• RUB:
    6.58
  • USD:
    517.45
  • EUR:
    598.59
Басты сайтқа өту
Құрылыс Бүгін, 08:25

Теміржол өткелі құрылысына бақылау қатаң

20 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында кө­лік кептелісін азайту мақсатында жол құ­ры­­лысы жобалары іске асып жатыр. Бұған дейін Қонаев пен Рыс­құ­лов, Бәйдібек би мен Ар­ғын­беков көшелерінің қиы­лысында жол айрықтары салынған еді.

Осындай ауқымды жоба шаһардың Еңбекші ауданы, Момынов көшесі бойындағы теміржол өткелінде де қолға алынды. Күрделі нысан­ды салуға құрылысшылар өткен жылдан бастап кіріскен. Жауапты сала өкілде­рінің айтуынша, мер­дігер компания құрылыс жұ­мыстарының 30%-ын орындап қойды. Инженерлік желілерді қайта орнату жұмысы то­лы­ғымен аяқталды. Өткелді биыл­ғы жылдың соңына қарай пай­далануға беру жоспарланып отыр. Жобаның нәтижесінде көлік кептелісі азайы­п, жол қозғалысы жақсара түседі.

Құрылыс барысын зерделеу, бақылау мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шым­кент қала­лық департаментінің еріктілері, «Жол активтері сапасының ұлт­тық орталығы» Шымкент қалалық филиалының мамандары мен қалалық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері бар. Еріктілер мен сала маман­дары тікелей нысан басына барып, құрылыстың қалай жүріп жатқанын өз көз­дерімен бақылады. Өткелдің сапасын құрылыс нормасына қатысты тексеріп, белгіленген талаптарға сәйкестігін мұқият зерделеді.

«Салынып жатқан нысанның темірбетон конструкциялары-ның сапасын тексеріп шықтық. Сонымен қатар жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алынып, олардың нормативтік талаптарға сәйкестігін анық­тадық. Жол құрылысы – ма­ңызды жоба. Күн сайын жүз­деген көлік өтетін өткел сапалы болуы шарт. Сапасыз са­лынған нысан ертеңгі күні мемлекетке қосымша шығын. Одан бірінші кезекте қарапайым көлік жүргізушілері зардап шегеді. Сондықтан жол құрылысы сапасына бақылауды қазірден күшейту керек», деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қала­лық филиалы сапа және мә­лі­меттік есеп бөлімінің басшысы Лұтфулла Кенжаев.

Жұмысшы топ көпір құры­лысында қолданылып жатқан материалдардың сапасына ерекше назар аударды. Сонымен қатар нысандағы құрылыс қар­қыны мен еңбек қауіпсіздігі шаралары қаншалықты сақ­талып жатқанын да саралады.

«Құрылыс жұмысының са­пасы мен белгіленген та­лап­тар­ға сәйкестігін қоғам болып назарға алу, бақылап-тексеру – ашықтықты қамтамасыз етудің, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың немесе қаупін азайтудың бірден-бір тетігі. Сыбайлас жемқорлық құрылыс саласында да көп. Соның салдарынан құрылыс сапасы нашарлайды. Оған бірінші себеп – сапасыз құрылыс материалдарын пай­далану, содан соң құрылыс жұмысының норма мен ережеге сай атқарылмауы. Қазірде Президент тапсырма­сымен елімізде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес кү­шейіп жатыр. Өткел сапасын ба­қылайтын жұ­мысшы топ құ­рудағы мақсат та осы. Сондықтан ерік­тілер мен мамандар нысан толық салынып біткенше құрылыс жұмыстарына тұрақ­ты мониторингті жал­ғас­тыра береді», деді зерделеу то­бының волонтері Жасмин Әшімова.

Зерделеу қорытындысы бо­йынша сарапшы топ нысан­дағы құрылыс сапасының бар­лық техникалық талаптарға сай екенін анықтаған. Яғни олар құры­лысқа «өте жақсы» деген баға беріп отыр.

Жаңа теміржол өткелі – қала­ның шығыс бөлігін орталықпен байланыстыратын, көлік қоз­ғалысын жеңілдетіп, жол-көлік кеп­те­лісін азайтатын ма­ңызды ин­фрақұрылымдық жоба. Өткелдің құрылыс жұ­мыстарына қалалық жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы да тұрақты бақылау жүргізеді. Мамандар құрылыстың әр­бір кезеңінің белгіленген талаптарға сай орындалуын мұқият қада­ғалап отыр. Жол құрылысы мен сапа­сына жауапты меке­менің дерек­теріне сүйенсек, биыл Шым­кент қаласында 342 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның 43,7 ша­қырымы қайта жаңғыртылып, 17,1 шақы­рымы күрделі жөндеуден өтеді. 323 көшеге орташа жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі. Ол шама­мен 201 шақырым жолды құ­райды.

 

ШЫМКЕНТ