні түсінікті. Әсіресе атом электр стансасын салуға ниет білдіріп жатыр. Осының бәрінде біз саяси әрі экономикалық сауаттылық танытып, екіжақты байланыстардан барынша оң пайда алуымыз керек, – дейді ол.
Астанадағы саммит барысында алты мемлекет басшылары аймақаралық туризм мәселесіне де ерекше тоқталғаны мәлім. Әсіресе Қытай азаматтарын Орталық Азияға қарай тарту – өзекті әрі пайдасы мол бағыттың бірі. Халықаралық бизнес университеті «Туризм және қонақжайлық» кафедрасының аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақтың айтуынша, былтыр 30 күнге дейін визасыз кіру режімі іске қосылғаннан кейін Қазақстан мен Қытай арасында туристердің барыс-келісі артып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш тіркелген. Оның үстіне 2024 жылдың «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» болып жариялануы да Қытай еліне саяхаттаушылар мен ол жақтан келетін адамдар санының артуына ықпал еткен.
– Шын мәнінде, біздің еліміз Қытайда туристік бағыт ретінде қатты танымал емес. Олар көбіне Еуропа елдеріне саяхаттайды. Дегенмен кейінгі уақытта қабылданып жатқан шаралар бұл олқылықтың түзелуіне себеп болады деген үміттеміз. Бұл біз үшін пайдалы болар еді. Өйткені қытайлар әлемдегі әр адамға шаққанда туризмге ең көп ақша жұмсайтын халық саналады. Олар көп саяхаттайды әрі оған қаражатын аямайды. Сондықтан қытай туристерінің бір бөлігін Орталық Азияға, соның ішінде біздің елге қарай бұрудың барлық амалын жасауымыз керек, – дейді ол.
Бірер күннен бері шетелдік сарапшылар да Орталық Азия мен Қытай арасында жаңаша сипат алған қарым-қатынас бағыттарына өз бағаларын беріп жатыр. Мәселен, Шанхай халықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қызметкері Чжао Лун Орталық Азия елдері Қытаймен серіктестігін терең, көпқырлы ынтымақтастық ретінде қарастыратынын және оның ортақ стратегиялық әрі прагматикалық мүдделерге негізделгенін айтады. Оның айтуынша, Қытаймен жақындасу Орталық Азия елдеріне өңірлік тұрақтылықты арттыруға, экономикалық жаңғырту жүргізуге және дипломатиялық байланыстарын әртараптандыруға көмектеседі. Орталық Азияда энергетикалық ресурстар мол болса, Қытай өзінің шексіз нарығын, озық технологиялары мен инфрақұрылымдық тәжірибесін ұсынбақ.