• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:28

Ырысты еселейтін экономикалық аймақ

30 рет
көрсетілді

«Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) құру өңір экономикасын алға сүйрейді деген үлкен үміт сыйлап тұр. Өңір экономикасын дамытудың мұндай тәжірибесі бұрын да болған. Жергілікті биліктің АЭА құру бастамасына Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Қаржы, Көлік министрліктері ерекше қолдау танытыпты.

«Облыстың географиялық жағынан ыңғайлы орналасуы, теміржол, автомобиль жолдары және халықаралық әуежай Қызыл­орданы еліміздің ірі логистикалық және өндірістік орталығына айналдыруға толық мүмкіндік береді. АЭА аумағы – 550 гектар. Қорқыт ата әуежайының қасы­нан орын тебеді. Оның 50 гек­тары авиацияға қызмет көр­сету аймағы болса, 100 гектары көтер­ме-бөлшек сауда, қойма және сақтау аймағына арналады. Қал­ға­ны өнеркәсіптік аймақ саналады. Қазір АЭА тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 28 негіз­гі экономикалық қызмет түр­лері келісілді», дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров.

АЭА-да құрылыс индустрия­сы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, көлік-логистика, технология мен инновация саласында­ғы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Өнеркәсіптік аймақтан жүн және тері өңдеу, киім өндірісі, тоқылмаған материал өндірісі де орын теппек. Құрылыс индустриясын дамытатын шыныпластик арматура, полимерлі, арматураланған құбыр өндірісі, фиброцемент бұйымдарын және автоклавты газбетон өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр.

Жуырда қытай­­лық ком­­пания­мен «Сили­­кат­ты-кальцилен­ген тақ­­тайша» шығару үшін ме­мо­рандумға қол қойылды. Аймақта орна­ласатын алғашқы жоба да осы өндіріс орны болмақ. Өңір басшылығының шет мемлекеттерге жасаған жұмыс са­парларының нәтижесінде қазір сырттан келіп, аймақ экономикасын зерттеп жатқан компаниялар көп. Олардың арасында Қытай іскерлерінен бөлек Еуропа бизнес­­мендері де бар.

АЭА қатысу­­шы­­ларына бір­қатар салық және кеден же­ңілдігі ұсынылады. Олар кор­поративтік табыс салығынан, АЭА аума­ғына өткізілетін тауар­­­ларға қосылған құн салығынан, кедендік баж бен жер және мү­лік салығы­нан, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы­дан босатылады. Соны­мен қатар квоталардан тыс шетелдік жұмыс күшін тарту­да жеңілдіктер де қарастырылған.

Елімізде АЭА жұмы­­­сының ұзақтығы – 25 жыл. Бұл мерзімді ұзартуға да мүмкіндік бар. АЭА аумағында жер қойнауын пайдалану, акцизделетін тауар өндіру, ойын бизнесі саласындағы жобаларды іске асыруға болмайды. Басқарма басшысының айтуынша, жер алу үшін инвес­тор құжаттар тізбесіне сай бас­қарушы компанияға өтінім береді. Ал «QazIndustry» АҚ бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде инвесторды қатысушы ретінде тір­­­кейді. Об­лыстың эко­но­ми­ка­лық дамуына серпін беретін стратегиялық жоба осылай жүзеге асыры­ла бастайды. 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылатын АЭА-ның жос­парланған эко­номикалық көр­сеткішке жетуі қада­ғаланады.

«Арнайы экономи­ка­лық аймағы көп Польша қа­зір ірі отан­дық және шетелдік инвес­тиция тарту, жаңа өндіріске жол ашу, экспорттық және көлік­тік әлеуетті күшейту бағытында алда тұр. Біз осы мемлекеттің, өз елімізде құрылған басқа да АЭА тәжірибелерін зерттедік. Польшалық мамандар кеңесіне жүгіндік. Осы арқылы Сыр өңірін еліміздің логистикалық және өндірістік картасында жетекші орынға шығарамыз деген үміт бар», дейді басқарма басшысы.

 

Қызылорда