Күні кешеге дейін интернет-дүкендер киім-кешек пен тұрмыстық техниканы жеткізумен ғана шектелетін. Енді бұл шеңбердің кеңейіп, онлайн сауда алаңдарының деңгейі мүлде жаңа сатыға көтеріліп отырғаны байқалады. Атап айтқанда, ТМД елдеріндегі ірі маркетплейстердің бірі – Wildberries жылжымайтын мүлік нарығына қадам баспақ. Яғни, енді интернет арқылы пәтер де сатып алуға болады, деп жазады Egemen.kz.
Бұл жөнінде аталған компанияның негізін қалаушы Татьяна Ким ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Wildberries екі бірдей құрылыс компаниясымен серіктестік орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл келісімдер нәтижесінде платформада тұрғын үй сатып алу-сату қызметін тестілік режимде іске қосу көзделген.
«Біз әрдайым тауар санаттарын кеңейтіп отырамыз. Қазірдің өзінде екі ірі құрылыс жобасымен әріптестік мәселесін талқылап жатырмыз. Жақын болашақта пәтер саудасын іске қосып көруді жоспарлап отырмыз», дейді Татьяна Ким.
Айта кету керек, бұған дейін де Wildberries платформасы қызмет аясын едәуір кеңейткен болатын. Мәселен, соңғы жылдары мұнда саяжай мен монша сату қызметі іске қосылып, 2024 жылдан бастап көлік бөлшектері де саудаланып келеді. Енді бұл қатарға жылжымайтын мүлік, яғни тұрғын үй де қосылмақ.
Жаңа функцияның нақты қай елдерде қолжетімді болатыны әзірге белгісіз. Алайда Wildberries-тің географиялық ауқымы жылдан жылға кеңейіп келе жатқаны байқалады: Ресей мен Қазақстаннан бөлек, компания Беларусь, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және Израиль елдерінде де қызмет көрсетіп келеді.
Биыл Алматыда Wildberries-тің логистикалық хабы ашылмақ. Бұдан бөлек, тағы бір ірі ресейлік маркетплейс – Ozon елімізде көлік-логистикалық орталық құруды жоспарлап отыр. Бұл үрдістер интернет-сауда саласының тек тұрмыстық тұтыну заттарымен шектеліп қалмай, ендігі жерде экономиканың жаңа бағыттарына ден қойып отырғанын аңғартады.
Сарапшылардың пайымдауынша, цифрлық сауданың ауқымды экожүйеге айналуы – нарық құрылымындағы елеулі өзгерістердің бастамасы ғана. Бұл жаңа бетбұрыс тұрғын үй нарығы мен құрылыс секторына да серпін беруі ықтимал.