• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 10:05

АҚШ-пен әріптестік нығаяды

20 рет
көрсетілді

Қазақстан мен АҚШ инвестициялық ынты­­­мақ­тастықты нығайтып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында Президенттің эконо­микалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды.

Сыртқы істер ми­нистр­­лігі баспасөз қыз­ме­­­тінің мәліметінше, жиынға америкалық транс­ұлт­тық корпорациялар, инвес­ти­ция­лық қорлар мен еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында инвестициялық серіктестіктің басым бағыт­тары, оның ішінде шикізаттық емес секторларды дамыту, орнықты өсу технологиялары, инфрақұрылым және өндірісті жергіліктендіру мәселелері талқыланған.

Жалпы, АҚШ – еліміздің экономикасына 62 млрд доллардан аса тікелей инвестиция салған ірі инвестор. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов АҚШ бизнесінің елімізге деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті: «АҚШ – біздің негізгі стратегиялық серіктесіміз. Бүгінде отандық нарықта ірі америкалық компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр және олардың қатарын кеңейтуге мүдделіміз. Біз тек капитал тартуға емес, бірлескен өндірістерді іске қосуға, озық технологияларды енгізуге және жаңа экспорттық тауарларды дамытуға ұмтыламыз. Осы кездесу жаңа жобаларға қо­сым­ша серпін береді деп сенеміз».

Сондай-ақ сапар аясында АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Қазақстан бойынша вице-президенті Дженнифер Милмен кездесу өтті. Тарап­тар Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік серіктестіктің қазіргі жай-күйін және қазақстандық-амери­калық іскерлік ке­ңес аясындағы өзара іс-қи­мыл­­ды кеңейту жолдарын талқылады. Әсіресе елі­міз­дің америкалық бизнес қауымдастығы арасында таны­малдылығын арттыру және нақты инвестициялық бас­тамаларды іске асыру мәселелеріне баса назар ауда­рылды.

Бұған қоса комитет басшысы «Jones Equity Fund», «Heeney Capital», «Honeywell», «IG Global», «Amazon Kuiper», «Jennmar» және басқа да компаниялар өкіл­де­рі­мен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Ел тарапы жоба­ларды толық сүйемелдеуге, соның ішінде әкімшілік қолдау көрсетуге, мемлекеттік қолдау шараларына және жергілікті серіктестерді іздеуге дайын екенін жеткізді.

 

Кәмшат ТӨЛЕГЕНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті