Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Астанаға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезелдже мырзамен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар дәнді-дақылдар экспорты мен аграрлық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің мәліметінше, 2024 жылғы қыркүйектен бері Қазақстан Иранға 960 мың тонна астық экспорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 есе көп. Алдағы уақытта бидай экспорты жылына 2 млн тоннаға, арпа экспорты 1 млн тоннаға дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Иранға жыл сайын 500 мың тоннаға дейін күнбағыс майы мен күнжара жеткізуге дайын. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында инвестициялық серіктестікті дамыту – екі ел үшін стратегиялық бағыттардың бірі.
«Біз Иранға дәнді және майлы дақылдарды экспорттауда жоғары әлеуетті көріп отырмыз. Тараптар сауда көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүдделі», деді министр Айдарбек Сапаров.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы аграрлық саладағы сауда көлемі 220,1 млн АҚШ долларын құраған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 33,2%-ға артқан. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 139%-ға өсіп, 151,1 млн долларға жеткен. Оның ішінде қазақстандық экспорт үш есеге артып, 116,7 млн долларды құраған.
Негізгі экспорттық тауарлар қатарына арпа, майлы дақылдар, өсімдік майы, жүгері, бұршақ тұқымдастар және ет өнімдері кіреді.
Иран тарапы Қазақстанмен ұзақмерзімді келісімшарттарға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, суару жүйелері, ветеринария, асыл тұқымды мал генетикасы бойынша технология алмасуға ниетті екендігін білдірді.
Кездесу нәтижесінде екі маңызды құжатқа қол қойылды:
1.Қазақстанның Астық одағы мен Иранның Азық-түлік өнеркәсібі қауымдастығы дәнді дақылдар мен мал азығы саудасын дамыту, ирандық порт инфрақұрылымын логистикада қолдану туралы уағдаласты.
2.«Теміртау Трейд» ЖШС мен ирандық серіктестер ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қатысты келісімге келді.
«Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін. Ауыл шаруашылығы саласы — екі ел арасындағы сауданы 3 млрд долларға дейін ұлғайтуда маңызды рөл атқарады», деп қорытындылады министр.
Екіжақты жұмыс тобы аясындағы ынтымақтастық жалғасатын болады. Оның алғашқы отырысы 2024 жылғы ақпанда Тегеранда өткен еді.