Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы мектептер құрылысын аралап, Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады, деп жазады Egemen.kz.
Ауданда жаңадан салынып жатқан мектептер, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы және Қарасу өзенінің жағалауын абаттандыру барысымен танысты. Осы орайда қала басшысы құрылыс компанияларына жол жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.
Кемел шағынауданындағы көшкін қаупі бар аумақты жөндеу жұмыстары қолға алынбақшы. Қазір ұзындығы 580 метр болатын тіреу қабырғаларын салу жобасы әзірленуде. Жұмыс тобыс сондай-ақ, Кемел шағынауданындағы Қарасу өзенінің жағалауын күрделі жөндеу жобасымен танысты. Жобаға балалар және спорт алаңдарын, амфитеатр, скейт-парк, беседкалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, арт-нысандар, жарық тіректері, автоматты суару жүйесі, габионмен жағалауды нығайту, бейнебақылау орнату және көгалдандыру кіреді. Жұмыстар осы айда басталып, келесі жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарлануда.
Биыл ауданда 26 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді, оның 15 шақырымы Кемел шағынауданында орналасқан.
«Бұрын да айтқанмын – барлық жол жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажет. Аудан әкімі тікелей бақылауға алуы керек», – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Жетісу ауданында 21 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Алайда халық санының өсуі мен белсенді құрылысқа байланысты 4 мыңнан астам оқушы орны жетіспейді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында әкімдік жобалық офисінің қолдауымен Бурундай көшесінде 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Сол аумақта мектеп салып жатқан мердігер компания 4 мың пәтерлік тұрғын үй кешенін де салып жатыр, оның 2,3 мыңын жұмысшы жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтуға арналған әлеуметтік бағдарламалар аясында әкімдік сатып алмақ. Осыны ескеріп, қала басшысы білім беру нысанының құрылысын барынша жеделдетуді талап етті.
«Егер мектепті уақытында тапсырмасаңыздар – біз әлеуметтік бағдарламалар үшін пәтер сатып алмаймыз. Ешқандай сөз болмайды, тапсырмасаңыздар – сатып алмаймыз», – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ, қала әкімі Айнабұлақ (Арбат) шағынауданындағы және Мақатаев көшесіндегі жаяу жүргінші жолдарын абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба аясында көгалдандыру, жарықтандыру, жаяу жүргінші жолдарын төсеу және шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған.
Айнабұлақ-1 шағынауданында қала басшысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аулаларды абаттандыру жұмыстарын тексерді. Бұл бағытта асфальт төселіп, резеңке жабын орнатылған, спорт алаңы жаңартылған, жарықтандыру, бейнекамералар мен шағын сәулет формалары қойылып, көгалдандыру жүргізілген.
Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды 1981 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан жылу желілерінің қайта жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Қала әкімі бұл жұмыстарды биыл тамызына дейін аяқтауды тапсырды.
Қазіргі кезде ауданда тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы іске асып жатыр. Крылов–Скрябин–Гончаров–Райымбек даңғылы көшелері аралығындағы аумақта 16 үй сүріліп, тұрғындар көшірілген, 9 үй салынып, тағы 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Боткин–Қазаков–Гончаров–Скрябин–Райымбек даңғылы аумағында 6 үй сүріліп, 3 үй салынған және тапсырылған, 8 үйдің құрылысы жүріп жатыр, олардың құрылысы 2027 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, жаңғырту бағдарламасынан тыс жеке инвестициялар аясында 10 ескі үй мен 11 жеке тұрғын үйді сүру жоспарланған. Алайда әкім 100 мың шаршы метр үй салынғанымен, бірде-бір мектеп, бірде-бір балабақша, бірде-бір емхана жоқ екенін ескертіп, алдағы уақытта қайта қарастыруды тапсырды.
АЛМАТЫ