Оқушылар тағатсыздана күткен каникулына жеткеніне де біршама уақыт болып қалды. Балалар үшін демалыстың қауіпсіз, пайдалы әрі қызық өтуі ерекше маңызды. Елімізде жазғы лагерьлер маусымы басталды. Бұл жұмыс қалай ұйымдастырылды, талапқа сай іске асып жатыр ма, жас өрендер жанына азық болар дүние алатындай сапалы ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Мәселе Үкімет отырысында қаралды
Оқу-ағарту министрлігі өткен аптада жазғы сауықтыру, демалыс және еңбек ету жағдайын ұйымдастыру науқаны аясында 3,2 миллионнан аса бала еліміздің 10 мыңнан аса демалыс орнында жазғы каникулын өткізетінін хабарлады. Оның 15 мыңнан көбі жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала мектеп жанындағы, 160 мың бала шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады. Соның ішінде жазғы демалыспен әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңнан аса бала қамтылады. «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде ауылдық жерлерден шыққан республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарына 10 мың жолдама қарастырылған.
Оқу жылы тәмамдалмай тұрып Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында берген есебінде: «Жалпы, балалардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында қамтылатын жазғы еңбек, туристік, шығармашылық, зияткерлік, білім беру бағытындағы іс-шаралармен 3,4 млн баланы қамту жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар биыл балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын жоғары әрі сапалы деңгейде ұйымдастыруға тиіс. Министрлік жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың ұйымдастырушы-педагогті арнайы дайындықтан өткізді. Осыған қоса 12 мыңнан аса студент пен еріктілерді тарту көзделген», деген еді.
Негізі 2025 жылдың жазғы сауықтыру, демалыс және жұмыспен, түрлі бағдарламамен қамту жұмыстары 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде жүргізіледі. Республикалық және өңірлік штабтар құрылды, балалар демалысын ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталығының тізімі бекітілді, олардың дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды. Санитарлық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ судағы, ормандағы және спорт нысандарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Қазір жер-жерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлескен жоспар әзірленіп, іске асырылып жатыр. Аудан және қала деңгейінде ведомствоаралық топтар құрылған. Ведомствоаралық комиссия жаз бойы барлық лагерьді аралап, жұмыс істейді.
Балаларды қандай бағдарлама күтіп тұр?
Өңірлердегі лагерь жұмыстарын шолып шықсақ, елең еткізер лагерь түрлері бар екен. Мысалы, бір ғана Астана қаласында 55 200 оқушыны қамтитын 92 мектеп жанындағы, 11 520 оқушыны қамтитын 192 бейінді, 142 298 оқушыны қамтитын 10 жоба аясындағы тақырыптық жобалар, 1 400 бала бара алатын қала сыртындағы лагерь ашылып отыр. Осыған қоса елорданың 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер, сондай-ақ қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер ұйымдастырылған. Бас-аяғы биылғы жазғы маусымда Астана қаласы бойынша 1–10 сынып аралығындағы 210 мыңнан аса оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 11 мыңнан көп бала да жаз мезгілінде тегін демалуға мүмкіндік алады.
Ал Павлодар облысында колледждерде бейінді лагерьлер ашылған. Бұл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірдегі түрлі колледжде қолға алынған мұндай лагерьдің негізгі мақсаты – оқушыларға кәсіби бағдар беру, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттау және түрлі саладағы сұранысқа ие құзыреттермен таныстыру. Айталық, бір мезетте Павлодар қаласындағы №6, №22 және №35 мектептерінен 150 оқушысына колледж студенттері «Қазақстан халықтарының ұлттық тағамдарын білу» тақырыбындағы танымдық викторина, оқу орнының жұмыс бағыттарын көрсететін фотогалерея ұсынды. Содан соң қонақтарды қабылдау, орналастыру, қонақтың қонақүйден шығуы секілді қарапайым дағдыларды үйрететін «Қонақүй сервисі», карамель шамын пайдалана отырып, кондитерлік өнімдер дайындап көрсететін «Кондитерлік іс», жарма мен ұнтақталған тәттілер арқылы сурет салу өнеріне баулитын «Фэшн фуд», сүтті коктейльдер дайындау және дәм тату, майлықтарды бүктеу әдістерін тамашалауға мүмкіндік беретін «Мейрамхана сервисі» шеберлік сағаттары өткізілген.
Мұндай бейінді лагерьлер ауыл балаларын да қамтып отыр. Мәселен, Павлодар облысының Кемеңгер ауылында орын тепкен «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі 6–8 сынып оқитын 50 оқушыға жазғы лагерь ұйымдастырып отыр. «Лагерь аясында қатысушылар «Агрономия», «Ветеринария», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша 72 сағаттық қысқартылған тәжірибелік курстардан өтіп жатыр. Практикалық сабақтар барысында балалар гүл көшеттерін отырғызып, ауыл шаруашылығы техникасының құрылымын зерттеп, оқу тренажерлерінде машықтанып, жануарлар мен өсімдіктердің ауру түрлерін ажыратуды үйренеді. Сонымен қатар олар жолда жүру ережелері мен цифрлық қауіпсіздік негіздерін меңгеріп, фактчекинг дағдыларын да жетілдіріп жатыр. Бағдарлама соңында қатысушыларға алған білімі мен дағдылары жөнінде арнайы сертификаттар табысталмақ. Бұл өз кезегінде оқушыларға жұмысшы мамандықтарының қыр-сырын таныстырып, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға жол ашады», дейді «Ertis» колледжі директорының орынбасары Махамбет Аскарұлы.
Біреу білсе, біреу білмес, республикамызда жазда ғана емес, жыл бойы жұмыс істейтін лагерь де бар. «Жас дәурен» деп аталатын сондай лагерь Ақмола облысының Сандықтау ауылында орналасқан.
«Біздің лагерь 2023 жылы Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында ашылды. Жыл бойы жұмыс істеп балаларды қабылдау мүмкіншілігі бар, оқушылар демалыс кезеңдерінде лагерьге келіп тынығуына болады, сонымен қатар лагерьде түрлі аудандық, облыстық іс-шаралар өтеді, өйткені жататын, тамақ ішетін, жиын өткізетін орындар қамтамасыз етілген. 12 тәлімгер, 40-тан аса педагог маман жұмыс істейді. Лагерьде 1 ауысымда 99 бала демала алады», дейді «Жас дәурен» лагерінің директоры Арман Ғалымтайұлы.
Оның айтуынша, «Жас дәурен» лагеріндегі бірінші ауысымында шеберлік академиясы болған. Мұнда балалар тек демалып қана қоймай, өздерін дамытып, шығармашылықпен айналысып, тереңірек тани түсті: ағаш өңдеу сабақтарында жас шеберлер өз қолдарымен керемет бұйымдар жасады; спорттық секциялар қатысушылардың жігерін шыңдап, командамен жұмыс істеуді үйретті; би үйірмелерінде балалар музыка ырғағымен өздерін еркін көрсетіп, лагерьлік шоуға дайындалды; аэродизайн бойынша шеберлік сағаттарында әуе шарларымен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді; ал «Гармония» бөлмесінде ішкі тепе-теңдік пен жан тыныштығын табуға мүмкіндік болды. Мұның барлығы – жай ғана демалыс емес, балалардың есінде ұзаққа сақталатын құнды тәжірибе болуын көздейтін іс.
Қауіпсіздік бірінші орында
Жауапты министрлік дерегіне сүйенсек, осы жазда еліміз бойынша 10 мыңнан көп лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 17 жыл бойы жұмыс істейтін, 198 маусымдық сауықтыру орталығы және 10 мыңнан аса мектеп жанындағы лагерь бар. Балалар демалысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында сауықтыру нысандарына қойылатын талаптар алгоритмі әзірленіп, енгізілді. Бұл алгоритмде санитарлық-гигиеналық нормалар мен қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын кезең-кезеңімен қамтамасыз ету шаралары көзделген.
Ал жалпы жазғы каникулды ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктері тұрақты бақылауға алып отыр. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штаб және өңірлерде жергілікті штабтар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар санитарлық нормалар, тамақ қауіпсіздігі талаптары, сондай-ақ су айдындарында, орман алқаптарында және спорт нысандарындағы жүріс-тұрыс ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Сауықтыру орталықтарының бірыңғай тізілімі құрылды.
Жазғы каникул кезеңінде еліміз бойынша 20 жедел желі мен колл-орталық жұмыс істейді. Оған балалар лагерьлерін ұйымдастыру мен жұмысындағы бұзушылықтар анықталған жағдайда ауызша немесе жазбаша түрде өтініштер мен шағымдар жолдауға болады.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Қосымша білім беру басқармасының басшысы Асқар Советұлының бізге берген ақпаратына қарағанда, жаз бойы жедел желі мен колл-орталықтарына және тікелей білім басқармаларына әртүрлі өтініш түсіп жатады. Бүгінде көпбалалы ата-аналар тарапынан және аз қамтылған отбасылардың балаларын, ауыл балаларын лагерьге жіберу жайлы өтініш түсіп жатады. Өтініштерді министрлік жергілікті білім басқармаларымен жекелеген түрде шешуге атсалысады. Егер ата-аналар тарапынан лагерьлердің қызмет көрсету сапасына қатысты сын болған жағдайда жекелеген түрде санитарлық-эпидемиологиялық департаменті және білім саласының өкілдері аталған лагерьге шығып, арыз негізінде мән-жайды тексереді.
«Өңірлерде ведомствоаралық штаб жанында құрылған комиссия мүшелері лагерьлердің жазғы маусымға жалпы дайындығын тексереді. Осы жылдың жазында жұмыс бастауды жоспарлап отырған балалар сауықтыру орталықтарының тізбесі жасалды. Ведомствоаралық штаб құрамына білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық департаменті, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері кіреді. Сондай-ақ еліміздің барлық лагеріне жыл сайын санитарлық-эпидемиологиялық департаментімен тиісті қорытынды беріледі. Санитарлық-эпидемиологиялық рұқсаттама алмаған лагерьлердің жұмысына рұқсат берілмейді», дейді А.Советұлы.